Қызыл жұлдыз ауылының маңында «Rola-7» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрылғанына 8 жылға жуықтады. Әуелі мұнда бір ғана «Чабрец» жайма цехы жұмыс істеді. Бірақ, кәсіпорын басшысы Тұрсынбек Нұрбаевтың жоспарлары өте көп болатын. Арада екі жыл өткенде екінші жайма цехы ашылды. 2011 жылы құрғақ кеспе жасайтын үшінші цех өз жұмысын бастады. Бұл кезде мұнда жұмысшылар саны да арта түсті. 2012 жылы кәсіпорынға өнімдері халықаралық «Халал» стандарт талабына сай екендігін айғақтайтын арнайы куәлік берілді. Жұмыс дұрыс жолға қойылды. Кәсіпорынның сапалы өнімдеріне сұраныс ұлғайды.
«Rola-7» кәсіпорны тауар өндірушілер арасында «Қазақстан көшбасшысы – 2013» байқауының жеңімпазы атанды. 2014 жылы тауар өндірушілердің республикалық «Парыз» байқауында «Үздік ұжымдық келісім» аталымы бойынша жеңімпаз деп танылғаны – кәсіпорынның жүйелі жұмысының жемісі. «Парыз» байқауының дипломын ««Rola-7» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Т.Нұрбаев Елбасының қолынан алып қайтты. Бұл кәсіпорында Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің депутаттары да болып, жұмыс барысына, еңбеккерге деген құрметке көңілдері толған екен.
Бұл күнде «Rola-7» өнімдері Астана, Алматы қалаларына және бірнеше облыстарға жөнелтіледі. Үлкен сұранысқа ие. Мұнда макарон өнімінің 20 түрі шығарылады. Мұнда өндірілген өнім Ресей, Украина, Белоруссия елдеріндегі өнімдерден артық болмаса, кем емес. Кәсіпорында 18 автокөлік тұрақты жұмыс істеп тұр. Жұмысшылар мен кәсіпорын басшылығы арасында жасалған келісімшарт бар. Кейінгі жылдары жұмысшылар саны үш есеге ұлғайыпты. Мұнда еңбек етушілердің жалақылары да көңілден шығады. – Ең бастысы, 150 адамды жұмыспен қамтып отырмыз. Былтыр жайманың жылдам дайындалатын түрі бойынша тағы бір цех аштық. Соңғы жылдары жұмысшылардың жалақысын тағы 10 пайызға көбейттік. Мұның бәрі өңірдің экономикасының өркендеуіне септігін тигізетінін түсінеміз. Алдағы уақытта өнімдерімізді сырт елдерге де шығаруымыз мүмкін. Мұнда жұмысшыларымызға қажетті жағдайдың барлығы жасалған. Тәртіпті қадағалау, жұмыс белсенділігін назарда ұстау мақсатымен бейнебақылау қойылған. Ұжым еңбеккерлерінің жұмысы қашанда бағаланып отыр, – дейді кәсіпорын басшысы. Кәсіпорынның цехтарын аралап көрдік. Жұмысшылар еңбек көрігін қыздыруда. Олардың жүздерінен кәсіпорынның болашағына деген үлкен сенімді байқадық. Бұл жауапкершілігі шектеулі серіктестік жылына шамамен 9 -10 миллион теңге таза табыс тауып отыр. Істің көзін тапқанды табыс өзі іздеп келетініне тағы көзіміз жетті.
Есет ДОСАЛЫ, «Ақ жол». Байзақ ауданы.
Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.
Есет ДОСАЛЫ,«Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- 21 қараша, 2024
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді