«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Көрермен көңілін сергіткен сазгер

Көрермен көңілін сергіткен сазгер
ашық дереккөз
Көрермен көңілін сергіткен сазгер

Облыс орталығында мойынқұмдық ақын, сазгер Болатбек Әбішевтің «Қазағым» атты ән кеші өтті

Бұл күні Мойынқұмнан ескен майда самалмен бірге Тараз төріне сиқырлы саз ырғақтары да жеткендей күй кештік. Әуелеген әндердің әдемі әсері көпшіліктің көңіл көкжиегін көктетіп, жүректерін жалындай шарпи түсті. Әуезді әннің сазынан, мағыналы мәтінінен елге, жерге деген махаббатты сезінгендей болдық. Зал толы көрермен де оқтын-оқтын қол шапалақтап ризалық білдіріп отырды. Иә, облыстық қазақ драма театрында өткен мойынқұмдық ақын, сазгер Болатбек Әбішевтің «Қазағым» атты шығармашылық концерті тараздық тыңдармандарға тарту болды. Болатбек Әбішевтің шығармашылық жолына тоқталсақ. Ол 1949 жылы Бірлік ауылында (бұрынғы Көктерек) дүниеге келген. 1966 жылы мектептен соң Алматы ауыл шаруашылығы институтына оқуға түсіп, агроном-экономист мамандығын алып шығады. Алғашқы еңбек жолын №62 Бірлік кәсіптік училищеде тәрбиеші болып бастайды. Сондай-ақ Құмөзек ауылдық кеңесінің төрағасы, Хантау ауылында егістік бригадирі, «Ақбақай» тау-кен комбинатында қызмет еткен. Бүгінге дейін «Өмір-дария», «Өмір-өлең», «Қозғалтсаңшы, кеудемнің бір жартасын», «Шөкім бұлт» атты жыр жинақтарын жарыққа шығарған. Сазгерлігімен де жұрт ықыласына бөленіп жүрген оның қазіргі таңда қоржынында 70-тен аса әндері бар болса, оның біразы жергілікті әншілердің орындауында жүректерге жол тауып жүр.

...Автордың шығарма­шы­лығын кеңінен насихаттап, сол арқылы өскелең ұрпақты ұлтжандылыққа баулып, патриоттық тұрғыда тәрбиелеуге ықпал ету мақсатына негізделген аталмыш кеш барысы ақын, сазгер Болатбек Әбішевтің өнеріне көрсетілген құрмет екені анық. Шараның салтанатты ашылуында сөз алған облыс әкімдігі мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Мүбәрак Жинақбаева өнер иесінің қарым-қабілеті мен талантына тоқталып, шығарма­шылығының жемісті жылдарына ой жүгіртті. Кеш иесіне сый-сияпат жасап, мән-мазмұны терең әндер жазуына тілектес екендігін жеткізді. Әнмен өрілген кеш барысында автордың «Ақбақай», «Нұрекем», «Армандастар», «Іздедім сені» және «Алатау» әндері шырқалып, көрермендерді баурап, тұңғиық сезім әлеміне жетеледі. Кеш бойы Мойынқұм аудандық Мәдениет үйінің және өңірімізге белгілі әншілері автор шығармаларын нәшіне келтіре орындады.

Жанғазы АХМЕТ, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар