Ән-жырымен құрметке бөленген

Ән-жырымен  құрметке бөленген
ашық дереккөз
Ән-жырымен құрметке бөленген

Қай кезде де ел арасында ерлікті жырлап, кейінгіге үлгі ететін терме, жыр айтушылар болған. Асыл сөздің маржаны мен терең ойдың тұнығын әуезді әуенмен жеткізе отырып, тыңдаушыны асқақ рухқа, адамгершілікке, тазалыққа, қайырым мен мейірім сияқты адами қасиеттерге тәрбиелеу – жыршы-термешілердің негізгі мақсаты. Өз өнерімен көпшіліктің көңілін тауып жүрген сондай жандардың бірі – ҚР Мәдениет қайраткері, Қазақ ұлттық әдет-ғұрып, салт-дәстүр академиясының профессоры, ақын, жыршы Бейбіт Шошабаев. 

Осыдан үш жыл бұрын ұлттың ұлы тұлғасы Д.Қонаевтың 100 жылдық мерейтойына ат салысқан он бір азаматқа «Дінмұхамед Қонаев» қорының төрағасы Кеңес Аухадиевтің ұсынысымен, Балқаш аудандық мәслихатының шешімімен «Балқаш ауданының Құрметті азаматы» атағы берілген еді. Бұл құрметке ие болған азаматтар қатарында жерлесіміз Бейбіт Шошабаев та болды. Ол осы мәртебеге тұлғаның мерейтойы қарсаңындағы негізгі шаралардың бірі ғылыми конференцияның шымылдығын тағылымды жыр шумақтарымен ашқаны үшін лайық деп табылған. Ал өткен жылы Алматы облысының Кербұлақ ауданының мәслихатының шешімімен «Кербұлақ ауданының Құрметті азаматы» атағын иеленген Бейбіт Шошабаев облысымыздан өзге өңірде де өнерімен көпшілікке қызмет етуден жалыққан емес. Ол аталмыш ауданның бұл марапатына сондай еңбегінің арқасында ие болғанын айтады. – Кербұлақ ауданының қырық жылдық мерейтойында беташар-арнау өлеңін орындадым. Ондағы «Сарыөзек» гвардиясының мерейтойының да шымылдығын мен аштым. Қонақтардың ықыласында шек болмады. Елдің азаматы болған соң әрбір орын алып жатқан саяси немесе мәдени оң бастамалардың бәріне өз үнімді, үлесімді қосып отыруды азаматтық парызым деп білемін. Осы тұрғыда айта кетейін, өткен жылы тойланған Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына арналған үгіт-насихат керуені құрамында болдым. Көреген Көшбасшымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Мәңгілік Ел» идеясын халық арасында насихаттап, оны тарату мақсатындағы іс-шараларға да белсене ат салыстым, – деген Бейбіт Шошабаев осындай маңызды жобаларда қазақтың ән-күй өнерін ту еткен өнер майталмандарымен бірге сахна бөліскенін мақтанышпен жеткізді. Ол ғана емес, өзінің айтуынша, аталмыш ауданның «Құрметті азаматы» атағын қазақ өнерінің ақтаңгерлері Ескендір Хасанғалиев, Нұрғали Нүсіпжановпен қатар алған екен. Бұның өзі қашаннан жырға әуес Бейбіттің бойындағы талабына қанат бітіріп, шабытын шалқыта түскен. Осы қуанышынан кейін өнер иесін өзі туған Меркі ауданының әкімі Бақтияр Көпбосынов қабылдап, ізгі лебізін білдіріпті. Бейбіт Шошабаевтың отыз жыл бойы осы өнер жолында еңбек етіп, ауданның атын өзге өңірлерде де асқақтатып жүрген жемісті жұмыстарын бағалады. Аудандық мәслихаттың шешімімен жуырда ғана оған «Меркі ауданының Құрметті азаматы» атағы берілді. Бұл аудан басшылығының ғана емес, меркіліктердің де өнерпазға деген ықыласы, ризашылық ниеті еді.

Жанғазы АХМЕТ, «Ақ жол».

Меркі ауданы.

Ұқсас жаңалықтар