Қазақстан халқы Ассамблеясы облыстық хатшылығының меңгерушісі Лариса Лысова аталмыш мерекенің жыл сайын дәстүрлі аталып өтілуінің өзі еліміздегі ұлтаралық татулықтың нық орныққандығын көрсететінін айтып, ұлттар мен ұлыстардың дәстүр-салтын сақтауға қолайлы жағдай жасап, баса көңіл бөліп отырған облыс басшысына ризашылық білдірді. «Корё» облыстық Корей Ассоциациясының президенті Лаврентий Кан бұл мерекенің корей ұлты үшін мән-маңызы ерекше екенін тілге тиек етіп, мейрамның шығу тарихына тоқталып, көптеген мәліметтермен бөлісті. Лаврентий Кан корей халқы жаңа жылды бір жылда екі рет қарсы алатынын айтады. Оның бірі – Григориан күнтізбесі бойынша болса, екіншісі ай күнтізбесі бойынша атап өтіледі екен. Ай күнтізбесі бойынша қарсы алатын жаңа жылды «Сольналь» деп атайтын көрінеді. Бұл мереке жасы үлкендерге құрмет көрсетуімен, қарттарға сәлем беріп, батасын алуымен ерекшеленеді. Ол шығыс күнтізбесі бойынша қаңтардың 21-нен ақпанның 21-і аралығында тойланады. – Бұл – корей халқы үшін көктем мерекесі. Яғни, жаңару мен гүлдену уақыты болып саналады. «Сольналь» мерекесінде жасалатын барлық ырымдар мен дәстүрлер келер жылы астық мол болсын деген ниеттен туындаған. Оған байланысты көне заманнан бері келе жатқан көптеген салт-дәстүрлер де бар. Мәселен, балалар ата-аналарын мерекемен құттықтайды. Бұл салт «себэ» деп аталады. Корей халқының дәстүрі бойынша, жастар әке-шешелеріне үш рет тағзым етеді. Үлкендер оларға сый ретінде жаңа жылдық «сыйлық ақша» ұсынып, «токтам» – даналық сөздерін айтады. Ғұрыпты орындарда, әдетте, ұлттық киім – ханбокты киеді, – дейді Лаврентий Кан. Мерекелік шара республикалық мемлекеттік корей музыкалық комедия театрының мерекелік концертіне ұласты. Онда ұлттық киімдер киген театр әртістері салт-дәстүрі мен өнерлерін паш ететін қойылымдар қойып, ырғақты музыканың сүйемелдеуімен би биледі. Корей әншілері қазақ әндерін де тамаша орындай алады екен. Мәселен, республикалық «Дала дауысы» радиофестивалінің лауреаты «Премиум» тобы халық әні «Назқоңырды» шырқаса, Ресей мемлекетінде өткен «Во имя добра» атты фестивальдің Гран-При иегері Роман Ким «Аяулы анашым» әнін әуелетті.
Наурызбек САРША, «Ақ жол».
Тараз.
Ұқсас жаңалықтар
Енді шақыртуға барған әр дәрігерде видео, аудио тіркегіш болады
- 2 желтоқсан, 2025
«Ауыл аманаты» жобасының арқасында мал басы көбейді
- 2 желтоқсан, 2025
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




