Отар – аудандағы іргелі ауылдық округ. Елді мекеннің аумағы 206 мың гектардан асады. Он мыңнан астам тұрғындарының жартысын әскерилер құрайтыны, кезінде Красногор ауданының орталығы болғаны және ауыл ортасын қақ жарып темір жол өтетіні Отарды басқа округтерден ерекшелеп тұр. Отармен іргелес Гвардейский әскерилер қалашығы жатыр. Темір жол бойында арысы – елу, берісі отыз шақырымда Бел, Аңырақай, Қордай разъездері орналасқан. Ауылдық округтің әкімі Жайлыбек Шадиев тұрғындар алдында беретін есепті жиындарын осы шалғай елді мекендерден бастады.
Әкімнің баяндауынша, былтыр округте қыруар жұмыстар атқарылыпты. Экономикалық белсенді 3775 тұрғынның 3742-сі жұмыспен қамтылған. Олардың басым көпшілігі мемлекеттік және қоғамдық мекемелерде, шаруа қожалықтарында жұмыс істейді, үш жүзден астамы жеке кәсіпкерлікпен айналысады. Жер және мүлік салығын жинау жоспары да округте асыра орындалған. «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында республикалық бюджеттен бөлінген 7 миллион теңгеге Отар ауылындағы «Жастар» саябағында балалар ойын алаңы мен футбол, волейбол алаңдары салынып, жергілікті өзін-өзі басқару шотына жиналған 1 725 700 теңгеге мектептерге спорттық жабдықтар, компьютер жиынтығы және кітапханалар мен әкімдік ғимаратына көмір сатып алынған. Абаттандыру, көгалдандыру және санитарлық тазалық жұмыстарына аудандық бюджеттен 1 миллион теңгеден астам қаржы бөлініп, ол заңсыз күл-қоқыс төгу орындарын жоюға, ағаш көшеттері мен гүлзарлар отырғызуға жұмсалған. Көшелерді жарықтандыруға 4,5 миллион теңгеден астам қаржы игерілген. Мұндай елдік шараларға ауылдың қалталы азаматтары да тартылыпты. Мәселен, Атамқұловтар отбасы демеушілік жасап, 1 миллион 640 мың теңгеге екі көшеге қиыршық тас төсеп, тегістеп беріпті. Былтыр Отарда аудандық халыққа қызмет көрсету орталығының бөлімшесі ашылған болатын. Соның арқасында бүгінде округ тұрғындары қандай да бір құжат алу үшін сонау Қордайға сабылу машақатынан құтылды. Ал бағаны арзандату, тұтыну нарығын көкөніс өнімдерімен толықтыру мақсатында әскерилер қалашығында өткен жылы тоғыз мәрте ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өткізілді. «Өрлеу» жобасы бойынша мұқтаж отбасыларына жәрдемақылар беріліп, «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы аясында табысы төмен азаматтар қоғамдық жұмысқа тартылған. Әкіммен бірге №16 Отар және №17 Гвардейский сайлау округтерінен аудандық мәслихатқа сайланған депутаттар Айгүл Өмірбек пен Мархабат Қасеновтің есептері де тыңдалды. Алғашқысының ықпалымен Отар ауылдық ауруханасына жаңа санитарлық автокөлік, УЗИ аппараты, мектепке физика кабинеті алынған, балалар-жасөспірімдер шығармашылық орталығының материалдық-техникалық базасы нығайтылыпты. Қазіргі кезде Отарда Мәдениет үйі мен темір жол үстінен көпір салу мәселесі қарастырылуда. Ал М. Қасенов әскери қалашықта қатты қалдықтар жинайтын орын ашуға, бұрынғы Военсовхоздың орталық көшелерін жарықтандыруға ықпал еткен. Оның облысаралық дауға айналған жер мәселесінің шешімін табуға ат салысып жүргені белгілі. Жиында ол бюджеттік ұйымдар қызметкерлері үшін тұрғын үйлер, монша мен базар салу қажет екенін айтып, мәселе көтерді. Гвардейский кентінің дәл іргесіндегі жұрт «военсовхоз» деп атайтын елді мекеннің көптеген тұрғындары Отар мен Гвардейскийдегі ұйымдар мен мекемелерде қызмет еткенімен, ауыл Алматы облысына қарайтындықтан, құжаттандыру және басқа мәселелерде көптеген кедергілерге ұшырауда. Сондықтан, елді мекен Отар ауылдық округіне қосылса, тіпті, жаңа округ ашылса дейді сол ауылдың тұрғындары. Бұл жайт жыл cайын көтерілетінімен, ол – облыс деңгейінде шешілмейтін мәселе. Содан да болар ұзаққа созылғаны. Әскери қалашық ақсақалдар алқасының төрағасы Марат Жанаев осы жайды жоғары жаққа жеткізуді ұсынды. Есеп беру жиынында тұрғындар осындай түйткілді мәселелерді алға тартты. Аңырақай стансасының тұрғыны, көп балалы ана Шайгүл Жасыбаева, үй шаруасындағы Гүлшат Келдібаева, теміржолшы Серік Мұсатайұлы ауыл арасындағы жол жайына, Отар ауылдық ауруханасындағы перзентхана бөлімі жабылатынына алаңдаушылық білдірді. Жалақы және жәрдемақы алатын банкоматты Отарда да орнатса деген өтініш айтты.
Құрманбек Әлімжан, «Ақ жол».
Қордай ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- 21 қараша, 2024
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді