«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Үздік... үшінші сынып оқушысы

Үздік... үшінші сынып оқушысы
ашық дереккөз
Үздік... үшінші сынып оқушысы

Алматыда қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаев атындағы халық­аралық қордың ұйым­дастыруымен VІІІ республикалық «Жырлайды жүрек» байқауы өтті. Осы байқауға «Көркем сөз» номинациясы бойынша облысымыздан Т.Рысқұлов ауданы Қызыл ту орта мектебінің 3-сынып оқушысы Асылбек Мейірқұл қатысып, бақ сынады. 

Ақынның «Фариза», «Поэзия» атты өлеңдерін нақышына келтіріп, мәнерлеп оқыған ол әділқазылар алқасынан ең жоғары 100 ұпайды иемденіп, өзгелерден оқ бойы озық шығып, жеңімпаз атанды. Айта кету керек, бұл байқауға еліміздің әр өңірінен бес жүзге жуық үміткер қатысса, оның 150-ге жуығы – 7-8 жас аралығындағы оқырмандар. Солардың қатарынан үздік шыққан Асылбектің бұл жеңісі ауданның ғана емес, облыстың да мерейін тасытып, өңір намысын биік деңгейде қорғады десек жарасар. Қазылар алқасының төрағасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, композитор Болат Дәлденбаев: «Асылбек, нағыз батыр екенсің! Мұқағалидың Фариза апаңа арнаған өлеңін өте жақсы оқып, оның образын көз алдымызға елестеттің. Үлкен азамат бол!» – деп, батасын беруі де соның айғағы. «Үкілеп қосқан үмітім ақталып, Асылбек байқауда бас жүлде алса, маған оны баулығаным үшін арнайы Алғыс хат табыс етілді. Бауыржан Момышұлы «Ұстаздық – ұлы құрмет. Себебі, болашақ ел ұстындарын ұстаздар тәрбиелейді. Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді» деген. Сондықтан да, мен өзімді осындай алғыр оқушылар тәрбиелеп отырғанымды мақтан тұтамын», – дейді аталмыш орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі, Асылбектің сынып жетекшісі Фарида Қоңқашова.

Жанғазы АХМЕТ, «Ақ жол».

Әбжапар ауылы, Т.Рысқұлов ауданы.

(Ақиық ақын М.Мақатаевтың 85 жылдығына арналған топтаманы 8-беттен оқисыздар).

Ұқсас жаңалықтар