Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевтың басшылығымен өткен аппараттық кеңес отырысында су шаруашылығы нысандарының жай-күйі, су жеткізу желілері мен гидротехникалық қондырғылардың дайындығы, облыста орналасқан су қоймаларының жай-күйі қаралды.
Облыс әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Серік Қойбақов баяндама жасап, аталған мәселенің облыстағы жай-күйімен таныстырды. – Су шаруашылығы нысандарының жағдайын зерделеу тобы аудандарда болып, арнайы тексеру жүргізді. Белгілі болғанындай, барлық аудандар су тасқынына және селге қатысты іс-шараларға дайын емес. Қажет болғанда арнайы техника алатын шаруашылық субъектілерімен келісімдер жасалмаған. Жанар-жағармай қоры белгісіз. Кезекшілік және жауаптылар бойынша жобалар жоқ. Биыл каналдар мен су нысандарының ағымдағы жөндеу жұмыстарына қаржы бөлінбеген. Сондықтан, аудан әкімдіктері ауыл шаруашылық құрылымдарымен бірге су жүйелерін тазартуды қолға алуы керек. Жалпы, соңғы бес жылда 1,6 миллиард теңгеге облыстағы су нысандарының 68 пайызын құрайтын 246 су жүйесі жөнделді, – деген басқарма басшысы барлық каналдарды жедел мемлекет меншігіне өткізу және облыстағы барлық су шаруашылығы кәсіпорындарын «Жамбыл су қоймалары» базасындағы бір кәсіпорынға біріктіру керектігі туралы ұсынысын жеткізді. Айта кетейік, аймақта барлығы 117 су қоймасы болса, оның бесеуі – республикалық, жетеуі – жеке және 105-і – коммуналдық меншікте. Серік Мамыртайұлының берген мәліметіне сүйенсек, нақтылы кезеңде өңірде қар көшкіні болуы ықтимал аумақтар жоқ. «Қазселденқорғау» мекемесінің 8 бекеті және гидрометеорологиялық орталықтың 23 бекеті сел қаупінің алдын алу үшін күнделікті бақылау жүргізуде екен. Басқарма тарапынан жүргізілген алдын ала талдауларға сай сел қаупі бар 16 өзен белгіленіпті. Олар: Жуалыда – Ақсай, Таласта – Тамды, Т.Рысқұловта – Мақпал, Шөңгер, Көкдөнен, Қарақат, Қарақыстақ, Меркіде – Меркі, Аспара, Талды-бұлақ, Түзу-Сұрат, Молалы, Қордайда – Қарақоңыз, Ырғайты, Қалғұтты, Қақпатас өзендері. Бұл өзендердің бойында 31 елді мекенге қарасты 630 үй, бес шақырымды құрайтын автокөлік жолы мен темір жол бөгеттері, 10 шақырымдық электр желісі мен шаруашылық субъектілері тағы да басқа нысандар орналасқан. Осыған орай бұл аймақтарда бақылау күшейтілген. Жоғарыда атап өткеніміздей, облыс аумағында орналасқан үлкен бес канал – «Қазсушар» РМК Жамбыл филиалының қарауында, яғни республикалық меншікте. Аталған нысандарда, атап айтқанда, Шу өзені бойында орналасқан «Тасөткел» су қоймасында бүгінде – 299,1 миллион, Теріс өзенінің бойында орналасқан «Теріс-Ащыбұлақ» су қоймасында – 94,520 миллион, Қарақоңыз өзені бойындағы «Қарақоңыз» су қоймасында – 4,906 миллион, Қақпатас өзені бойындағы «Қақпатас» су қоймасында – 5,909 миллион, Шабақты өзені бойындағы «Ынталы» су қоймасында 25,37 миллион текше метр су жиналған. Бұл жөнінде «Қазсушар» РМК Жамбыл филиалы директорының орынбасары Берік Нұралиев баяндады. Ол сонымен қатар, өткен жылы облыстағы коммуналдық меншіктен «Қазсушар» балансына 21 канал қабылданғанын, қазірде 20 каналды республикалық меншікке қабылдау-өткізу жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты. Ал «Шу-Талас» бассейндік инспекциясының басшысы Жұмабек Мұхатов биылғы көктемгі суару кезеңіне дайындық барысы туралы ақпарат берді. «Облысымыз Талас және Шу мемлекетаралық өзендері арқылы жерүсті суының 80 пайызын Қырғыз Республикасынан алады. Суармалы кезеңде су тапшылығына байланысты Қордай, Меркі аудандарының шаруа қожалықтары Қырғыз Республикасы арқылы өтетін Шу өзенінен суды қажетті мөлшерде ала алмай, шығынға ұшырап, облыс экономикасына кері әсерін тигізуде. Қазақстанға «Киров» су қоймасынан төмен орналасқан «Байсу» және «Саза» каналдары арқылы бөлінген судан Қырғыз Республикасының артық су алғаны бірнеше рет анықталып, акт жасалынды» деген Жұмабек Сәдуақасұлы вегетация кезеңіне дейінгі орындалуы қажет жұмыстарды атап өтті. Олардың қатарында су қоймаларын қажетті деңгейге дейін толтырып алу, каналдарды коммуналдық меншіктен республикалық меншікке өткізу, каналдарды тазарту мен барлық бекеттерді аттестациядан өткізу секілді мәселелер бар. Жасалған баяндамалардан соң облыс әкімі су шаруашылығы саласындағы негізгі мәселелердің жай-күйін басқарма басшыларымен қатар, аудан әкімдерінен де сұрап, анықтады. Кездесіп отырған проблемаларды шешудің жолдарын нұсқап, нақты тапсырмалар берді. Мысалы, су тасқыны сынды төтенше жағдайдың алдын алу үшін арнайы топ құрып, барлық су қоймаларына жедел тексеру жұмыстарын жүргізу, алдағы суару науқанына әзірлік жасау үшін Қырғыз Республикасының тиісті басшыларымен арнайы кездесу ұйымдастыру, жеке және коммуналдық меншіктегі су желілерін мемлекет меншігіне алу, каналдар мен тоғандарды тазарту жұмыстарын ұйымдастыру шаралары. Ал берілген тапсырманың орындалуын талқылау үшін тура бір ай уақыттан соң тағы да арнайы отырыс өткізілетін болды.
Маржан РАҚАЙ, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- 21 қараша, 2024
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді