Медициналық қызмет көрсетудің қолжетімділігі мен сапасын арттыру – тұрғындардың әлеуметтік ахуалына оң әсер ететіні белгілі. Елімізде денсаулық сақтау жүйесі дамып келеді. Соған қарай халық денсаулығы көрсеткіштері де жақсаруда. Осы оңды өзгерістер өңірімізде қалай көрініс беруде? Облыстық қан орталығында өткен жиында осы мәселелер кеңінен сөз болды. Денсаулық сақтау саласында жыл ішінде атқарылған жұмыстар қорытындыланған есепті жиынға облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов қатысты.
Тәуелсіздік жылдарында елімізде әлеуметтік саланың әлеуетін арттыруға басымдық берілгенін айта кетуіміз керек. Елбасымыз «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Жолдауында айтып өткендей, 25 жылдың белесінде республикада 1300-ден астам денсаулық сақтау нысаны мен 1700-ден астам білім беру ошағы бой көтерді. Бір ғана Жамбыл жерінде соңғы 5 жылдың ішінде 71 емдеу мекемесі жаңадан салынды. Олардың барлығы ең соңғы үлгідегі құралдармен жабдықталды. Күрделі операциялар облыс орталықтарындағы клиникаларда да жасалатын болды. Медициналық көмектің қолжетімділігінің, әлеуметтік мәні бар аурулармен сырқаттану деңгейін төмендету үшін скринингтік тексерулер өткізілуінің арқасында, жалпы халық тұрмысының, денсаулығының түзелуі, санының өсуінің нәтижесінде қазақстандықтардың орташа өмір ұзақтығы 72 жасқа жуықтады. Бұл көрсеткіш облыста 2014 жылы 71,16 жас болған еді. Есепті жиында саладағы осындай негізгі көрсеткіштерге кеңірек тоқталған облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ерлан Масалимов мұның барлығы Елбасы тапсырмасымен қабылданған денсаулық сақтау ісін дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының жемісі екенін айтты. Жалпы, басқарма басшысының сөзінің жаны бар. Осы жылдар аралығында аталмыш бағдарлама аясында облыста ауқымды шаралар атқарылды. Бағдарлама шеңберінде сала ісін дамытуға 15700,7 миллион теңге қаржы бөлініп, оның 15586,1 миллион теңгесі игерілді. Өңірдегі медициналық мекемелердің материалдық-техникалық базасын нығайтуға республика қазынасынан 3,2 миллиард, облыстық бюджеттен 2,9 миллиард теңге қаражат жұмсалды. Бір ғана Тараз қаласының өзінде бірнеше жаңа аурухана мен емхана бой көтерді. Дәл осы бағытта балалар денсаулығын сақтау ісінде түйткілді мәселе жоқ деуге де болады. Облыстық балалар ауруханасы жаңа ғимаратқа көшірілді, көп салалы қалалық балалар ауруханасы да жаңадан салынды. Ал былтыр жыл соңында аналар мен нәрестелерге жоғары медициналық көмек көрсететін облыстық перинатальдық орталықтың 200 орындық жаңа ғимараты пайдалануға берілгені мәлім. – Тұрғындарды тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге бөлінетін қаржы көлемі жыл сайын көбеюде. Осының өзі саладағы серпілісті көрсетеді. 2015 жылы осы мақсатта 1954412,6 мың теңге қаржы бөлінді. Бұл сома 2011 жылмен салыстырғанда 47,6 пайызға, 2014 жылмен салыстырғанда 16 пайызға артқан. «Саламатты Қазақстан» бағдарламасының шеңберінде облыстық ауруханада кардиологиялық және кардиохирургиялық көмек көрсететін бөлім ашылды. «Кардиохирургия және трансплантология» ғылыми-клиникалық орталығы, «Жүрек» кардиохирургиялық клиникасында жүрек-қан тамырлары ауруларының алдын алу үшін коронографиялық тексерулер жүргізілуде. Соның нәтижесінде қан айналым жүйесінің бұзылуынан болатын өлім біршама азайған. 2011 жылы бұл көрсеткіш 291,8 болса, 2015 жылы 179,3-ке дейін төмендеген. Дегенмен, Талас, Жамбыл, Меркі аудандарында жүрек-қан тамырлары ауруларының салдарынан науқастардың көз жұму деңгейі жоғары болып отыр, - дейді облыстың бас дәрігері Ерлан Масалимов. Атқарылып жатқан жұмыстардың ауқымдылығын қарамастан, тұрғындардың аурушаңдық деңгейі құбылмалы. Дәрігерлер өз міндеттерін атқаруға, ал тұрғындардың өз денсаулығына жауапты болуы керек. Облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов сала мамандарына осыны ескертті. Науқасты емдеуден бұрын, оған өз өміріне өзі жауапты екенін түсіндіру қажеттігін айтты. – Денсаулық сақтау саласында атқарылған жұмыстардың негізгі көрсеткіші – тұрғындардың орташа өмір жасының ұзақтығы. 2011 жылы өңір тұрғындарының орташа өмір сүру ұзақтығы 69,2 жас болса, 2015 жылы 71,16-ға ұзарды. Бұл, әрине, жақсы нәтиже. Дегенмен, әлеуметтік мәні бар сырқат түрлері бойынша аурушаңдық деңгейі көңіл алаңдатады. Біз әрбір адамға оның денсаулығы өзінің қолында екенін, оған өзі жауапты болатынын ұғындыруымыз керек. Жалпы, өмір салтын өзгертпейінше, аурудың алдын алу мүмкін емес, – деді Ерқанат Нұрбапаұлы. Облыс әкімінің орынбасарының айтатынындай бар. 2011 жылмен салыстырғанда қатерлі ісік ауруларынан болатын өлім азайғанымен, обыр ауруымен ауыратын науқастар саны өскен. Бұл көрсеткіш Тараз қаласы мен Шу ауданында жоғары болып отыр. «Жаман» аурудың салдарынан көз жұмғандар Сарысу, Талас аудандарында, Тараз қаласында көп. Туберкулезбен ауруының эпидемиологиялық жағдайы тұрақты. Соңғы бес жылдың ішінде туберкулезбен ауыру көрсеткіші 26,1 пайызға төмендеген. Бірақ, Шу, Талас аудандары мен Тараз қаласында аурушаңдық деңгейі облыстық көрсеткіштен жоғары болып отыр. Осыны сынға алған Ерқанат Манжуов ауырып ем іздегеннен, ауырмаудың жолын іздеген тиімді екенін айтып, қазіргідей дағдарыс жағдайында бюджет қаржысының әрбір тиынын тиімді жұмсау маңызды екеніне тоқталды. Жалпы, мемлекеттің медицина саласына қоятын басты талабы – медициналық қызметтің сапалы әрі қолжетімді болуы. Жиында Медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитетінің облыс бойынша департаментінің басшысы Берік Жарқынбеков бұл критерийлердің орындалуын тұрғындар тарапынан түскен өтініш-шағымдар айқындайтынын айтады. Оның сөзіне сүйенсек, 2015 жылы департаменттің медициналық қызметті бақылау бөліміне 117 шағым түсіпті. Шағымдар саны алдыңғы жылмен салыстырғанда екеуге азайған. Департамент мамандары оның 91-ін қарап, жауап берген. 38 шағымды иелері кері қайтарып алса, 8-і басқа мекемелерге анықтау үшін жолданған. Медициналық қызметтің қолжетімділігін бақылайтын мекеменің бірі – Медициналық қызметке ақы төлеу комитетінің облыс бойынша департаменті. Департамент басшысы Тұрғын Жігітековтің айтуынша, 2015 жылы облыс бойынша республикалық бюджет қаражаты есебінен тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемін көрсетуге 35 қызмет берушімен 9302763,0 мың теңге сомаға келісімшарт жасалыпты. Оның 15-і жекеменшік қызмет көрсетушілер екен. Жалпы, медицина саласында жеке меншік секторлардың көбеюінің өзіндік артықшылығы бар. Яғни, емдеу мекемелері арасында бәсекелестік артады. Бастысы, бәсекелестікте санитарлық талаптардың сақталуын назардан шығармаған дұрыс. Облыстық тұтынушылар құқығын қорғау департаменті басшысының орынбасары Ғазиз Нәдуевтің мәліметіне сүйенсек, кейбір аудандардағы емдеу мекемелерінде санитарлық талаптар толықтай сақталмай отыр екен. Денсаулық сақтау ісінде бүгінгі істі ертеңге қалдыруға болмайды. Облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов басқарманың 2016 жылға қойған міндеттері мен жоспарларына қатысты осыны айтты. «Міндеттерді нақтылап, оны қалай жүзеге асырылатынын, оған қанша қаржы керек екенін есептеп, ұсыныстарыңызды айтыңыздар. Біз қаржыны қайдан алуға болатынын ойластырып, оны жүзеге асыруға тиіспіз. Дағдарыс деп қарап отыруға болмайды. Алға қойған міндет орындалуы тиіс. Және одан тұрғындар хабардар болуы керек», – деді Ерқанат Нұрбапаұлы. Жиында көтерілген мәселелер денсаулық сақтау саласында есепті кезеңде қыруар жұмыс атқарылғанына қарамастан, әлі шешімін күтіп тұрған іс көп екенін көрсетті.
Ардақ Үсейінова, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді