оқушылардың облыстық айтысы мәреге жетті
Облыс әкімдігі білім басқармасына қарасты мектеп олимпиадаларын және мектептен тыс іс-шараларды өткізу орталығы ұйымдастырған «Жыр алыбы – Жамбылым!» атты облыстық оқушылар айтысы ұлы Жамбылдың 170 жылдығына орай өткізілді.
Орталықтың директоры Шариякүл Қашқынованың құттықтауынан кейін өткен жылғы «Жыр алыбы – Жамбылым!» республикалық оқушылар айтысының бас жүлдегері, байзақтық Шалқар Кеңесбек арнау өлеңнен шашу шашты. Жыр додасы байзақтық Сәбит Ысқақов пен тараздық Мұхтар Қонарбаевтың арасындағы айтыспен басталды. Орамды ой, ұтымды ұйқаспен айтысқан екеуі де 4-сыныпта оқиды екен. Бұл балғындар болашақтарынан үміт күттіретінін байқатты. Ал, келесі боп сахнаға көтерілген құландық Жансая Сәрсенбаева мен сарысулық Елдос Күбжасаровтың айтыстары солғындау шықты. Есесіне қордайлық Дулат Сансызбаймен айтысқан Жамбыл ауданының ақыны Шапағат Сәбитқызының сөздерінен шеберлік аңғарылды. Шапағаттың «Көбейтуге келгем жоқ, санасыздардың қатарын» немесе «Жамбыл жырдың сүңгіді тереңіне, тегін адам жүз жасқа келеді ме?» деген жолдары көрермендерден қолдау тапты. Айтысты тамашалаған жұрт шулық Альбина Зұлбахар мен қордайлық Дархан Айдардың арасында өткен айтысқа риза болды. Альбина жыр алыбы жайлы «Ғұмырым менің жетер ме, зерттеуді өзім қолға алсам» деп толғанды. Таластық Гауһар Әуесханның «Шумақтан шашу шаштым көпшілікке, тырналардың тобындай тізбектелген» деп сөзді әдемі бастағанына сүйсінгенімізбен, ол меркілік қарсыласы Бек Байтастың шеберлігін мойындауға мәжбүр болды. Т.Рысқұлов ауданынан келген Диана Тұрсынбектің сарысулық қарсыласы Диас Қонысбаевтан оқ бойы озық өнерпаз екені байқалып тұрды. Ақын қыздың өлеңінің мәнінен гөрі айқайы басым Диасқа «Дауысың ат үркітуге жеткенімен, айтыс кеңістігіне жетер ме екен?» дегені бабында екенін байқатты. Былтыр республикалық оқушылар айтысына қатысып, көзге түскен Диас Қонысбаев өкінішке орай биыл бабында болмай шықты. Шулық Әділет Медетқұлмен айтысқан меркілік Ару Қаржаубай жақсы өнер көрсетті. Байзақтық Ернұр Бейсен мен Жамбыл ауданының үміті Мұхиддин Өтегенов те әдептен аспай жарасымды сөз сайыстырды. Мұхиддиннің «Жамбыл атам есімін жазу керек, Ақбақайдан шыққан алтын әріптермен» десе, Ернұр қарсыласының қобалжыған көңіл күйін «Теңселіп құлайын деп тұрған таудың, төбесіне жарамас қой баққаным» деп әдемі суреттеді. Шешуші кезеңде Шапағат Сәбитқызы озық өлеңімен тағы ерекшеленді. Қарсыласы Бек Байтастың: «Енді сенен көз жазып қалмайыншы, тастап кетші телефон нөміріңді» деген жөнсіздігіне «Телефонымды қайтесің, көрсетпедің өрлікті, Жамбыл атамның тойында, жырласаңшы елдікті» деп әдемі тойтарыс берді. Келесі боп сахнаға көтерілген Альбина Зұлбахар Ернұр Бейсенді ұтымды сөздермен матап, қапы қалдырды. Сонымен, айтысты облыс әкімдігі білім басқармасына қарасты мектеп олимпиадаларын және мектептен тыс іс-шараларды өткізу орталығының директоры Шариякүл Қашқынова мен қазылар алқасының төрағасы, айтыскер Ахметжан Өзбеков қорытындылады. Бас жүлде Жамбыл ауданының үмітін арқалаған Шапағат Сәбитқызына, жүлделі бірінші орын шулық Альбина Зұлбахарға берілді. Құландық Диана Тұрсынбек пен байзақтық Ернұр Бейсен екінші жүлдені өзара бөлісті. Бек Байтас, Ару Қаржаубай, Әділет Медетқұл, Мұхиддин Өтегенов үшінші жүлдеге ілікті. Ақпан айында Алматы облысында өтетін «Жыр алыбы – Жамбылым!» атты республикалық оқушылар айтысында облысымыздың намысын Шапағат Сәбитқызы мен Альбина Зұлбахар қорғайтын болады.
Есет Досалы, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді