«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Бәсеке – кәсіпкерліктің дамуына жаңа сепін береді

Бәсеке – кәсіпкерліктің дамуына жаңа сепін береді
ашық дереккөз
Бәсеке – кәсіпкерліктің дамуына жаңа сепін береді

Мемлекет басшысының былтырғы қарашаның соңында «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты халыққа Жолдауында жекешелендіру экономиканы көтеретінін атап көрсетті. «Бүгінде тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз ету үшін ішкі ресурстарды барынша босатудың маңызы зор. Ол үшін біз екі тиімді құралды: кең ауқымды жекешелендіруді және бәсекелестікті ұлғайтуды пайдалануға тиіспіз» деп Үкіметке мемлекеттік меншіктегі ұйымдардың бәрін қоса отырып, жекешелендірудің жаңа бағдарламасын жасауды тапсырды. Елбасы тапсырмасын Үкімет жаңа жыл басында орындап, 2016-2020 жылдардағы жекешелендіру бағдарламасын қабылдады. Жалпы, облыс орталығында жекешелендірудің екінші толқыны қалай жүріп жатыр? 2014-2016 жылдарға арналған кешенді жоспарға сәйкес, облыс бойынша 27 нысанның 22-і, оның ішінде Тараз қаласы бойынша 6 ұйымның 4 нысаны жекешелендірілді. Нәтижесінде, облыстық бюджетке түскен 90,9 миллион теңгенің 6,4 миллион теңгесі қала бойынша түсіп отыр. Жекешелендіру Тараз қаласында Үкімет бекіткен 2016-2020 жылдарға арналған жекешелендірудің кешенді шаралар жоспары аясында ары қарай жалғасын таба береді. Елбасының Жолдауда атап көрсеткен: «Жекешелендіру әділетті нарықтық баға бойынша, ашық және бәсекелі жүзеге асырылу керек. Мұнда акцияларды қор нарықтарына орналастыру мен ашық аукциондар шешуші тетіктерге айналуы тиіс» деген тапсырмасын орындауға осы науқанның басы-қасында жүрген ірілі-ұсақты қызмет атқаратын барлық азаматтар жауапты. Жекешелендіру кәсіпкерліктің дамуы үшін мықты серпін болуы тиіс. Ол бәсекелестікке жол ашып, тұрғындарға көрсетілетін қызметтердің сапасын арттырып, олардың тұрмысын жақсартады. Сондықтан да Елбасы Жолдауында кәсіпкерлер мен іскер азаматтарға: «Мемлекет сіздердің бизнестеріңізді дамытып, аяққа нық тұруларыңызға барлық жағдайды жасады. Бүгінгідей сын сағаттарда сіздерге үлкен жауапкершілік артылады. Жекешелендірудің жаңа легіне белсенді қатысыңыздар, қаржыны заңдастырып, ашық жұмыс істеңіздер. Қуатты ел болу – бәсекеге қабілетті болу деген сөз...», – деді Елбасы «Ұлт жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» атты мақаласында да мемлекеттік меншікті жекешелендіру мен квазимемлекеттік сектор активтерін беру отандық кәсіпкерлікті, жеке бизнесті одан әрі нығайту мен дамыту үшін жүргізіліп отырғанын атап көрсетті. Сондықтан да тараздық кәсіпкерлер де бұл мүмкіндікті тиімді пайдаланып қалғаны абзал. Мүлікті жария ету мерзімі 2016 жылдың 31 желтоқсанына дейін ұзартылуы да маңызды науқан-жекешелендірудің ұйымшылдықпен өткізуге өз септігін тигізері сөзсіз. Қазір мүлікті жария ету мерзімінің жыл соңына дейін ұзартылғаны жөнінде бұқаралық ақпарат құралдарында мақалалар жарияланып, халық көп шоғырланатын жерлерде билбордтар, басқа да түрлі көрнекіліктер орнатылған. Осындай жан-жақты түсінік жұмыстарын жүргізудің нәтижесінде мүлікті жария ету бойынша 2016 жылдың 26 қаңтарына дейін Тараз қаласы бойынша 1503 жылжымайтын мүлікті жария етуге өтініш қабылданып, оның ішінде құжаттары толық болмауына байланысты 47 өтініш кері қайтарылды. Жалпы құны 12,7 миллиард теңгені құрайтын 1426 мүлік жария етілді.

Жеңіс ПӘРІМБЕКОВ, Тараз қалалық әкімдігінің қаржы басқармасының басшысы.

Ұқсас жаңалықтар