Жыл бойы жеміс жеймін десеңіз

Жыл бойы жеміс жеймін десеңіз
ашық дереккөз
Жыл бойы жеміс жеймін десеңіз

Шағын және орта бизнестің түрі көп. Өндірістік үлес тұрғысынан алғанда біздің алар межеміз әлі алда. Себебі, киетін киіміміз, күнделікті тұрмыста тұтынатын техникамыз, тағамымыз, тіпті ұсақ-түйек заттарға дейін шетелдерден келеді. Қыстыгүні сауда сөрелерін Қытай мен Өзбекстанның қызанақ, қияры басып қалатынын білеміз. Өзіміздің өнім қайда? Күннің суығында көкөніс өсіру тәсілі қазақстандықтар үшін таңсық емес. Бізде де жылдан-жылға жылыжай ісін дамытуға деген құлшыныс артуда. 

Жылыжай бизнесі – біле білген адамға көл-көсір табыстың өзі. Біздің қалталы кәсіп­керлеріміз бизнес десе көз алдына тек мейрам­хана мен кафелерді ғана елестететін сияқты. Тас лақтырсаң мейрамхана, жанармай бекеті, шаштараз, дүкен, дәмхана сияқты нысандарға тиеді. Ал жылыжай құрылысы жөнінде жақ ашып жүргендері аз. Мысалы, ауданда бар болғаны 5 жылыжай бар екен. Бұған да шүкір. Бірақ бұл кәсіпті бастағандардың бүгінде бөркі аспанда тұр. Мәселен, жеке кәсіпкер Әділхан Тәжиевтің тіршілігін талдап көрейікші. Жеке кәсіпкер «Баптай білсе, жер жомарт» екенін жақсы біледі. Жаңажол елді мекенінде егін шаруашылығымен айналысқан. Бұл тірліктің қыр-сырына әкесі де бағыт-бағдар беріп отырады. Ал жылыжайды 2014 жылы ашқан. «Бұл бастамаға Байзақ ауданында өткен ауыл шаруашылығы жиыны түрткі болды. Аталған аудан алғашқылардың бірі болып жылыжай бизнесіне бет бұрыпты. Бастапқы шығыны мен табысын таразылап көрсек, өнімді тірлік екен», – дейді кәсіпкер. Далада жайқалып өсетін егінге қарағанда жылыжай ішінде өсімдікті өміршең ету қиындау екені даусыз. Оның өзіндік технологиясы болады. Қияр өсірудің қиындығы жапырағының қылтиып шыққан бастапқы кезінде ғана. Сабағы күш алып бой көтерген соң, әр түпке үңіліп жүруді қажет етпейді. Уақытында дәрілеп, іштегі температураны бірқалыпта ұстасаң, жемісін молынан жейтінің кәміл. Тамыры тамшыдан нәр алатын өсімдіктің бір түбі 5-10 келіге дейін өнім береді. Қазір онда қиярдың «Уран», «Миренга», «Седриг» сынды сұрыптары өсірілуде.

Жақын күндері жылыжайға бас сұққанымызда, бір бөлігінің өнімі түгел жиналып, екінші қайтара көшет отырғызылып жатыр екен. Кәсіпкердің көңіл күйі көтеріңкі. Бұл жұмыстың жемісті болғандығын білдіреді. Оны Әділханның өзі де растап отыр. «Биылғы өнім көлемі былтырғыға қарағанда едәуір артты. Себебі, біз бұл көшеттің күтімін қалай жасау керегін түсініп қалдық. Қазір жылыжайдың бір бөлігінің өзі 4 тонна өнім берді», – дейді ол. Кейіннен қосылған екінші бөліктің аумағы үлкендеу. Ондағы көшеттер енді күш ала бастапты. Байқағанымыздай, жылыжайдан араға екі ай салып жылына екі мәрте өнім алуға болады екен. 

Ауданда жылыжай ашуды «Бектібай» шаруа қожалығы бірінші қолға алған екен. Ізін суытпай «Сәлима» жеке кәсіпкерлігі де жылыжай салады. Бастапқыда олар бар-жоғы 4 сотық жерді пайдаға асырса, келер жылы 20 сотық аумаққа «жаз орнатады». Бүгінде «Сәлима» жылыжайында 5 адам жұмыс істейді. Кәсіпкердің өнімі негізінен ауданның орталық базарына өткеріледі. Сырттыкіне қарағанда сұраныс жоғары. Бағасы базар нарқына сәйкес, әр келісі 500-600 теңге аралығында өткеріледі. Кез-келген кәсіпкер қолға алуға тәуекел ете бермейтін бұл бизнеске мемлекет тарапынан қолдау да қажет. Алғаш ашылған жылы «Сәлимаға» субсидия беріліпті, бірақ 2015 жылы берілуі тиіс екінші жылыжайдағы өсімдіктің 600 мың теңге субсидиясына әзірге қол жеткізу қиынға соғып тұрған сияқты. Дегенмен, бұнымен оның салы суға кетіп отырған жоқ. Жоспарлары жетерлік. Жылыжайдың аумағын кеңейтіп, өнімділікті арттырмақ. Сондай-ақ, оның қасынан сыйымдылығы 4000 тонналық көкөніс сақтайтын қойманың құрылысын биыл бастауды көздеуде. Елімізде гүл өсіру кәсібін дамыту мәселесі жиі көтеріліп жүр. Тетігін тапсаң, бұл өте табысты тірлік екендігін түсінетін «Сәлиманың» жетекшілері алдағы уақытта гүл өсіруді де қолға алмақ.

Қарлығаш Есбергенова, «Ақ жол».

Шу ауданы.

Ұқсас жаңалықтар