Ақиық ақынды еске алды

Ақиық ақынды еске алды
ашық дереккөз
Ақиық ақынды еске алды

Қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаевтың туған күніне орай «Асыл Арман» ұлттық дәстүр мен өнерді қолдау қоғамдық бірлестігі мен ТарМПИ-дің «Жасын» әдеби-шығармашылық бірлестігі бірлесіп, ақиық ақынды еске алып, әдеби шара өткізді. Шарада Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын Қайырбек Асанов сөз сөйлеп, ақиық ақынмен сан мәрте жүздесіп сырласқанын, Мұқаңның болмысы бөлек, орны ерек ақын болғанын сөз етіп, оралмас шақтарды сағынышпен еске алды. ТарМПИ-дің қазақ филологиясы кафедрасының оқытушысы Сейсекүл Исматова ақынмен алғаш кездесуін әсерлі жеткізді. «Әдебиет теориясы пәнінен дәрісті Зейнолла Қабдолов оқитын, бір күні ол кісі Мұқаңмен кездесу өткізді. Бір кезде есік ашылып, ұзын бойлы, кең иықты, қыр мұрынды, аққұба, ұзын сұр плащ киген ер адам аудиторияға кірді де, өлең оқуды бастап кетті. Бір сабақ бойы оқыған шығар, әлден уақытта: – Сырым да осы, жырым да осы алдыңда, Байқашы бір, бықсыдым ба, жандым ба, Махаңдар жоқ, Махаңдардың сарқыты, Мұқағали Мақатаев бар мұнда, – деді де, плащінің етегін бір қайырып тастап, тез-тез басып аудиториядан шығып кетіп қалды, сол күннен бастап менің есімде аталмыш сәт ұмытылмастай сақталып қалды», – деді ол. Кеште Мақатаевтың «Атамекен», «Үш бақытым», «Поэзия», «Сәби болғым келеді», «Бақытыңды жырлайды», «Сенің көзің», «Жас қайың», «Күрең күз», «Мен деп ойла» секілді әндері шырқалды. Жас ақын Дидар Аббасов арнау жырын оқыды. Шоқан Уәлиханов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасының қызметкері Арай Әбиірбекқызы ұлы ақынның кітаптарына шолу жасады.

Айнұр СМАҒҰЛОВА, М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-дың студенті.

Ұқсас жаңалықтар