(рубаяттар)
Арғынбай БЕКБОСЫН.
Аққан судай, соққан желдей өтіп жатыр бұл өмір, Кейде ұқсаса гүл бағына, кейде тақыр, тұл өңір. Ләззаты да, азабы да араласқан бір ақымақ дүние!.. Амал қайсы?! Жылама тек, бәріне де күле біл.
* * *
Көптен бері көрінбеген ашылыпты көк аспан... Сұлулықтың сұлтаны емес демей көргін оны асқан! Сипаттауға тіл дәрменсіз күмбез сыйлап ғажайып, Ұлы Алла жарылқапты-ау адамзатты о бастан.
* * *
– Махаббаттың оты кейде соғыс отын жалмаған, Сол отпенен бітім болып, талай елдер қалды аман! – Махаббатты қастерлейтін қанша адам бар бұл күні? Махаббаттан туған Мәжнүн шақырады күлкіні...
* * *
– Түсіме бір қырмызы қыз енеді... Бірақ тез-тез көрініс... күзеледі. – Жүректе ғой мәселе... жүректе ғой, Ол шын сүйсе түсің де түзеледі!
* * *
– Адам Ата, Хауа Ана жүректері, Жамандықта деймісің дір етпеді?! Дірілдетпе жүректі, ей, шырағым, Осы – басты өзіңе тілек тегі!
* * *
«Көңілін сұрап келдім, – дейсің, – ағаның», Інілердің ішінде сен жарадың!.. Фәни-бақи шекарасын жағалап, Біраз жерге барып қайттым, қарағым...
* * *
– Рубасы болған ғой баяғыда, Тірілтуге оны әкеп таяды да! Содан қорған жасамақ ісіне арам... – Дауа жоқ қой бұл елдің аярына!
* * *
– Шынды сыйлап, иетін заңға басын, Көріп едім қазақтың сан данасын. Сен, әрине, жатпайсың ол қатарға... Мүмкін содан шындыққа шамданасың?
* * *
Қызығына түскем жоқ қызарғанның, «Отызда орда, – демеймін, – бұза алғанмын». Ақ жүріп кеп ендігі тілейтінім: Сүрінбесем сынынан бұ Жалғанның...
* * *
«Қандай заман бұ заман?!» десек тулап, Азынан ба адамның кесек турап, Шынды айтатын?.. Ал олар басым болса, Қалмас па еді өтірік, өсек қурап!..
* * *
Жолды кескен адалдық деген құлға, Жеткізеді жебірлік «енеңді ұрға»! Ал оныңнан не тынды?.. Ауырды жан... Жан керек пе?.. О, онда ерен қылма.
* * *
– Жатқанменен қазына – халқымда сыр, Даңғой емес, демейді «даңқымды асыр!» Періштедей пейлі үшін бұл «21», Қазағыма болсыншы алтын ғасыр!
* * *
– Толқын-толқын сезімдер үдемелі, Серпініне дес бермес жүрек еді. Жалынында жанды да махаббаттың, Болды енді... махаббат мүгедегі!
* * *
– Абыржытты мінезің мені мүлде: Сөзің көп қой былғаныш! Желігің бе?.. Кімнің іші қайнамас кей кездері, Бөстекіні... ұста-ұста ерніңде!..
* * *
– Қадірлім, шығып тұр ғой дұрыс атың, Ризамын! Сұхбаттастық ұғыса тым. Осылай болсын ләйім кез келгенше, Бізге де бұл фәниден ығысатын... * * *
– Бүліндің осыншама несіне бұл?!. Алсаңшы өткеніңді есіңе бір: өзің де жас болғансың, ей, пірәдар!.. Жастықтың албырттығын кешіре біл.
* * *
– Ең бір күйкі кез екен күйіп-піскен, Ең тозақ кез – шығармау күйікті іштен. Сен де бұған, ей, досым, келісерсің: ең жақсы кез – болғаның сүйікті іспен.
* * *
– Жұртымның жатсын десең бағы жанып, Жол төсе, зауыт та сал, ағыз арық... Зілтемір көтерген де алып шығар, Көтерген халық жүгін – нағыз алып!
* * *
Тазыдай қуып тыққан түлкіні інге, Уақыттың бізді қуған дүркірінде, Алқынған күйде күнде ойлап кетем, Із-түзсіз өтпесе деп бір күнім де!
* * *
– Заманның қарағыштап қас-қабағын, Осы мен неменеге жасқанамын?.. Жасқану емес шығар жөнге құлау?.. Жат болған бейбастыққа жастан арым.
* * *
– Зар қақтырған ауыл мен ел кенттерін, Атап берші қу заман перзенттерін? – Заман емес жебірді құлқын туған, Туа салып адалдық ғұрпын қуған!
* * *
– Жиғанның материалдық құндылықтар, Алдында жалпаң қағар құл ғұрып бар! – Рухты жіберді ғой нарық сыз ғып, Дегенмен мұның бәрі... парықсыздық!
* * *
– Жақсыңды да бұзатын, барыңды аз ғып, Жауыздықтың үлкені – жағымпаздық! – Зияны үшін қоғамға, өрелі іске, Жазу керек Қылмыстық кодекске.
* * *
– «Атақ алсам бөленем құрметке де!..» – деп ұмтылды бос кеуде үркөппе де. – Ау, оныңа елдегі естің не дер?.. Жарлықпенен бермейді ешкім бедел.
* * *
Өтіріктен дана да, әңгүдік те, Айта берсе қалады-ау мәңгіріп те... Әй, бірақ та бәрінің соңы бар ғой, Өршіп тұрмас өтірік мәңгілікке!
* * *
– Қорлаған жоқтай сенің еш керегің, Жақының жан тапсырса не істер едің? – Әрине кек алуға кеш дер едім, Берерін Құдай жаза ескеремін.
* * *
– Қыста бос түс көп кіреді дейтінді, Ескерсем де мұңды жүзің кей түнгі мұңайтты ой күні бойы... Түсте де көрсем екен шат көңілді кейпіңді!..
* * *
Небір асыл өткен алтын қияқты, «Аңыз-адам» деген атақ-сый апты. Ал мен үшін тоғызымда көз жазған, Нағыз аңыз әкетайым сияқты...
* * *
Жексұрындық көбейіп сала-сала, Неге адамдар боп кетті арасы ала? Сезім жалған, сөз жалған... Неге? Әлде бұ Жалғанға жалғандық жараса ма?
* * *
– «Бастауы жоқ, соңы жоқ...» Бұл ұғымың, Тек Аллаға тәндіктен ұлы ғылым. Ал өлмейтін болса адам өсірер-ау, Жердің шарын жоқ қылар зұлым ұлын! * * *
Риза етіп әбден-ақ елді ісіне, Егделікке ер салған ер кісіге елестейді қайнаған қан базары... Жас дәуреннің күлімкөз белгісі де...
* * *
– Өткен ғасыр, 20-мен таңбаланған, Алғыс ал өзің туған жан балаңнан!.. Тек, әттең, атам-анам, бауырларым, Мәңгіге құшағыңда қалғаны арман...
* * *
Тарихында махаббат өзге, дара: Ләйлі, Баян, Жульетта, Дездемона!.. Аруларды аялап қалды асыл жыр, Басқасына Баяннан сөз де мола...
* * *
– Фәниде тозақ та бар, жұмақ та бар, Әркімдер әрбіріне «ұнап» қалар. Тек заңы махаббаттың басқашарақ: Шын ғашық екеуіне бір-ақ барар!
* * *
– Баян да, Қыз Жібек те... бәрі келіп, Сен болып, сенің сұлу әріңе еніп, Қысқан-ды жас кеудені тулап жүрек... Сол сезім мәңгілік пе?.. Әлі берік!..
* * *
Таза жүрек білмейтін жалғандықты, Дәл өзіндей жүректі арман ғыпты... Ал бергені Тағдырдың – қуыс кеуде! Қасіреттің қақпаны алдан күтті...
* * *
– Басына шауып жатсын қан талайғы, «Уһ!» деп бір орынтақты қалқалайды!.. – Бір ішкен мансапқорлық сиқырлы уы, Жеткенше басы жерге тарқамайды.
* * *
– Айналаң өңшең жарлы жарымаған!.. – Немене, қол жайып па бәрі маған?! Жаймайды!.. Еске ал бүйтіп бөлеріңде, «Байлық – мұз» деген сөзін Төленің де!
* * *
Адасу мен бейопа ынтызарлық, Еске түссе жүз жанып, тым қызардық... Соның өзін сағыныш етіп Өмір, Жастық шақтан қойғаны-ай бір күн зар ғып!
* * *
– Қайран, біздің ауылдың аталары! Ел көркейді қабыл боп баталары. Жұмеке, Әби, Суханбай, Бекбосындар, Ғасырларға сапарлап жатар әлі...
* * *
– Жер адамға ең жақсы, оңды мекен! – Ойлады ма ол: қоқысқа толды, не етем?.. Былғауменен келе ме жөргегіндей, Әлде таза тұрған кез болды ма екен?
* * *
Өмір дейтін өзенді қалап алып, Менің титтей жүрегім барады ағып. Кей толқындар баладай еркелетсе, Кейбірінен жылайды жараланып...
* * *
– Демеймін басыңдағы бағың тайсын, Қалтада қалың дәулет барың қайсың?.. Қолың соз қиналғанға!.. Онда оны емес, Алдымен өз жаныңды жарылқайсың!..
* * *
– Тағы да бір жыл кетті жылыстаған, Құрықтап бұл шіркінді кім ұстаған... Өкінбе: келіп тұр ғой және бірі, Мүмкін сол жазар жанды құрыстаған.
* * *
Қара суық. Қыр домбық көнек бетті, Зар илейді көргендей терек тепкі... Мына ұсқынсыз өңірден безгені ме, Сұр бұлт желге жүк артып жөнеп кетті...
* * *
– Аулақ жүр бәрінен де мүлде, мейлі, Бәрібір алаңдайсың: «Кім не дейді?..» О, шіркін, елсіз дала, тау-тас, тоғай!.. Сені олар аялайды, күндемейді.
* * *
– Бір ой туды, әзизім, бүгін менде: Таң әдемі түстен де, іңірден де! Жан нұрланып кетпей ме таңдай болып, Қуаныштан бір белгі білінгенде...
Тараз қаласы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді