Әдебиет саласында әртүрлі тақырыптағы бәйгелер мен мүшәйралардың өтіп тұратынын көзіқарақты оқырман жақсы біледі. Мерейтойлар мен басқа да шараларға байланысты өткізілетін мүшәйралардан бөлек, тұрақты түрде өтіп тұратын бәйгелер бар. Соның бірі де бірегейі – жыл сайын өткізіліп отыратын халықаралық "Дарабоз" бәйгесі. Кеше Алматыдағы Жазушылар одағында сол байқаудың қорытындысы шығарылып, арнайы мерекелік шара ұйымдастырылды. Осымен тоғызыншы мәрте өтіп отырған биылғы өнер бәйгесіндегі Бас жүлдені "Саяхатшы апа" өлеңдер жинағымен белгілі жазушы, "Қазақ телевизиясының" ардагері Серік Байхонов жеңіп алды. "Шыны керек, бұрындары мен балаларға арнап өлең жазамын деп ойламаппын. Бұл ой маған немереммен оңаша қалғанда келді. Содан бұл өлеңді бір деммен жазып шықтым. Негізінен балаларға арналған шығармаларды балалармен бірге отырып жазу керек. Мен соны ұқтым. Оның үстіне қазір балаларға арналған оқулықтар өте қымбат. Осыларға бәсеке болу алдыма қойған мақсатым еді", - деді С. Байхонов.
Осы орайда бәйгенің ұйымдастырушысы, белгілі балалар жазушысы Шәкен Күмісбайұлына қаламгерлердің айтар алғысы шексіз. Ал бәйгенің сыйлық қорына, бәйге алған шығармалардың кітап болып жарық көруіне, оның таралуына кететін шығынды тоғыз жыл бойына көтеріп, демеушілік жасап, қомақты қаржы бөліп келе жатқан "Жер-Су" өндірістік-инвестициялық корпорациясының басшысы Бауыржан Оспановқа қаламгерлер мен оқырмандардың алғыстан басқа айтары жоқ. Жүлде алған шығармалар "Баянжүрек" баспасынан "Кәусар бұлақ" сериясымен қазақ және орыс тілдерінде жарық көріп отырады.
"Биылғы байқауға 460-қа жуық шығарма келіп түскен болса, солардың ішінен жиырмаға жуығы мүлде жарамсыз болып шықты. Кейбір авторлар бұл байқауға немқұрайлы қарайтындай. Олар біз көрсеткен талаптардың бірде бірін орындамаған, әріп қателерін де тексертпестен жіберіпті. КСРО тұсында балалар әдебиетінде бір әріптен қате кетсе, жауаптыларды қызметтерінен босатып, жауапқа тартатын. Ал қазір адамдар босаңсып кеткен. Алайда, айта кету керек жыл өткен сайын бәйгеде жеңімпаз атанған шығармалар сапасы жоғарылап келеді. Көңіліме медет болатыны осы", - деп ағынан жарылды Шәкен Күмісбайұлы.
Сонымен биылғы жеңімпаздармен таныс болыңыздар:
Бас жүлде - Серік Байхонов /1 миллион теңге/
1-ші жүлде - Қанат Әбілқайыр /380 мың теңге/
1-ші жүлде – Ауыт Мұхибек /380 мың теңге/
2-ші жүлде – Секен Иманасов /180 мың теңге/
2-ші жүлде – Арасанбай Естенов /180 мың теңге/
3-ші жүлде – Жандос Ысмайлов /110 мың теңге/
3-ші жүлде – Мариям Көккөзова /110 мың теңге/
3-ші жүлде – Сәбит Дүйсенбиев /110 мың теңге/
Ынталандыру жүлдесі – Кәдірбек Құныпияұлы /80 мың теңге/
Ынталандыру жүлдесі – Серікбол Хасан /80 мың теңге/
Ынталандыру жүлдесі – Ертай Ашықбаев /80 мың теңге/
Ынталандыру жүлдесі – Әбубәкір Қайран /80 мың теңге/
Байқау қорытындысы бойынша жүлде алған туындылар арнайы жинаққа топтастырылып, 3,5 мың дана таралыммен балабақшаға, мектеп кітапханаларына тегін таратылады.
Дереккөз: tengrinews.kz
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді