Ауыл шаруашылығында атқарылған іс көп

Ауыл шаруашылығында атқарылған іс көп
ашық дереккөз
Ауыл шаруашылығында атқарылған іс көп

Облыс әкімінің орынбасары Абдалы Нұралиевтің қатысуымен өткен алқалы жиында облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының 2015 жылғы атқарған жұмыстары қорытындыланды. Басқарма басшысы Нұржан Нұржігітовтің баяндамасында айтылғандай, өткен жылы агроөнеркәсіпті қолдауға барлық көздерден – 7,4 миллиард теңге бөлініп, өндірілген ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 172,3 миллиард теңгені құраған. Ауыл шаруашылығы дақылдарының егістік алқабы 587,9 мың гектарға жетіп, жылдағыдан көлемі едәуір артқан. Оның ішінде масақты дақылдардың әр гектарынан орташа өнім 16 центнерді құрап, 385 мың тонна астық бастырылыпты. 2014 жылмен салыстырғанда 182 мың тонна астық артық жиналған. Дәнді және дәнді бұршақты дақылдардан 466 мың тонна өнім жиналып, жылыжай көлемі де 32,8 гектарға жетіпті. Облысымызда өткен жылы алғаш рет 143 гектарға интенсивті алма бақ отырғызылса, бұл ретте Жамбыл (98 гектар), Меркі (40 гектар), Байзақ (5 гектар) аудандары көш басынан көрінген. Ал биылғы жылы облысымызда «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ облыстық филиалы арқылы алынған қаражатқа 150 гектарға интенсивті алма бақтарын отырғызу көзделіп, жылыжай көлемін 35 гектарға жеткізу жоспарлануда. Қордай ауданында «Грин Вилл» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Оңтүстік Корея инвесторларымен бірлесіп, құны 1 миллиард 620 миллион теңгені құрайтын өндірістік жылыжай құрылысын 4 гектарға орналастыру жұмыстарын бастап, өзге өңірлерге үлгі болып отыр. Нөлдік және минималды технология 2014 жылы 24 мың гектар алқапқа енгізілсе, өткен жылы көрсеткіш тағы 1 мың гектарға жоғарылапты. Су үнемдеу технологиясы 8,1 мың гектарға жетіп, 2014 жылмен салыстырғанда 63 пайызға ұлғайған (4,9 гектар болатын). Сондай-ақ, ауыл шаруашылық техникасын жаңарту жұмыстарында да жақсы нәтижелер бар. Өткен жылы 318 дана жаңа ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынған. 100 жаңа тракторды шаруашылықтар «ҚазАгроҚаржы» АҚ облыстық филиалы арқылы лизингке алуға қол жеткізіп отыр. Облыс бойынша мүйізді ірі қара малы -313,3 мың, қой мен ешкі – 2 миллион 406 мың, жылқы – 102,8 мың, түйе 5,6 мың басқа жетті. Өткен жылы аймақта 107,7 мың тонна ет, 292 мың тонна сүт өндіріліпті. 5271,4 тонна жүн өндіріліп, жұмыртқа өндіру 116,2 миллион данаға жетіп отыр. «Сыбаға» бағдарламасы арқылы өткен жылы 4077 аналық бас мал сатып алынып, жоспар 101 пайызға орындалған. Сондай-ақ, «Құлан» бағдарламасы арқылы 2317 бас жылқы, «Алтын асық» бағдарламасы арқылы 24918 бас асыл тұқымды қой сатып алыныпты. Бүгінгі күні облыста 18 мың басқа арналған мал бордақылау алаңдары бар. Оның ішінде 5 мың басқа арналған мал бордақылау алаңы 2015 жылы жүзеге асыпты. Малды асылдандыру жұмыстарын ұйымдастыруда «Асылдандыру – Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі дистрибьютерлік орталығының үлесі мол. Олар облыстағы 161 қолдан ұрықтандыру тіректерін қажеттіліктермен қамтып отыр. Ветеринарлық сала бойынша да ауыл шаруашылығы жануарларының ауруына қарсы вакцина егу жұмыстары мен бруцеллезге қарсы жұмыстар өз деңгейінде жүргізілген. Барлық аудандарда уақ малды кенеге қарсы тоғыту жұмыстары қолға алынып, бүгінгі күні өз нәтижесін көрсетуде. Сүт кластерін дамыту мақсатында Меркі ауданында құрамына 30 шаруашылық біріккен «Меркі өнімдері» ауыл шаруашылығы өндірісі кооперативі құрылыпты. Шу және Байзақ аудандарында сүт өңдейтін шағын цехтар жұмысын бастады. Сүт кластерін дамыту барлық өңірлерге қатысты болып отыр. Мұнан соң Меркі ауданы әкімінің орынбасары Мейірхан Өміралиев сөз алып, ауданда «Сыбаға» бағдарламасы – 117, «Құлан» бағдарламасы – 118, «Алтын асық» бағдарламасы 144 пайызға орындалғанын, 130 гектарға жаңадан жеміс бағы отырғызылғанын айтты. Сондай-ақ, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ облыстық филиалының директоры Өксікбай Оразымбетов былтыр 9 бағыт бойынша несие берілгенін, 559 тауар өндірушінің жұмысын несиелеуге 3 миллиард 726 миллион теңге қаражат жұмсалғанын айтты. Сондай-ақ, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ облыстық филиалы арқылы «Дипломмен ауылға» бағдарламасының аясында 174 жас маман баспаналы болыпты. Аталған ауыл шаруашылығынан бөлінген қаражатқа жобалары талапқа сай Жамбыл, Байзақ ауданының шаруашылықтары көбірек қол жеткізіпті. Бұл басқосуда мал шаруашылығына арналған бағдарламалардың орындалуы және жылыжай өсіруде артта қалып отырған Талас, Жуалы, Сарысу аудандарынан келген өкілдердің атына қатты сын айтылды. Жиында ауылдағы сиыр падасын асыл тұқымды бұқамен қамту жайы айтылды. Бұл жұмыс Меркі ауданында ғана орындалған. Сырт елдерге экспорттау мақсатында ет өндіру жұмысы да өз дәрежесінде емес. Қысқасы, ауыл шаруашылығы саласында жақсы жұмыстар бар, бірақ алдағы уақытта атқарылар шаруалар да аз емес. Жиынды облыс әкімінің орынбасары Абдалы Тоқбергенұлы қорытындылап, мал шаруашылығын дамытуға арналған бағдарламаларды тиімді пайдалануды ұйымдастыруды, биыл 9500 гектар алқапқа қант қызылшасын өсіруге дайындықты сапалы жүргізуді, шаруашылықтарды сапалы тұқыммен қамтуды, жылыжай жұмысын жандандыруды, тамшылатып және жаңбырлатып суару жүйесін дамытуды ауыл шаруашылығы басқармасына міндеттеп, басқарма басшысы Нұржан Нұржігітовтің жұмысын қанағаттанарлық деп бағалады.

Есет ДОСАЛЫ,  «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар