Облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің өткен жылдың қорытындысы мен биыл жүзеге асырылатын міндеттерді саралаған алқа жиыны қала, аудан әкімдерінің, салалық аумақтық құрылымдар мен құқық қорғау органдары жетекшілерінің басын қосты.
Жиынды ашқан облыс әкімі К.Көкірекбаев: «Жалпы, 2015 жыл облыс үшін табысты жыл болды», деп Ұлы жеңістің – 70, ҚР Конституциясы мен Қазақстан халқы Ассамблеясының – 20, Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойларын жамбылдықтар да зор еңбек өрлеуі жағдайында атап өткеніне, өңірдің өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы салаларында тартымды табыстарға қол жеткізілгеніне, әсіресе, «Сыбаға», «Құлан», «Алтын асық», «Ырыс» несиелендіру бағдарламалары шаруашылық құрылымдарының мал басы едәуір көбеюіне септігін тигізгеніне қысқаша тоқталды. Кәрім Нәсбекұлы сондай-ақ, облыста «Тараз химиялық паркі», «Еурохим Тыңайтқыш» секілді іргелі кәсіпорындардың іске қосылып, жаңа жұмыс орындары көптеп ашылуына байланысты ендігі жерде салық түсімдері де арта түсуі қажет екендігін еске салып, қала, аудан әкімдеріне бұл мәселені тұрақты түрде қатаң бақылауда ұстауды тапсырды. «Салық – жаңа мектеп, балабақшалар тұрғызуға мүмкіндік береді, салықтан түскен қаржыға тұрғындарға ауыз су да жеткіземіз, жол да саламыз. Осының барлығы да халықтың игілігі үшін жасалуда» деген облыс басшысы сала қызметкерлерінің жаңа жылда да жемісті жұмыс істей беретіндеріне сенім білдірді. Қай мемлекеттің де дәулетіне сәулеті сай, халқының бақуатты болуы, әлеуеті артуы салықтар түсімінің аз, көптігіне де байланысты. Мемлекет қазынасының қомақты бөлігі осы алым-салық есебінен құралатыны белгілі. Өңіріміздегі бұл тұрғыдағы жұмыс қандай деңгейде? Бұл мәселе аталған департаменттің басшысы Асқар Тынысбековтің жылдық қорытынды есебінде кеңінен көрініс тапты. Оның айтуынша, департамент тарапынан мемлекеттік кірістер органдарына қойылған негізгі міндеттерге сай ауқымды жұмыстар атқарылған. Қол жеткен нәтижелер де жоқ емес. Есепті кезеңде мемлекеттік бюджетті орындау бойынша болжамдық жоспар – 60,2 миллиард теңге 112,6 пайызға орындалып, 7,6 миллиард теңге артығымен ел қазынасына құйылыпты. Жергілікті бюджеттің орындалу көрсеткіші де 6 миллиард теңгеге артқан. Ең бастысы, өткен жылы салық пен міндетті төлемдердің түсім көлемі бұрнағы жылмен салыстырғанда 3,1 миллиард теңгеге артық орындалып отыр. Салық және басқа да төлемдерді әкімшілендіру бағытында уәкілетті органдармен бірлесе жұмыс жасау өз жемісін беруде. Бұл әдіс кеден қызметіне де енгізілген. Осы істің сапасын көтеріп, әкімшілік кедергілерді түзеудің нәтижесінде кедендік рәсімдердің уақытын едәуір қысқартуға қол жеткізіліпті. Былтырғы қаңтар-желтоқсан аралығында тауарларды кедендік тазалау уақытының «таза» мерзімі импортқа – 1 сағат 48 минут, экспортқа – 41 минут болып есептелінген. 1018 сыртқы экономикалық қызметке қатысушы кедендік рәсімдерден өтіп, 6996 тауарларға арналған декларациялар босатылған. Экономикалық тергеу қызметі бағытында да едәуір іс тындырылып отыр. Бұл бағыт бойынша экономикалық және салықтық қылмыстар тергеліп, жалған кәсіпкерлік деректеріне қарсы ауқымды істер атқарылған. Шұғыл тергеу бөлімшелері Қазақстан Республикасының жаңа Қылмыстық кодексінің бұзылу деректері бойынша 762 қылмыстық істің сотқа дейінгі тергеу шараларын бастап кетті. Аяқталған қылмыстық істер бойынша мемлекетке келтірілген шығын көлемі – 4593,3 миллион теңге. Сотқа дейінгі тергеу кезінде 654,1 миллион теңгенің шығыны қайтарылған. Салада салық түсімін молайтудың қосымша көздері де іздестірілуде. Уәкілетті органдардан алынған мәліметтер сараптамасы мен салықтық есептілікті камеральды бақылау аясында жеке салық төлеушілердің – базар, мейрамхана, сауда үйлері иелерінің табыстарының толыққанды көрініс табуы мәселесі бойынша 100-ден астам хронометражды тексерулер өткізілуі соның бір айғағындай. Асқар Станиславұлы 2013-2015 жылдар аралығында салық төлеушілердің тауарлар мен қызметтерді мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру барысында түскен табыс сомалары бойынша сараптама жүргізудің де бюджет қоржынын толықтыруға едәуір септігін тигізгенін атап өтті. Мысалы, есепті кезеңде 245 салық төлеуші 50,3 миллион теңге сомасында қосымша декларацияларын ұсынған, оның 43,1 миллион теңгесі қазынаға құйылды. Сондай-ақ, мүлікті жалға беру бойынша алған табыстарынан салық төлеуге тарту мақсатында заңды тұлғалар – жалға алушылардың нысандарының көптеген мекен-жайлары анықталған. Былтыр олардың саны 163-ке жетіпті. Баяндамашы экономикалық тергеу қызметінің бағыты, оның ішінде «көлеңкелі экономика» құбылыстары бойынша анықталған құқық бұзушылық деректерін де атап өтті. Оның айтуынша, былтыр бұл тұрғыда 33 заңсыз ойын мекемесі, 1 жалған ақша жасайтын цех, жалған тиын шығару ісінің 43 дерегі анықталып, 15 қылмыстық іс сотқа жолданған. Бір контрафактілі өнімдер дайындайтын астыртын цех бары анықталып, техникалары тәркіленіпті. Департамент тарапынан көлеңкелі экономикаға қарсы пәрменді шаралардың бірі ретінде былтыр «Жамбыл облысы – жалған кәсіпкерліксіз» акциясы мәреден шыққан екен. Шараның мақсаты мұндай теріс құбылыстың әлеуметтік ықпалының салдары мемлекет үшін, қарапайым халық үшін ауыр болатыны жөнінде облыс тұрғындарын жан-жақты хабардар ету, көлеңкелі құбылыстарға қарсы бірлесе күресу, «Біз қоғамда жалған кәсіпкерлікке төзімсіздік ахуалын қалыптастырып, нәтижесінде осынау әлеуметтік қатерлі індеттің тамырына балта шабатын боламыз» деп атап көрсетті департамент басшысы. Есеп беру жиынында сонымен қатар, биылғы жылға арналған бағдарлар белгіленіп, міндеттер айқындалды. Сала қызметкерлері алдында республикалық және жергілікті бюджеттер табыстарының қосымша көздерін іздестіру жолымен жылдық жоспар үдесінен шығу міндеті тұр. Бұл үшін салық пен кедендік төлемдерді әкімшілендіру жөніндегі жұмысты күшейту, көлеңкелі экономикаға қарсы бірқатар ауқымды іс-шаралар ұйымдастыру қажет. Осы күні департаменттің адам ресурстары, ұйымдастыру-қаржылық басқармалар, кедендік және салықтық аумақтық құрылымдар жетекшілерінің де жылдық есептері тыңдалды.
Баймаханбет Ахмет, «Ақ жол».
Тараз қаласы.
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- 21 қараша, 2024
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді