Скринингтік тексеру – дерттің алдын алудың тиімді тәсілі
- author «Ақ жол»
- 9 ақпан, 2016
- 325
Қазақстан Республикасында сүт безі, жатыр мойны және тоқ ішек қатерлі ісігі көп тараған. Облыста 2015 жылы бірінші рет 171 сүт безі қатерлі ісігі тіркелді (аурушаңдық қөрсеткіші 100,0 мың адамға шаққанда 15,5-ті құрады), оның ішінде I және II сатысында анықталғаны – 84,2 пайыз. Сонымен қатар, былтыр 88 жатыр мойыны қатерлі ісігі, 99 тоқ ішек қатерлі ісігі анықталды.
Бұл нені көрсетеді? Жалпы, обырды алғашқы сатысында анықтау дертті емдеудегі мүмкіндікті арттыратынын ескерсек, бұны тұрғындардың медициналық тексерулерден қашпай, аурудың алдын алуға деген ұмтылысы деп бағалауға болады. Екінші жағынан алғанда скринингтік тексерулердің нәтижесі десек, артық емес. Елімізде 2009 жылдан бастап сүт безі, жатыр мойны қатерлі ісігін ерте анықтау, 2011 жылдан бастап тоқ ішек қатерлі ісігін ерте анықтау мақсатында тегін скринингтік тексерулер жүргізіле бастағаны белгілі. Бұл жүйе тұрғындардың өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауына әсер етсе, дәрігерлер міндетін айқындай түскен еді. Сондықтан, қатерлі ісік ауруларын ерте анықтау және емдеу жұмысына баса назар аударылды. Негізі обыр ауруының алдын алу, обыр ауруына әкеліп соғатын ауруларды емдеу және дертті ерте I-II сатысында (негізінде обыр ауруы 4 сатыдан тұрады) анықтау, қатерлі ісікті толық емдеп шығуға мүмкіндік береді. Яғни, сырқаттың неғұрлым ертерек анықталуы онкологиялық қызметтің ең тиімді түрі болып саналады. Осыған байланысты облыстық онкология диспансері онкологиялық сақтық принциптерін енгізу үшін емхана дәрігерлеріне ұйымдастыру-әдістемелік және тәжірибелік көмектер көрсетуді қолға алуда. Атап айтқанда, обыр ауруын анықтаудағы алгоритмдік тексеруден өткізу, обыр ауруының алғашқы белгілері және оны тексеру жолдары туралы әдістемелік көмектер ұйымдастырылуда. Обыр ауруын алғашқы сатысында анықтаудың бір жолы – нысаналы топтағы тұрғындарды арнайы (скрининг топтарын) тексеруден өткізу. «2012-2016 жылдары Қазақстан республикасында онкологиялық көмекті дамыту туралы» бағдарламасына сәйкес, қазіргі таңда облыс бойынша сүт безі, жатыр мойны және тоқ ішектің қатерлі ісігін анықтау үшін скринингтік тексеру жұмыстары жалғастырылуда. Сүт безі қатерлі ісігі бойынша нысаналы топқа жатқызылатындар – 50, 52, 54, 56, 58, 60 жастағы әйелдер. Олар 50 жастан бастап әр екі жыл сайын маммографиялық тексеруден өтіп отыру керек. Өйткені, маммографиялық тексеру сүт безі қатерлі ісігін ерте анықтауға мүмкіндік береді. 2014 жылы облыс бойынша 22442 әйел тексеруден өткізіліп, тексеру барысында 27-сінің I -II сатысындағы қатерлі ісік ауруымен ауыратыны нақтыланып, емдеу жұмысы жүргізілген болатын. Былтыр скринингтік тексеруден өткендер саны 24860-қа жетіп, 22 әйелдің I -II сатыдағы обыр ауруымен, 1764-інің қатерлі ісік алды (предрак) науқасқа шалдыққаны анықталды. Жатыр мойны қатерлі ісігі бойынша нысаналы топтағы әйелдердің жасы 30, 35, 40, 45, 50, 55, 60 жасты құрайды. Жалпы, нәзік жандылар 30 жастан бастап әр 5 жыл сайын жергілікті жердегі емханаларда әйелдер тексеру кабинетінен цитологиялық тексеруден өтіп отыру керек. Облыста осы жұмысты жүйелі жолға қою арқылы 2014 жылы облыс бойынша 31268 әйел тексеруден өткізіліп, 17-інен I -II сатысындағы жатыр мойны қатерлі ісік анықталып, толық емдеу жұмыстары жүргізілді. Өткен жылы скринингтік тексеруге тартылғандар қатары 24860-қа жетті. Нәтижесінде 22 әйелден I -II обыр, 1082-сінен қатерлі ісік алды (предрак) аурулары анықталып, бақылауға алынды. Тоқ ішек қатерлі ісігі ауруы әйелдермен қатар, ерлер арасында да кең таралғаны белгілі. Сондықтан, нысаналы топқа 50, 52, 54, 56, 58, 60, 62, 64, 66, 68, 70 жастағы тұрғындар тегіс жатқызылады. Және бір есте сақтайтыны, әрбір азамат 50 жастан бастап әр екі жыл сайын нәжістегі жасырын қанды тексеруден өткізуі керек, бұл әдіс тоқ ішек қатерлі ісігін ерте анықтауға мүмкіндік береді. Алдыңғы жылы осы тәсілмен өңір бойынша 56103 адам тексеріліп, 21 тоқ ішегі қатерлі ісігі тіркелді. Оның 19-ы – I -II сатысында, 3-еуі III сатысында анықталған. Былтыр облыста 56103 адам тексеруден өтіп, 31-і дертке шалдыққаны белгілі болды. Олардың I сатысындағысы 4-еу, II сатысындағысы – 23, III сатысындағысы – 4-еу. Скринингтік тексеруден өтудің ешқандай зияны жоқ. Бұған халық түсіністікпен қарайды деп сенеміз. Себебі, ауруды алғашқы сатысында толық емдеуге болады. «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген сөз бекер айтылмаған. Әркім өз денсаулығына бейжай қарамауы тиіс, дәрігерге уақтылы қаралып тұрсақ, деніміз сау болары сөзсіз!
Кежехан Бекқұлиев, облыстық онкология диспансерінің скрининг жүргізу орталығының жетекшісі.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді