жаңа қондырғылармен жабдықталды
2013 жылы 30 мамырда Президент Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан Республикасының «жасыл экономикаға» өту тұжырымдамасы туралы» Жарлығына қол қойғаны белгілі. Аталған тұжырымдама мен «Қазақстан – 2050» Стратегиясында су және жер ресурстарын қайта қалпына келтіру, табиғат капиталын пайдалану тиімділігі бойынша ЭЫДҰ елдерімен тең келу, 2030 жылға қарай атмосфераға шығарындылар бойынша стандарттарды еуропалық деңгейге жеткізу, 2050 жылға қарай ішкі жалпы өнімнің энергия сыйымдылығын және энергияның балама және қайта қалпына келетін көздерінің жиынтық өнімділігінің үлесін 50 пайызға дейін жеткізу, тұрмыстық және өнеркәсіптік қалдықтарды кәдеге жарату бойынша индустрияны құрастыру, тиімді инфрақұрылымы бар газ саласын құруды қамтамасыз ету негізгі мақсатты көрсеткіштер ретінде көрсетілген болатын. Тұжырымдама 2050 жылға дейін үш кезеңде жүзеге асырылуы тиіс. Бүгінде көптеген өндіріс орындарында қоршаған ортаға залалын тигізетін құрылымдарды бірте-бірте жойып, оған балама көздерін табу мәселесі қолға алынуда. Бір сөзбен айтқанда, «жасыл экономиканы» дамытуға көбірек көңіл бөлінуде. Облысымыз – «жасыл экономиканы» дамытуды қолға алған өңірлердің бірі. Жамбыл жерінде энергияның балама және қайта қалпына келетін көздерін пайдалану үлесінің жыл өткен сайын арта түскені – осы сөзіміздің дәлелі. «Меркі ГЭС-2» қайта қалпына келетін энергия көздерінен электр энергиясын өндіріп отырған инновациялық жобалардың қатарында. Жуырда аталмыш станса жүз пайыз жаңа қондырғылармен жабдықталды. Меркі су электр стансасының директоры Бедел Мырзабаевтың айтуынша, аталған нысанды жаңа құрал-жабдықтармен жабдықтауға жалпы құны 400 мың АҚШ долларына жуық қаржы жұмсалыпты. – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «EXPO-2017» көрмесіне «Болашақтың энергиясы» тақырыбын таңдауы бекер емес. Энергияның қайта қалпына келетін көздерін, ресурстарды үнемдейтін технологияларды және қалдықтарды қайта өңдеуді кеңінен қолдануға негізделген «жасыл экономика» – орнықты дамудың жолы. Біздің «жасыл экономиканы» дамытуға қосқан үлесіміз – «Меркі ГЭС-2»-ні жаңа қондырғылармен жабдықтағанымыз. 2010 жылы «Меркі ГЭС-3»-ке жаңа қондырғылар орнатқан болатынбыз. Алдағы уақытта «Меркі ГЭС-1»-ге де осындай қондырғылар сатып алсақ деп отырмыз. Жаңа қондырғылардың арқасында өнім өндіру көлемі 30 пайызға артады деп күтілуде, – дейді ол. Жаңа құрылғылармен жабдықталған «Меркі ГЭС-2»-нің табысы арта түседі деген ойдамыз. Себебі, инновация – дамудың бірден-бір жолы.
Нұрболат Әлдибеков, «Ақ жол».
Меркі ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- 21 қараша, 2024
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді