«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жауапсыздыққа жол берілмеуі керек

Жауапсыздыққа жол берілмеуі керек
ашық дереккөз
Жауапсыздыққа жол берілмеуі керек

жылыту маусымы бойынша өткен облыстық штаб отырысы осылайша түйінделді

Қаңтар айы аяқталып қалғанымен, әзірге қыс қаһарына міне қойған жоқ. Әйтсе де, алдағы ақпан мен наурыз айлары ақ түтек боран мен ызғарлы күндерге толы болмасына кім кепіл?! «Қасықтай қар, тобықтай тоң қалмады» деп жайбарақат күй кешуге әлі ерте. Сондықтан жылыту маусымында арқаны кеңге салуға еш негіз жоқ. Өйткені, бұл жұмыс қашанда аса ұқыптылық пен сақтықты қажет етеді. Жуырда ғана Талас ауданындағы Ы.Алтынсарин мектебінің жылу жүйесінде орын алған келеңсіздіктен кейін бұлай демеске шара жоқ. Жылыту маусымы бойынша облыстық штаб отырысында бұл мәселе тағы да сөз болды. Жамбыл ауданы бойынша және денсаулық сақтау нысандарында ағымдағы жылыту маусымының жұмыс барысы қаралған жиынды облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков ашып, жүргізіп отырды. 

Облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ерік Көшербаев басқарманың өткен жылғы жұмыстары қорытындыланған есепті жиында анықталған кемшіліктерді ескере отырып, арнайы комиссия құрылып, Жамбыл ауданында тексеру жүргізгенін айтты. – Жамбыл ауданында барлығы 39 қазандық бар. Оның 22-сі «Жамбыл-Жылу» кәсіпорнына қарасты. Өткен жылы аталмыш кәсіпорын инвестициялық бағдарлама бойынша аудандағы Айшабибі, Жасөркен, Қызылтаң ауылдарының қазандықтарына қайта жаңғырту және күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізген. Тексеру барысында аудандағы мектептер мен балабақшалардың жылыту жүйелері және қазандықтары қаралып, Жасөркен-1 ауылындағы газбен жылытылатын орта мектепте резервтік отын дайындалмағаны анықталды. Бұл оқу ордасының күрделі жөндеу көрмегеніне отыз жылдай уақыт болыпты. Терезе жақтауларының ажырағанын айтпағанда, киім ауыстыратын бөлмеге жылу жүйесі тартылмаған. Жалпақтөбе ауылындағы «Болашақ» балабақшасының қазандығы былтыр ғана пайдалануға берілген болатын. Бірақ, ғимараттың температуралық кестесі әлі күнге бекітілмепті. Қазандық орнатылған ғимараттың ішінде сыйымдылығы 3 текше метр болатын балама отын (дизельдік отын) сақталған. Бұл айтарлықтай қауіп төндіреді. Сондай-ақ, Ерназар ауылындағы Б.Кейкиев атындағы орта мектеп қазандығында параметрлерді тіркейтін режімдік және нұсқама журналдары толтырылмаған. Мұндай олқылық Қаракемер ауылындағы Төле би және Өрнек ауылындағы Б.Тайшапаұлы атындағы орта мектептерінде де кездеседі, – деген басқарма басшысы аталмыш оқу ордаларында манометрлер мемлекеттік тексерістен өтпегенін мәлімдеді. Баяндамашының мәлімдеуіне сүйенсек, аудандағы В.Чкалов, Б.Бесбаев атындағы орта мектептерінде температуралық режім сақталмағандықтан газ артық шығындалған, «Нұршуақ» балабақшасында қазандықта термометрлер орнатылмаған және дизельдік генератормен жабдықталмаған. Осы ретте айта кету керек, облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің өткен жылдың қаңтар-ақпан және қараша-желтоқсан айларында облыс бойынша жүргізген зертханалық-аспаптық өлшеуден соң 235 білім беру нысанының 22-сінде, 130 емдеу-алдын алу мекемесінің 9-ында ауытқу анықталған. Ал Жамбыл ауданы бойынша тексерілген 21 білім нысанының үшеуінің ауытқуы бар екені белгілі болды. Сол үшін, «Балдырған», «Жәнібек», «Балапан» балабақшаларының ойын бөлмелерінің температурасы қалыпты жағдайдан әлдеқайда төмен болғаны үшін балабақша басшыларына айыппұл салынған болатын. Ерік Көшербаев облыстық денсаулық сақтау нысандарының жылыту жүйелерінің жай-күйіне тоқталып, анықталған кемшіліктер туралы айтып өтті. Өңіріміздегі 425 денсаулық сақтау нысанының 300-і қатты отын көмірмен, 77-сі газбен, 4-еуі сұйық отынмен, 1-еуі электр қуатымен жылытылса, қалғаны орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған. Басқарма басшысы Жамбыл ауданындағы Гродеково, Ақбұлым, Жасөркен, Өрнек ауылындағы дәрігерлік амбулаториялардың бірінде мамандардың рұқсат қағазы жоқ екенін, келесі бір қазандықтың параметрлерін тіркейтін режімдік және нұсқама журналдары толтырылмағанын айтады. Ерік Әубәкірұлы жалпы қазандықтардың барлығында кездесетін ортақ мәселе бар дейді. Ол – резервтік су айдағыш қондырғыларының жұмыс істемеуі, апаттық су қорының жоқтығы және түтін соратын желдеткіштердің тиімсіздігі. Жиында Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары Бақыт Қазанбасов кемшіліктердің орын алу себебі мен оларды жою жолында атқарылып жатқан жұмыстарды түсіндіруге тырысты. Ол жауапқа Бекболат Серікбекұлы қанағаттанбады. Баяндамашының дұрыс дайындалмай келгенін сынға алып, өз ісіне бейжай қарамауын ескертті. – Қыстың көзі қырауда тосын жағдайларға орын бермеу үшін бұған асқан жауапкершілікпен қарау керек. Талас ауданындағы Ақкөл ауылында орын алған оқыс жағдай барлықтарыңызға сабақ болды деп ойлаймын. Ондағы келеңсіздіктің де басты себебі жауапсыздықтан туындаған. Енді ондай кемшілікке жол бермеу керек. Бұл бағыттағы жұмыстар облыс басшысы Кәрім Нәсбекұлының тікелей бақылауында. Құрылған комиссия тексеру жұмыстарын әзірге облыс орталығына жақын орналасқан Жамбыл ауданынан бастап отыр. Алдағы уақытта барлық аудандарда өз жұмыстарын жалғастыратын болады, – деді Бекболат Орынбеков. Сонымен қатар, ол жылыту маусымын үздіксіз өткеру мақсатында анықталған кемшіліктерді және тұтынылған электр энергиясы мен табиғи газға берешектерді тез арада жоюды тапсырды. Жоғары қысыммен жұмыс істейтін қазандарға қызмет көрсететін операторлардың арнайы оқудан өтіп, рұқсат құжаттары болуы қажет екенін және қазандықтар энергетика басқармасында арнайы тіркеуге алынып, мамандар жылда арнайы киіммен қамтылуы керектігін алға тартты. Жиын барысында «Жамбыл-Жылу» кәсіпорнының директоры Жұмабек Бөлекбаев, «Жамбыл Жарық Сауда-2030» ЖШС директоры Жұмағали Сабалақов, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Жамбыл өндірістік филиалының бас директоры Болат Мұртазаев баяндама жасап, атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Соңыра тиісті шаралар жоспары бекітіліп, қаулы қабылданды.

Жанғазы АХМЕТ, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар