«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Көпке үлгі көп ұлтты мемлекетпіз

Көпке үлгі көп ұлтты мемлекетпіз
ашық дереккөз
Көпке үлгі көп ұлтты мемлекетпіз

Сабри Асанов, «Барбанг» этномәдени орталығының аудандағы өкілі.

Қазақстанды мекен еткен 130-дан астам өзге ұлт өкілдерінің арманы бір. Тілі басқа болса да, тілегі бір. Тұрақтылық пен бірлік сақталса, мемлекетіміздің әлемдегі дамыған отыз елдің қатарына енетініне сенеді. Себебі, ауызбіршілігі мықты елдің алмайтын асуы болмайды. Республикамыздағы әртүрлі этностардың мәдениеті мен салт-дәстүрінің, тілінің дамуына қажетті барлық жағдай жасалған. Жалпы, татулықты сақтау көп ұлтты Қазақстан үшін өте маңызды. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев ядролық қарудан бас тартып, дүниежүзіне бейбітшілік пен бірліктен асқан бақыт жоқ екенін дәлелдеді. Президентіміздің сарабдал саясатының арқасында тәуелсіздік алған жылдардан бері елімізде қаншама көз сүйсінер тірліктер мен қаншама айтулы жобалар жүзеге асырылды. Соның бірі – Ұлт Көшбасшысының «Мәңгілік Ел» стратегиялық идеясы. Бұл идеяның астарына үңілер болсақ, онда үлкен мән жатыр. Кезінде біздің ата-бабаларымыз қиын-қыстау кезеңге тап болып, тағдыр талайымен Қазақстанға жер аударылған. Жергілікті халық өзекке теппей, бауырмалдық танытты. Құшақ жая қарсы алып, бір үзім нанын бөлісті. Сол үшін де біз қазақ халқына шексіз ризамыз. Мұнда адамды түр-түске бөліп алалау жоқ. Баршамызға Қазақстанның азаматы ретінде тең құқық берілген. Бәрімізге де жоғары білім алып, лауазымды қызметке тұруға барынша жағдай жасалған. Облыста «Барбанг» түрік этномәдени орталығы құрылған. Мен аталған орталықтың аудандағы өкілімін. Сол секілді әрбір ұлттың мәдени орталықтары жер-жерде тұрақты жұмыс істейді. Өздерінің ұлттық дәстүрлері мен Қазақстан­дағы тұрақтылықты сақтауға, бірлік пен татулықты насихаттауға барынша күш салады. Яғни, біз көп ұлтты Қазақстанның мәдени жағынан жан-жақты дамуына өз үлесімізді қосамыз. Бір тудың астында күн кешіп отырған қазақстандықтарды Елбасының: «Бүгінде олар тегі басқа болғанымен теңдігі бір, қаны бөлек болғанымен жаны бір, арманы ортақ біртұтас халыққа айналды. Туған елдің туының астында бірігіп, туған жердің тұғырын биік етуге бел шеш-кен азаматтарды бір тағдыр күтеді. Осылай, елдігіміздің ертеңі ошақтың үш тағаны сияқты «бір халық – бір ел – бір тағдыр» деген үш сөзге сыйып тұр», – деген сөзі біріктіре түседі. Біздің мақсатымыз – ортақ Отанымыз Қазақстанда татулық пен тұрақтылықты берік орнықтыру, «Мәңгілік Ел» болу. Елде ынтымақ пен бірлік жарасым таппайынша, халқы біртұтас бола алмайды. Сол үшін біз жік-жікке бөлінбей, бірлігімізді сақтап, ел экономикасының қарышты дамуына өз үлесімізді үздіксіз қоса беруіміз қажет. Өйткені, біздің мемлекетіміз – ынтымағы жарасқан, бейбіт өмірді қалайтын ел ретінде өзгелерге үлгі. Мен сол үшін Қазақстанды жақсы көремін. Сол үшін қазақ халқына сыйластықпен қарап, олардың салт-дәстүрін, тілін, дінін құрметтеймін. Өйткені, біз бейбітшілік бесігінде тербелген Қазақстанда өмір сүріп жатырмыз.

Жамбыл ауданы.

Ұқсас жаңалықтар