Облыс әкімінің орынбасары Абдалы Нұралиевтің қатысуымен өткен алқалы жиында облыс әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының 2015 жылы атқарған жұмысы қорытындыланды. Аталған басқарма басшысы Серік Қойбақов баяндамасында айтып өткендей, бүгінде орман қорының жалпы аумағы 4,4 миллион гектарды құрайды. Ормандарды қорғау, олардың қорын молайту және жаңадан орман өсіру шараларымен 14 орман шаруашылығы мекемесі және облыстық «Ормандарды қорғау жедел қызметі» айналысады.
Өткен жылы жергілікті бюджеттен бөлінген 703 миллион теңге толық игеріліпті. Орман тұқымбақтарын қалпына келтіруге және орман ағаштарының көшеттерін өсіруге 14,5 миллион теңге бөлініпті. Өткен жылы ерте көктемде орман қоры аумағына сексеуіл және тағы басқа орман көшеттері арқылы 1600 гектарға жаңадан орман ағаштары егіліпті. Жоспарға сәйкес Тараз қаласы мен аудандарда 1456 гектар аумаққа «жасыл белдеулерге» 1 миллион түп ағаш көшеттері отырғызылған. Есепті жыл ішінде орман алқаптарында 13 өрт оқиғасы болып, оның зардабы көлемі 2 мыңға жуық гектар алқапты қамтыған. Облыстағы 97 су айдындары балық шаруашылығы үшін заңды және жеке тұлғаларға бекітілген. 450 зиянкес жыртқыш аңдар жойылыпты. Бұл мақсатқа 4,5 миллион теңге жұмсалған. «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша темір жол құрылыстарын, «Тараз химиялық паркі» арнайы экономикалық аймақ құрылысын дамытуға қажетті жер қойнауын пайдалануға рұқсат берілді. Инвестиция тарту және облыстың минералдық шикізат қорын ұлғайту аясында өткен жылы барлау мен өндіруге жер қойнауын пайдалану құқын иемденуге арналған 31 нысан конкурсы өткізіліп, 10 нысан бойынша жеңімпаздар анықталыпты. Басқарма тарапынан сексеуілді заңсыз кесу, рұқсатсыз аң аулау жағдайы назарға алынып, үнемі бақылау жүргізілуде. Нәтижесінде өткен жылы сексеуілді заңсыз кесіп тасымалдаушылардан 183,3 текше метр отын тәркіленіп, заң бұзушы тұлғаларға тиісті көлемде айып салыныпты. 62 заңсыз аң аулау фактілері анықталып, ол бойынша да тиісті шаралар қолданылған. Өкінішке орай, «Қызыл кітапқа» енген өңірімізде жойылуға шақ тұрған аң түрлерін ату оқиғасы да көрініс тапқан. Келесі кезекте Жамбыл ауданы әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Аманәлі Құрбанов қожалықтарға баратын суға бөгет тұрғызылғандықтан «Ділдабай» каналынан балық аулаушыларға тыйым салу қажеттігі жөнінде өтінішін білдірді. Мойынқұм ауданы әкімінің орынбасары Бақытжан Қалымбетов өңір ормандарының бүгінгі жағдайына тоқталып, кейінгі жылдары 392 мың гектарға сексеуіл көшеттері отырғызылғанын айтты. Абдалы Тоқбергенұлы аумағын орман шаруашылығы алып жатқан Мойынқұм ауданында бірқатар шаруаның ақсап тұрғанын, «Балқаш–Мойынқұм» жобасына сметалық құжаттар жасалмағанын қозғап, мойынқұмдықтардың жұмысына сын айтты. Сондай-ақ, Меркі ауданы әкімінің орынбасары Мейірхан Өмірәлиев құмдағы көлдерді тазалау жөнінде ұсынысын білдірді. Облыстық аумақтық орман және аң шаруашылығы инспекциясының басшысы Қаржаубай Кемелов соңғы алты жылда облыста сексеуіл көшеттерінің себілуі 24 мың гектарға ұлғайғанымен, ол бәрібір төмен көрсеткіш екенін айтып, Шу ауданы аумағында былтыр өрт оқиғасының жиі орын алғанын алға тартты. Жиынды облыс әкімінің орынбасары Абдалы Тоқбергенұлы қорытындылап, басқарма басшысына бірқатар нақты тапсырмалар беріп, өткен жылғы жұмысын «қанағаттанарлық» деп бағалады.
Есет ДОСАЛЫ, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- 21 қараша, 2024
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді