Облыстық қазақ драма театрында облыс әкімдігі мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Дүйсенәлі Бықыбаев өткен жылы атқарылған жұмыстар бойынша есеп берді. Есепті жиналысқа облыс әкімдігі әлеуметтік-саяси мониторинг бөлімінің басшысы Олжас Баққараев қатысып отырды.
Жиында сала басшысы Дүйсенәлі Бықыбаев өңірде Елбасының «Мәңгілік ел», «Ұлы Дала елі» идеяларын, «100 нақты қадам» – Ұлт жоспары бағыттары, Қазақстан Республикасының мәдени саясатының тұжырымдамасын іске асыру мақсатында басқармаға қарасты мекемелер жыл ішінде ауқымды жұмыс атқарғанын тілге тиек етті. «Өткен жылы мәдениет саласын дамытуға жергілікті бюджеттен 5 миллиард 457 миллион 953 мың теңге бөлінді. Бұл көрсеткіш 2014 жылмен салыстырғанда 300 миллион 957 мың теңгеге артқан. «Жұмыспен қамту – 2020 жол картасы» бағдарламасы аясында соңғы төрт жылда 1миллиард 750,9 миллион теңге қарастырылып, 111 мәдени нысандарда күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Осы бағыттағы жұмысты жалғастыру үшін облыстық бюджеттен ағымдағы жылы 223 миллион 701 мың теңге бөлініп, 15 нысанда күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады. Бүгінгі таңда өңірдегі тарих және мәдениет ескерткіштері саны 3365 болса, оның 741-і тарихи-мәдени ескерткіш ретінде мемлекеттік тізімге алынған, олардың 713-і жергілікті дәрежедегі ал, 28-і республикалық деңгейдегі ескерткіштер. Барлық аудандардағы Ұлы Отан соғысы құрбандарына арналған ескерткіштерге күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп келеді. Қазіргі кезде «Ежелгі Тараз» қалашығы орнында «Көне Тараз» мұражайы, «Мыңбұлақ» аллеясы, «Тараз әуендері» кешені, «Бақылау мұнарасы», «Қоршау дуалдары» салынып, этно-мәдени орталықтың құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Үстіміздегі жылы «Ежелгі Тараз» қалашығының Шахристан бөлігіне 30 миллион теңге бөлініп, ғылыми-зерттеу жұмыстары жалғасын табатын болады. Мұндағы басты мақсат – «Ежелгі Тараз» қалашығын аспан асты мұражайға айналдырып, туристік кластерді дамыту, «ЭКСПО – 2017» көрмесіне келетін меймандарға «Көне Тараз» тарихи-мәдени орталығы кешеніндегі археологиялық саябақты жан-жақты таныстыру болып отыр. Жалпы мәдениет мекемелерінің кәсіби дамуы мен тұрғындардың мәдениет саласы қызметінің сапасына қанағаттану деңгейін ұлғайту мақсатында атқарылған жұмыстар баршылық. Мәселен, есепті мерзімде облыс театрлары 70 600 көрерменге 401 қойылым ұсынып, репертуарларын толықтыру мақсатында классикалық қойылымдармен қатар, әртүрлі жанрда 17 жаңа қойылым сахналады. Өңір театрлары халықтың мәдени сауығуын ұйымдастыру мақсатымен Қаратау, Жаңатас қалаларында, аудандарда, облыстық орыс драма театры Ақтөбе, Орал, Байқоңыр қалаларына гастрольдік сапарлармен шығып, жергілікті жұртшылықтың ризашылығына бөленіп қайтты. Одан өзге облыста «Тұңғышбай Әл-Тарази Таразға шақырады» атты актер өнеріне арналған екінші Халықаралық театр фестивалі ұйымдастырылды. Оған өз елімізден бөлек, Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғыз елдерінен театр ұжымдары қатысты. Бірер жыл бедерінде жөндеу көрмеген облыстық қазақ драма театры ғимаратын күрделі жөндеуден өткізу үшін 526,2 миллион теңге қарастырылып, жаңартылды. Облыстық филармония ұжымы жыл ішінде атқарылған барлық даталы мерекелерге белсене қатысып, концерттер өткізді» деген Дүйсенәлі Дыбысалыұлы қой жылының басты оқиғасына айналған Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойы табысты өткенін, музей саласында атқарылып жатқан жұмыстардың оңды нәтиже беріп отырғанын еске салды. Сондай-ақ, 22 киноқондырғы және 10 «Зерде» бейномобилі халыққа кино көрсету жұмыстарын жандандырып жатқанын сөз етті. Сонымен қатар, басқарма басшысы кітапханалардың жай-күйін, Мәдениет үйлері мен ауылдық клубтардың жұмысын, кадр мәселесін айтып өтті. «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы шеңберінде соңғы бес жылдың көлемінде 39 жас маман ауылдық жерлерге қызметке орналасқан. Сала басшысынан соң мінбеге көтерілген оның орынбасары Сара Мәдиева мұрағаттар және құжаттама мәселесі бойынша өңірде атқарылған жұмыстарға шолу жасады. Соңынан жарыссөзге шыққан облыстық орыс драма театрының директоры Ақылдос Тәжиев, Сарысу аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Жұбаныш Жарықбасов, мәдениет саласының ардагері Сатыбалды Досымбеков есепті кезеңде атқарылған жұмыстарға қатысты өз ойларын білдірді. Жиын соңында жыл қорытындысы шығарылып, облыстық орыс драма театрының әртісі Виктор Сукопов, облыстық қазақ драма театрының әртісі Галина Қойшыбаева Мәдениет және спорт министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен, облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасының директоры Мейрамкүл Ысқақ, Ш. Уәлиханов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасының директоры Эльмира Әбдінова, Жамбыл аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі директорының орынбасары Әсия Ойықбаева, Шу аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің әдіскері Күлжан Қоқымова «Кітапхана саласының үздігі» төсбелгісімен, Қордай аудандық кітапханалар жүйесінің директоры Айгүл Мақашова ИКОМ Қазақстан Ұлттық комитетінің төсбелгісімен марапатталды. Түрлі байқаулар бойынша топ жарған жекелеген азаматтар мен аудандық мәдениет күндерінде жақсы өнер көрсеткен аудандар әр деңгейдегі дипломдармен марапатталды. Барлық он ауданға дыбыс күшейткіш аппараттары тарту етілді.
Табиғат АБАИЛДАЕВ, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді