400 миллион доллар

400  миллион доллар
ашық дереккөз
400 миллион доллар

«Фабрика ПОШ-Тараз» ЖШС Қытайдан осыншама инвестиция тартады

«Фабрика ПОШ-Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктеcтігі – облыста өтпелі кезең қиындықтарын еңсеріп, сақталып қалған және жұмысын қайта жандандырған кәсіпорынның бірі. Кәсіпорында мемлекет қолдауымен Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында өнімді өңдеу жолында елеулі шаралар қолға алынып, жүзеге асырылуда. Мұнда 2010 жылы Индустрияландыру картасына енгізілген топс өндіру жобасы жүзеге асырылды. Оның іске қосылу салтанатына Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қатысып, жұмыстарына сәттілік тіледі. «КазАгро несие корпорациясы» 

АҚ-нан несие алған серіктестік 2012 жылы жіп шығару цехын іске қосты.

Әйтсе де айналым қаржысының тапшылығынан шикізат сатып алуда үлкен қиындықтарды бастан кешірді. Әлемдік қаржы дағдарысына байланысты топс өткеруде де мәселелер туындады. Сондықтан да кәсіпорын жүн жуу, топс және жүн өндіруде толық қуатында жұмыс істей алмай келеді. Өткен жылы 500 тонна биязы жүн, осы мөлшерде қылшықты жүн жуған. Аз мөлшерде топс пен жіп өндірген. Зауытта 300 адам жұмыс істейді. Кәсіпорын басшылығы тығырықтан шығу жолдарын үздіксіз іздестіріп келеді. Таяуда «Фабрика ПОШ-Тараз» ЖШС-ның директоры, «Құрмет» орденінің иегері Болат Момышев Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешовпен бірге Қытай мемлекетіне барып, 400 миллион доллар инвестиция тартуға кәсіпорындармен келісімшартқа қол қойып келді. Инвестиция екі кезеңде тартылып, үстіміздегі жылы әуелі жіп шығаратын зауыттың құрылысы жүргізіледі. Оның құны – 200 миллион доллар. Кәсіпорын келесі жылы іске қосылуы тиіс. Ол толық қуатында жұмыс істегенде мың жұмыс орны ашылады. 2018 жылы мата тоқитын өндіріс салу қолға алынады. Оның құрылысы 2020 жылы бітуі тиіс. Оған 200 миллион доллар инвестиция тартылып, мың жұмыс орны құрылады. Қытайлық инвесторлар үстіміздегі жылдың наурыз айында келіп, зауыт салатын жерді көреді. – Қазір біз Тараз қалалық әкімдігінің мамандарымен бірге құрылыс жүргізетін 30 гектар жер іздестірудеміз. Оңтүстік Қазақстандағы Түркістан және Мақтарал кәсіпорындарымен 200 мың тонна мақта сатып алуға келісімшарт жасастық. Облыс тұрғындарынан қой қырқыны кезінде 2000 тоннадан астам биязы және қылшық жүн сатып алынады. Екі зауыт толық қуатында жұмыс істеген кезде жылына 200 мың тонна жіп және осы мөлшерде мата шығарады. Жергілікті бюджетке қомақты қаржы құйылады. Қытайлық бірлескен кәсіпорындар жұмсалған қаржыны 4-5 жылда қайтаруды көздеп отыр, – дейді Болат Момышев.

Ақылжан МАМЫТ, «Ақ жол».

Тараз қаласы.

Ұқсас жаңалықтар