«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Дағдарысты әріптестік-ынтымақтастықпен де жеңеміз

Дағдарысты әріптестік-ынтымақтастықпен де жеңеміз
ашық дереккөз
Дағдарысты әріптестік-ынтымақтастықпен де жеңеміз

жалпы құны 28,1 миллиард теңгені құрайтын 16 меморандумға қол қойылды

Облыстық әкімдікте әлемдік дағдарыс кезеңінде өңірде өндірістік үдерістерді тұрақтандыру және жұмысшылардың еңбек құқықтары мен кепілдіктерін қамтамасыз ету мәселелері бойынша кеңес өтті. Оған аудан, қала әкімдері, облыстағы ірі және орта кәсіпорындар басшылары, инвесторлар, кәсіподақ ұйымдары мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері шақырылды. Кеңес жұмысына, сондай-ақ ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мемлекеттік инспекция комитетінің төрағасы Боран Рахымбеков қатысып отырды. 

Жиынды ашқан облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев «Өткен жылға өкпеміз жоқ. Табысты, жемісті жыл болды» деп, әңгімені былтыр әлемдік нарық пен экспорттық өнімдер бағасының құбылуынан туындаған дағдарыс қиындықтарына қарамастан, жалпы облыстың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері жоғары болғанын жеткізуден бастады. Кәрім Нәсбекұлы осы орайда әлемдік экономикадағы теріс құбылыстар өндірістің даму қарқынына елеулі ықпал етіп, облыстағы «Қазфосфат» ЖШС, «ЦАСК» ЖШС-ның филиалы – Тараз қант зауыты, «Жамбылгипс» АҚ, «ЖЗМК «Имсталькон» ЖШС, «Запчасть» АҚ тағы басқалары секілді ірі кәсіпорындардың жұмысы қалыпты болмауына әкеліп соқтырғанымен, Мыңарал мен Хантау цемент зауыттары, «Алтыналмас» АҚ, Жамбыл ГРЭС-і, «Рола» ЖШС өздерінің өндіріс ауқымын едәуір ұлғайтқанын атап көрсетті. Сондай-ақ, мемлекеттік индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы жалғасуда. Өткен жылы жалпы сомасы 30,5 миллиард теңгені құрайтын 6 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, соның нәтижесінде 425 жаңа жұмыс орны ашылған. Ал биыл 66 миллиард теңгенің 12 жобасы аясында ашылатын жаңа жұмыс орындарының саны 1378-ге жетеді деп күтілуде. Бүгінгі таңда облыста 3952 кәсіпорын болса, оның 1721-інде ұжымдық келісімшарт жасалған. Облыста былтыр жергілікті үлесті дамыту мәселесі бойынша 42 миллиард теңге сомасында жасалған 513 келісімшарт негізінде жалпы құны 44,3 миллиард теңгені құрайтын 500 меморандумға қол қойылған екен. Бәрі нақты іс жүзінде асырылыпты. Өңірде жұмысшылар мен кәсіподақтар арасындағы байланысты нығайтуға, жұмысшылардың еңбек құқықтарын қамтамасыз етуге байланысты кәсіпорындармен өзара әріптестік туралы меморандумдарға қол қою биыл да өз жалғасын табатын болады. Сөйтіп облыс әкімдігі, кәсіпорын басшылары, кәсіподақ комитеті және ұлттық компаниялар өзара ынтымақтастық туралы екі бағыттағы 16 меморандумға қол қойды. Оның ішінде алтауы ірі кәсіпорындардағы 20 мыңнан астам жұмысшының еңбек құқықтарын қамтамасыз етуге, 10-ы өндіріс барысында жергілікті және қазақстандық үлесті қамтамасыз етуге арналған. Аталған меморандумдардың жалпы құны шамамен 28,1 миллиард теңгені құрайды. Облыс әкімі К. Көкірекбаев: «Қол қойылған меморандумдардың орындалуына ай сайын мониторинг жасалып, қорытындысы тұрақты түрде қаралып отыратын болады. Жалпы, алға қойылған міндеттерді жүзеге асыру көбінесе кәсіпорындар мен барлық шаруашылық жүргізуші нысандардың қызметіне және олардың инвестиция тартудағы белсенділігіне де байланысты», – деп, бұл тұрғыда мекеме, ұйым, кәсіпорындар басшыларының өздеріндегі еңбек өнімділігі мен жұмыс қарқынын бәсеңсітпеу арқылы әлемдік нарықтағы құлдыраулардың экономикамызға жағымсыз әсерін төмендету бойынша биыл да елеулі жетістіктерге қол жеткізетіндігіне сенім білдірді.

Баймаханбет АХМЕТ,  «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар