Индустрияландыру картасының шеңберінде 2015 жылы құны 30,5 миллиард теңгені құрайтын 6 жоба іске қосылып, 425 жұмыс орны құрылды. 2015 жылы ауыл шаруашылығында өсім 2014 жылмен салыстырғанда 6,6 пайызды құрады. Бұл негізінен егін шаруашылығында өнім көлемінің – 10,6, мал шаруашылығында 3,5 пайызға ұлғаю есебінен қамтамасыз етілген. 2014 жылмен салыстырғанда дәнді және дәнді дақылдардың жалпы түсімі 1,9 есеге артып, 386 мың тоннаны құрады. Мал шаруашылығында ет өндіру 3,7 пайызға (107,7 мың тонна), сүт – 1,6 пайызға (292,3 мың тонна), жұмыртқа – 7,3 пайызға (116,2 миллион дана), жүн қырқу – 1,7 пайызға (5,3 мың тонна) өскен. Елімізде шағын және орта бизнестің дамуына көп көңіл бөлінуде. 2015 жылдың наурыз айынан бастап бизнесті қолдау мен дамытудың жаңартылған «Бизнестің жол картасы - 2020» бірегей бағдарламасы іске асырылуда. Бағдарлама шеңберінде 2015 жылы 10,8 миллиард теңгені құрайтын кәсіпкерлердің 179 жобасына қолдау көрсетілді, – деп өңір экономикасындағы жағдайды баян еткен басқарма басшысы көлік, мәдениет, білім, денсаулық, спорт, әлеуметтік салаларға бөлінген қаражаттардың мақсатты түрде игерілгенін айтып, инфляцияның облыстағы жағдайы 112,9 пайызға тұрақтағанын сөз етті. Баяндамашы хабарламасын аяқтаған соң облыс басшысы одан импорттық тауар көлемінің азаюына қатысты сауал қойды. «Жомарт Амангелдіұлы, сыртқы сауда айналымында импорттық тауар көлемі 46,4 пайызға азайғанын айттыңыз. Ағымдағы жылы өз тауарларымызды қолданысқа шығару арқылы импортталатын тауарды тағы да кеміте аламыз ба?» деген өңір басшысының сауалына басқарма басшысы: «Расымен де, импорттың үлес салмағы қазіргі таңда екі есеге дейін төмендегені байқалып отыр. Бұл бірінші кезекте девальвация салдарынан болды. Екіншіден, өзімізде өндірілетін отандық тауарлар көлемі ұлғайған. Шынында да, қазіргі кезде импорттық тауарлар көлемі одан әрмен қысқара түседі деп күтілуде. Себебі, әлемдік дағдарыс пен теңге құнының құлдырауы осыған әкеліп тұр. Оның сыртында өңірімізде көптеген бағдарламалар сәтімен жүзеге асып, жаңа кәсіпорындардың ашылуы күтілуде. Олардың тауарлары нарықтан орын алары даусыз. Өзіңіздің бастамаңызбен Шу ауданында ауыл шаруашылығы техникаларын құрастыру зауытына қатысты жоба жүзеге асса, импорт көлемін едәуір төмендетеді. Одан өзге, Шу ауданында көкөніс, жеміс-жидек кластерін құру ойластырылып отырса, Меркі ауданында сүт өнімдерінің көлемін арттыру мақсатында арнайы кластер құрылып жатыр. Бұның бәрі импорт көлемінің азаюына септігін тигізеді. Әлбетте, бұл қазіргі таңдағы импорттағы тауар құнының қымбаттауына орай өңір үшін тиімді болмақ» деп өз ойымен бөлісті. Мұнан соң Кәрім Нәсбекұлы алдағы уақыттағы инфляция деңгейіне қатысты да Жомарт Амангелдіұлының пікірін білді. Оның ойынша инфляция деңгейі он пайыздан аспайтын көрінеді. Бұдан соң облыс әкімі басқарма басшысы айтып өткен бау-бақша өнімдері мен жеміс-жидек құнының республика бойынша Жамбыл өңірінде өте арзан болғанына қарамастан, азық-түлік бағасының да, өзге де тауарлардың бағасы төмен болса да, инфляция деңгейіне әлі көңілі толмайтынын жеткізді. Кемшілік қай тұстан кеткенін сұрады. Жомарт Әмірханов бұл мәселеге қатысты өз ойын білдіріп, кейбір өнімдер құнының есебінен жағдай осылай болғанын айтты. Өңір басшысы бұл мәселеге қатысты талдау жұмыстарын жүргізу қажеттігін еске салды. Негізінен, ақылы қызметтер есебінен өңірдің инфляция деңгейі көтеріліп кетіп отырғаны да әңгімеге арқау болды. «Көтерілуге тиісті тауарлардың бағасын көтердік пе, көтердік. Енді қалған мәселені жыл басынан қатаң қадағалауымыз керек», – деді облыс басшысы мәселеге назар аударып. Мұнан соң облыс әкімі облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасы басшысының орынбасары Олжас Ағабековтен өнеркәсіп саласы бойынша қай мекемелердің көрсеткіші төмен екенін сұрады. Тығырықтан шығудың жолын айтуды ескертті. Тиісті басқарма басшысының орынбасары: «Алдымен химия өнеркәсібі бойынша құлдырау бар. Өздеріңіз білетіндей «Қазфосфат» ЖШС өніміне сұраныс азайды. Тамақ өңдеу өнеркәсібінде де осындай үрдіс байқалады. Жеңіл өнеркәсіпте де осындай бағыт аңғарылады. Қазіргі таңда қант зауыты бойынша биылғы жылға жоспарларды, күтілетін нәтижелерді біліп жатырмыз. Тараз былғары аяқ киім комбинатының да жұмысымен танысудамыз», – деді. Мұнан соң аймақ басшысы «Фабрика ПОШ Тараз» фабрикасына бөлінген 395 миллион қаржының әлі күнге қайтарым бермегенін айтып, жұмыс не алға басуы, не қаржы тиісті орынға қайтарылуы тиіс екенін қадап айтты. Бұдан кейін облыс әкімі «Имсталькон» кәсіпорнының өндірістік қуаты хақында сұрады. Өздеріне қарасты саладағы фирманың жылдық өндірістік қуатын білмеген кадрға қаратып: «Қағазыңызға жазып алыңыз, мен сізге өткенде өз салаларыңызды жақсы білулеріңізді тапсырғанмын. «Имстальконның» өндірістік қуаты – жылына 30 мың тонна. Ал, «Талас Инвест Компани» қазір қалай жұмыс жасап жатыр? Соны айтып берші», – деді Кәрім Нәсбекұлы басқарма басшысы орынбасарының кемшілігін бетіне басып. Басқарма басшысының орынбасары Олжас Ағабеков бұл мәселеден де хабарсыз екенін байқатып, «Талас Инвест Компанидің» жұмысы тоқтап тұрғанын тіліне тиек еткені сол екен, облыс әкімі оның қателігін түзетіп: «Талас Инвест Компани» соңғы он бес күннің ішінде тұрақты жұмыс істеп тұр. Кім сіздерге тоқтап тұр деді? Неге білмейсіздер? Әлде біз сіздерді басқарма басшысының орынбасары қызметіне ерте тағайындадық па?», – деп кейіді. Облыс әкімі ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұржан Молдияровтан көктемгі дала жұмыстарының жайын сұрады. «Біз қазіргі кезде көктемгі дала жұмыстарына дайындықты бастадық. Өзіңіздің тапсырмаңыз негізінде тұқым сатып алу мәселесі шешімін тапты. Қосымша техника мәселесі де қарастырылуда. Қызылшаны 6000 гектар алқапқа егеміз деп жоспарлап отырмыз. Өзге дақылдар бойынша өткен жылғыдан артық егу жоспарлануда», – деді басқарма басшысы. Кәрім Көкірекбаев аудан әкімдерінен өткен жылғыға қарағанда қызылша егіс алқабын қанша гектарға ұлғайтуды көздеп отырғандарын сұрады. Нәтижесінде аудандар кем дегенде 500 және 1000 гектарға артық орындауға ниет білдіріп отырғаны анықталды. Бұл мәселені әлі де нақтылау керектігін, қызылша егу үшін биыл қомақты қаржы бөлініп отырғанын өңір басшысы салаға жетекшілік ететін орынбасары Абдалы Нұралиев пен ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұржан Молдияровқа шегелеп табыстады. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығына бөлінетін субсидияны беру тәртібін де сұрап, білді. Бұдан соң Кәрім Нәсбекұлы облыс әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Серік Қойбақовтан каналдарды коммуналдық меншікке алу жөніндегі мәселені нақтылап сұрады. «Бүгінгі таңда 41 канал коммуналдық меншікке өтті» деген басқарма басшысына облыс әкімі: «Қандай 41 канал? Жамбыл, Шу аудандарынан қаншауы өтті, айтыңызшы?» деп сауалды қайтара қойды. Цифрлардың нақтылығына көз жеткізгісі келген Кәрім Көкірекбаев: «Абдалы Тоқбергенұлы, сіз маған 21 канал өткенін, біраз каналдардың құжаттары сараптамада жатқанын айттыңыз» деп көкейдегі мәселені қозғады. Нәтижесінде Жамбыл ауданынан 21 канал осындай меншікке өткен болса, өзге аудандардан әзірге бірде-бір канал осындай меншікке тапсырылмағаны айқындалды. «Сіздер білесіздер ме, бұл жұмысты бізден кейін қолға алған Алматы облысы қазіргі таңда біраз тірлікті тындырды. Сіздерге не, ақша керек емес пе? «Еуразиялық даму банкі» арқылы 1 миллиард доллар қаржы қарастырып жатыр. Қаншама жұмыс осы мәселеге қарап тұр. Қаншама адам жұмыспен қамтылады. Сіздерге тағы бір жыл керек пе? «Жақында бітіреміз» деген уәделеріңізді қанша уақыттан бері естіп келемін. Жеміс-жидек кластерін құрамыз деп жаңа баяндамада айтылды. Қалай құрамыз?», – деді облыс басшысы бұл жұмыстың маңызын жете түсіндіріп. Жамбыл ауданының әкімі Мәден Мұсаев өзі басқаратын ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы хабарлама жасады. Мәден Мұсаевтың баяндамасына орай облыс әкімі әлеуметтік-экономикалық даму қарқынын үстемелей түсу үшін нендей жұмыс атқаратынын сұрады. «Қазіргі кезде өндірістік қуаты ең қатты төмендеген «Амангелді газ өңдеу зауыты» болып тұр. Дегенмен, ағымдағы жылы бұл бағытта нақты жоспарлар бар» деп өз ойымен бөліскен Жамбыл ауданының әкімін облыс басшысы сын тезіне алды. «Амангелді газ өңдеу зауыты» АИ – 92 жанармайын шығарады дегенді қалай айтып отырсыз? Аталмыш жанармайды Павлодар, Атырау өңірлері әрең дегенде өндіріп отырғанда, біз қалай шығарамыз? Өзіңіз баяндама жасағанда не айтып отырғаныңызды аңғардыңыз ба? Бұл зауыт мазутты және А-80 жанармайын шығарады» деген өңір басшысы мазуттың өңірге қанша резерві керек екенін, оның қаншалықты қажет болатынын нақтылап айтып, аудан әкіміне жұмысты ширату қажеттігін ескертті. Үдемелі индустриалық-инновациялық даму бағдарламасы аясында алты жылда екі ғана жоба іске асқанын айтқан өңір басшысы «Суперфарм» ЖШС жұмысының қарқыны неге төмен болып тұрғанын, бұл мәселеге назар аудару қажеттігін айтты. Меркі ауданының әкімі Бақтияр Көпбосынов та өзі басқаратын ауданда атқарылған жұмыстарды тілге тиек етті. Кәрім Көкірекбаев бірқатар аудандардағы жағдайларды да атап өтіп, Шу ауданындағы «Қамқор Локомотив» ЖШС жұмысын жандандыру үшін бар күшті салу керектігін еске салып, облыстық ішкі істер басқармасының басшысы Бекет Аймағамбетовтен соңғы кезде орын алған келеңсіз жағдайлардың жайын сұрады. Облыстың бас полицейі бұл мәселе тұрақты қадағалауда екенін айтып, қылмыстар ашылып жатқанын сөз етті. Облыс атына кір келтірген бұндай мәселелер қайталанбауы үшін облыстық білім басқармасы мен денсаулық сақтау басқармалары тиісті жұмыстар атқаруы қажеттігін ескерткен облыс әкімі қажет болса, облыстық білім басқармасы, ішкі істер басқармасы, денсаулық сақтау басқармасы, прокуратура бірлесе отырып, баспасөз мәслихатын өткізуі тиіс екенін де қадап айтты. Алқа мәжілісінің соңында күн тәртібіне қойылған өзге де мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылданды.
Табиғат Абаилдаев, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- 21 қараша, 2024
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді