«Қазфосфат» жауапкершілігі шектелі серіктестігі жұмысшы мамандарды дуальді жүйе арқылы бірлесіп дайындау бойынша Тараз химия-технологиялық, Жамбыл политехникалық және Қаратау гуманитарлық-техникалық колледждерінің әлеуметтік серіктестері болып табылады. Соңғы үш жылда аталған кәсіпорында облыс колледждерінің 5080 білімгері өндірістік тәжірибеден, 45-і өндірістік оқыту шеберлері тағылымдамасынан өтіпті.
Соның ішінде Тараз химия-технологиялық колледжінің алдыңғы жылғы түлектерінің 25-і «Қазфосфат» ЖШС-на жұмысқа қабылданса, былтыр 13 бітіруші осы өндіріс орнына орналасыпты. Бүгінгі таңда 25 студент дуальді оқыту бойынша тәжірибеден өтіп жатса, өткен жылы бұл көрсеткіш 36-ға жеткен. Жалпы, колледжді осы күнге дейін бітірген шәкірттердің 83-і түрлі өндіріс орындарына тұрақты жұмысқа орналасыпты. Бұл кәсіпорын мен колледждердің бірлесіп, бірнеше мамандықтар бойынша жалпыға міндетті кәсіптік білім стандарттарын дайындауының жемісі болса керек. Сондай-ақ, былтырдан бастап «Қазфосфат» ЖШС дуальді оқыту аясында техникалық және кәсіптік білім берудегі ұзақмерзімді әріптестікті қалыптастыру, дамыту, нығайту, кадр даярлаудың сапасын арттыру мақсатында Тараз химия-технологиялық колледжін корпаративтік басқаруға қатыстыра бастаған. Химия зауытының қызметкерлері де оқу жоспарлары мен бағдарламаларын әзірлеу бойынша жұмысшы топ құрамына еніп, педагогикалық, қамқоршылық кеңестерінің мүшелігіне қабылданған. Сонымен қатар, химиялық сараптама зертханашысы, дәнекерлеуші, бақылау-өлшеу аппараттарының слесарі секілді мамандарды бірлесіп даярлауды қолға алыпты. Өңірдегі жұмысшы мамандарды даярлау ісіне «Қазфосфаттың» белсене қатысуына ықпал етіп, кадр мәселесіне баса мән беретін серіктестіктің бас директоры Мұқаш Ескендіровке жақында «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы берілгені баршаға мәлім. Бұл – мемлекеттің өркендеуіне зор үлес қосу мен еңбектің еленгенінің үлкен белгісі. Еңбек адамына құрмет көрсету мен оны жастарға тағылым етудің бір көрінісі Тараз химия-технология колледжінде алға тартылды. Онда аталған колледждің білімгерлері мен облыстың білім саласы қызметкерлері Мұқаш Зұлқарнайұлымен кездесіп, студенттерге еркін әңгімелесу мен пікірлесудің сәті түсті. Облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Сұлушаш Құрманбекова қатысқан келелі кездесуде М.Ескендіровтің еңбек жолына арналған «Соль земли – Человек труда» атты қысқаметражды деректі фильмнің тұсауы кесілді. Шара барысында колледж түлегі, «Қазфосфат» ЖШС Минералдық тыңайтқыштар зауытының технологиялық процестерді басқарудың автоматтандырылған жүйелері қызметінің жетекшісі Александр Глебенкин М.Ескендіровті үлгі тұтатынын айтса, колледждің электромонтёр мамандығы бойынша бірінші курс студенті Самат Дүйсенқұлов Мұқаш Зұлқарнайұлымен кездесу өзіне үлкен ой салғанын, «Еңбек ер атандырады» деген мақалдың астарын осы кездесу барысында ұққанын, өзінің де кейін еңбек арқылы елге танылып, Қазақстанның дамуына үлес қосқысы келетінін жеткізді. – Еңбек адамы екенмін деп өз ісіңмен ғана айналыспай, жастарға еңбекте табысқа жетудің жолы мен адал еңбектің арқасында биік шыңдарды бағындыруға болатынын, береке еңбекте екенін насихаттау – бәрімізге парыз. Бүгінгі кездесудегі мақсатым – көпке үлгі адамдардың өмір жолынан жастар тәлім алса, олар мемлекетіміздің гүлденуіне үлес қосса деген ниет. Бұл тұрғыда мен елім деп еміренер жастардың қатары көп екеніне сенімдімін. Сондай-ақ, жұмысшы мамандықтардың дәрежесін көтеруге ықпалын тигізер осындай келелі кездесуді ұйымдастырған облыстық білім басқармасына алғысымды білдіремін,– деді Мұқаш Ескендіров.
Нұрым, Сырғабаев, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- 21 қараша, 2024
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді