Байзақ ауданының агроөнеркәсіп кешені еңбеккерлері саланы әртараптандыру нәтижесінде елеулі нәтижелерге қол жеткізуде. Ауданда 2013 жылдың қорытындысында 12,5 миллиард теңгенің ауылшаруашылығы өнімі өндірілді. Мұның өзі 2012 жылдың қорытындысымен салыстырғанда едәуір артық. Кейінгі кезде егіншілер нарықта өтімді дақылдар мен бау-бақша өнімдерін көптеп өсіруге күш салуда. Үстіміздегі жылдың көктемінде тапсырмадағы 5700 гектар орнына, 5759 гектар алқапқа майлы дақыл тұқымы себілді. Үрме бұршақ – 52, қонақ жүгері 52 гектар алқапқа орналастырылып, тапсырма толық орындалды. Байзақтықтар су тапшылығын еңсеру мақсатында тамшылатып суару тәсілін кеңінен қолдануда. Ауданда осы әдіспен 2012 жылы 95 гектар алқап ылғалдандырылса, өткен жылы бұл көрсеткіш 193 гектарды құрады. Үстіміздегі жылы оны 400 гектарға жеткізу көзделуде.
«Мың рет естігеннен, бір рет көрген артық». Сейсенбі күні сәске түсте Байзақ ауданындағы алқапқа жеттік. Көктемгі егіс-дала жұмыстары толық аяқталыпты. Дихандар, енді, арықпен су жетелеп, бітік өнімнің қам-қарекетіне кіріскен.
– Ауданда 56760 гектар егістік бар, оның суармалысы – 27620. Оны игерумен бүгінде 2764 шаруа қожалығы айналысуда. Меморандумға сәйкес 2014 жылдың өнімі үшін күздік тұқымы 6500 гектар алқапқа орналастырылды. Олар жақсы «қыстап» шықты. Егіншілеріміз дәнді және майлы дақыл, картоп, көкөніс және бақша дақылдарының тұқымын себу жөніндегі тапсырманы барлық түрінен асыра орындады, – дейді Байзақ ауданы әкімдігі ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Болат Сағынбеков. Агроқұрылымдар осы мерзімде арпаны – 5811 (тапсырма – 4900), картопты – 605 (тапсырма – 600), көкөністі – 4915 (тапсырма – 4900), көпжылдық шөпті – 4565 (тапсырма – 4200) және 1900 гектар егіске жүгері тұқымын сеуіп, белгіленген тапсырманы асыра орындаған. Болашақ өнімге берік негіз қалаудағы Түймекент, Жалғызтөбе және Бурыл ауылдық округтері диқандарының жақсы істері айрықша атап өтуге тұрарлық. Ынтымақ ауылдық округінің аумағындағы «Ынтымақ-2004» шаруа қожалығы дәнді, майлы дақылдар және көпжылдық шөп өсірумен шұғылданады. Қожалық үстіміздегі жылдың өнімі үшін өткен жылдың күзінде 300 гектар алқапқа күздік бидай тұқымын сепкен. Көктемде жаздық арпа – 400, мақсары – 250 және көпжылдық шөп 20 гектар алқапқа орналастырылған. Бұған қоса 80 гектар көпжылдық шөп алқабы бар. Жиырма адамға жұмыс тауып беріп отырған агроқұрылым жыл сайын орта есеппен 20 миллион теңгенің егіншілік өнімін өндіреді. Бұл істе мол тәжірибесі бар ынтымақтықтар көктемгі егіс науқанын қысқа мерзімде бітірген. – Мамыр айының басында күннің күрт ысуы, одан кейін солтүстік шығыстан ызғырық желдің үздіксіз соғуы егіннің өсуіне үлкен кедергі келтіруде. Сондықтан да ауыл іргесіндегі Ынтымақ бөгеніндегі қыс және көктем айларында жиналған 300 текше метр суды дәнді дақыл егістіктеріне бағыттаудамыз. Қолда бар мүмкіндікті барынша ұтымды пайдаланып, 50 гектарға жуық алқапты ылғалдандыру көзделуде, – дейді «Ынтымақ-2004» шаруа қожалығының жетекшісі Еркін Сандыбаев. Үстіміздегі жылғы ауа райының аса қолайсыздығы өзгелер сияқты байзақтықтарды да үлкен сынақтан өткізуде. Аудан диқандары ағын судың әр литрін тиімді пайдаланып, оны егіс алқаптарына бағыттағаны көңілге қуаныш ұялатты. Бірқатар егіншілер дәнді дақылмен қатар көкөніс алқаптарын суаруға да кірісіп кетіпті.
Ақылжан Мамыт, «Ақ жол».
Суретті түсірген Ақәділ Рысмахан.
Байзақ ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Өңір өндірісі еселеп артқан жылдар
- 16 желтоқсан, 2024
Тұрғын үй бағасы тиімді ме?
- 12 желтоқсан, 2024
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді