Облыста 300-ден астам ірі және орта бизнес субъектілері, 20 мың жеке кәсіпкер және 15359 шаруа қожалығы бар
Кеше облыстық кәсіпкерлер палатасының бірінші конференциясы өтті. Оның жұмысына облыс әкімінің орынбасары Ғали Есқалиев, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының бірінші орынбасары Гүлнәр Құрбанова, облыстық құқық қорғау, басқарма басшылары, қаржы институттарының жетекшілері мен өкілдері, кәсіпкерлер палатасы аудандық филиалдарының жетекшілері, өңірге белгілі кәсіпкерлер қатысты. Облыстық кәсіпкерлер палатасының алғашқы ұйымдастырып отырған алқалы басқосуы алдында М. Үркімбаев атындағы Жастар сарайының алаңындағы «Кәсіпкерлер аллеясына» конференцияға қатысушылар тал көшеттерін отырғызды. Сонымен қатар, облыстық кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесінің демеушілігімен жасалған параплан «Жастар авиация орталығы» қоғамдық бірлестігінің болашақ ұшқыштарына салтанатты түрде тапсырылды.
Конференцияда алғашқы сөзді Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының бірінші орынбасары Г. Құрбанова алып, ел кәсіпкерлерінің ұйытқысына айналған іргелі құрылымның тыныс-тіршілігі жайлы кеңінен хабардар етті. 15 жылдан бері Үкіметпен бірлесе жұмыс істеп келе жатқан ұлттық палатаның республика бойынша 16 өңірлік палатасы құрылып, барлық облыстың аудандарынан филиалдары ашылыпты. Шағын және орта бизнес саласына бөлінген қаржының көбіне облыс орталығында қалып, аудандарға жете бермейтініне назар аударып, ендігі жерде осындай мәселелермен өңірлерде ашылған осы құрылымдар айналысатынын жеткізді. Дегенмен, ол бірқатар өңірлерде, оның ішінде Жамбыл облысында кәсіпкерлерге нақты қамқорлық жасалып жатқанын да атап көрсетті.
Одан кейін облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Асан Қошмамбетов баяндама жасады.
– Қазіргі таңда Отанымыздың бизнес-қауымдастығы интеграцияның, әлеуметтік жауапкершіліктің, мемлекеттік органдармен әріптестіктің жаңа жағдайында жұмыс атқарып жатыр. Ағымдағы уақытта кәсіпкерлер үшін тағы бір ерекшелік – бизнес мүддесін Ұлттық кәсіпкерлер палатасы білдіріп отыр. Ұлттық кәсіпкерлер палатасының негізгі мақсаты – кәсіпкерлік қоғамдастықты шоғырландыру, кәсіпкерлік бастаманы іске асыру үшін қолайлы жағдайлар жасауға көмек көрсету. Жеке-дара жұмыс атқарудан біз қазіргі таңда біртұтас бизнес-қауымдастыққа бірігіп, кәсіпкерліктің дамуына қарсы тұратын кедергілер туралы ашық жариялаймыз және осы мақсатта заң шығарушылық, нормативтік актілерді қалыптастыру рәсімдеріне аудан, қала, облыс деңгейінде ғана емес, үкіметтік деңгейде қатысамыз. Енді қысқаша біздің жетістіктерімізге тоқтала кетсем. Қысқа мерзімде Өңірлік палатаның құрылымы қалыптасып, бірқатар жұмыс атқарылды. Облысымыздың әр ауданындағы өкілдеріміз бизнес жағдайын зерттеп, кәсіпкерлермен тығыз байланыс орнатып, кеңес беріп, көмек көрсетуде. Шалғай аудандарда мұндай көмек аса қажет. Осы мақсатпен біз өз күшімізбен «Кәсіпкерлер палатасы» атты газет шығарып, онда бизнес үшін маңызды мәселелер көтеріп, пікір алысып жатқан жағдайымыз бар. Палатаның аудандық филиалдары ашылғаны және арнайы газет басылып шығарылғаны – бұл ауылдық бизнес субъектілерімен тұрақты байланыста болудың бірден-бір кепілі. Қазіргі таңда облысымыздың екі мыңнан астам кәсіпкерлері осы газеттің екі басылымын тегін алды. Сонымен қатар, ашылған электрондық сайттар арқылы кәсіпкерлер өз сауалдарына жауап табады, «Рег трейд» виртуалды сауда орны арқылы басқа облыстар мен мемлекеттердің нарық алаңына шығуға жол ашылды. Облысымызда үш жүзден астам ірі және орта бизнес субъектілері, 20 мың жеке кәсіпкерлер, 15359 шаруа қожалығы қызмет атқарады, олардың басым көпшілігімен байланыс орнатылған, – деді ол. Одан әрі палата жетекшісі кәсіпкерлер құқын қорғайтын кеңес құрылып, оның отырыстарында 23 кәсіпкердің арыз-шағымдары қаралғанын, қолданылған шаралар нәтижесінде шағымданушылар 50 миллиион теңге негізсіз тағайындалған төлемдерден құтқарылғанын еске сала келе, «Достық-99» шаруа қожалығынан заңсыз алынған 756 гектар жер телімін кері қайтару мәселесі шешіліп жатқанынан хабардар етті. Барлық аудандарда ауыл кәсіпкерлерімен кездесулер жүргізіліп, көптеген мәселелер айқындалыпты. Олардың біршамасы Өңірлік палата ұйымдастырған семинарларда, дөңгелек үстелдерде талқыланған. Туризмді дамыту жолдарын талқылау нәтижесінде облыс әкімінің атына бірқатар туризм нысандарының инфрақұрылымын жақсартуға ықпал жасау туралы ақпарат жолданыпты. Кәсіпкерлер палатасының жетекшісі басқа да атқарылып жатқан бірқатар тірлікті баяндап, прокуратура органдарымен қабылданған меморандум аясында нәтижелі іс-шаралар атқарылып жатқанын атап көрсетті. А. Қошмамбетов баяндамасын қорытындылай келе, «Сіздердің ұсыныстарыңыз негізінде осы конференция шешімдерінің жобасы дайындалды, онда біз бизнес-климатты жақсартатын барлық пікірлерді қамтуға тырыстық. Конференцияның негізгі мақсаты – кәсіпкерлер съезіне делегаттар сайлау. Сайланған делегаттар Жамбыл облысының кәсіпкерлері өңірлік, ал, жалпы айтқанда, отандық кәсіпкерлікті – экономиканың негізгі тірегін – дамыту мен қолдауға қажет деп білдірген ұсыныстар мен өтініштерін жоғарыға жеткізе алады деген сенімдемін» деді. Баяндамадан кейін «Жеті жұлдыз корпорациясы» ЖШС құқық департаментінің жетекшісі Гүлжамал Жоланова, Шу ауданындағы «Сауда-сервис» ЖШС төралқа төрағасы Владимир Пыткин, Байзақ ауданындағы «Алди и К» ЖШС директоры Жамалбек Есенқұлов, облыстық татар-башқұрт этномәдени орталығының төрағасы Амир Халиков, Меркі ауданының кәсіпкері Совет Қалманбетов сөз сөйледі. Сөз алғандардың дені кәсіпкерлік саласында әлі де кездесіп жататын кедергілерді ашық айтып, ол Үкімет деңгейінде шешілсе деген ұсыныстарын алға тартты. Кәсіпкерлер тарапынан қойылған сұрақтарға Ғ. Есқалиев пен Г. Құрбанова нақты жауаптар қайтарды. Конференция жұмысын Ғали Нәжімеденұлы қорытындылай келе, облыс әкімдігі тарапынан кәсіпкерлерге нақты қолдау мен көмек көрсетіле беретінін жеткізді. А. Қошмамбетов облыс прокуроры Ернат Сыбанқұловқа, облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Сұлушаш Құрманбековаға және облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Жорабек Баубековқа өңірде кәсіпкерлік саласының дамуына қосқан үлесі үшін облыстық кәсіпкерлік палатасының Алғыс хатын тапсырды. Ұлттық кәсіпкерлік палатасының бірінші съезіне делегаттар сайланды. Конференция жұмысынан кейін әр аймақтан келген бірқатар кәсіпкерлермен пікірлескен едік.
Шарафи Қалдарбеков, «Айгерім» шаруа қожалығының жетекшісі, Жамбыл ауданы: – Бүгінде елімізде шағын және орта бизнеспен айналысам деушілерге мемлекет тарапынан қолдау көрсетілуде. Мен де зейнетке шыққаннан кейін өзімнің жеке кәсібімді дамытайын деп шаруа қожалығын құрдым. Өзіме тиесілі біршама жерім бар. Шаруашылық жұмысын дамытайын деген мақсатпен былтыр несиеге қаражат сұрап ауылшаруашылығын қолдау қорына бардым, одан өзіме қажетті қаражатты ала алмай, биыл тағы барып сұрадым. Ондағылар сіздердің жерлеріңіз қаланың құрамына кіріп кеткен деген уәжбен, несиені басқа жақтан алу қажеттігін айтты. Содан «KazMikroFinans» микрокредиттік ұйымы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне барып, өзімнің мал шаруашылығымен айналысуға ниет білдіріп отырғанымды жеткіздім. Олар көп құжатты талап етпей-ақ, өзім сұраған бес жүз мың теңгені лезде берді. Ол қаржыға екі бұзаулы сиыр, бір құлынды бие, он бес шақты қой, елу-алпыс тауық алып бағып отырмын. Бірақ, мені бір қынжылтқаны бұл банктің пайызы тым жоғары екен. Осы орайда, кәсібін жаңадан бастаған кәсіпкерлік өкілдеріне несие алу үшін басқа да жеңілдіктердің талаптары қайта жетілдірілсе деген тілек айтқым келеді. Бүгін, міне, облыс орталығында тұңғыш рет кәсіпкерлердің басын қосқан алқалы жиын өтіп отыр. Бұл дәстүрге айналса, келешекте кәсіпкерлікті дамытудың талай қордаланған мәселелері өз шешімін табары анық.
Тазагүл Бердешова, жеке кәсіпкер, Қордай ауданы: – Мен алғаш жеке кәсіпкерлік ісімді осыдан он жыл бұрын дүкен ашудан бастаған болатынмын. Кез-келген істі бастарда алдыңда көптеген қиындықтардың кездесетіні жасырын емес. Бүгінде, Аллаға шүкір, еткен еселі еңбектің арқасында жұмысымыз өрге басты. Дүкеннің көлемін ұлғайттым, тауарымыздың түрлері де көбейді. Енді келешекте тағы да бірнеше дүкен ашып, киім-кешекті бөлек, аяқ киімді басқа жақта, тұрмысқа қажетті заттарды келесі жерден алатындай етіп тұтынушыларға оңтайлы жағдай туғызуды межелеп отырмын. Өйткені, бүгінгі заман бәсекенің қарқын алған кезеңі. Оған тек қабілеттілік таныта білу керек. Ол үшін бүгінгідей басқосудың алатын орны ерекше деп ойлаймын.
Шыңғыс Абдрахманов, облыстық кәсіпкерлер палатасы Сарысу аудандық филиалының директоры: – Аудандық деңгейде қазіргі таңда кәсіпкерліктің жағдайы өте қиын. Себебі, несиелендіру жұмысы баяу жүріп жатыр. Көп жағдайда банктер аудан көлеміндегі кәсіп иелерінің жылжымайтын мүліктерін кепілдікке алмайды. Бұл – өзекті мәселе. Өйткені, несиелендірмей, ақша құймай кәсіпкерлік толыққанды дамиды деп айта алмаймыз. Осыған орай, қазіргі таңда біз заңнамаларды сараптап, кәсіпкерлікті дамытудың жеңілдетілген жолдарын қарастырып, тұйықтан шығар жолды іздестіріп жатырмыз. Сонымен қатар, Үкіметтің бекітіп отырған субсидия ережелеріне сәйкес шаруа қожалықтарын, басқа да салалардағы кәсіпкерлік нысандарын ірілендіру жүйесін қолға алдық. Кәсіпкерлік нысандарының нақты базасын қалыптастыруға да баса мән беріп, соған сай жұмыс жасаудамыз. Бүгінде базаны нақтылау басты міндет. Сондай-ақ, күнделікті кәсіпкерлердің тарапынан берілетін алуан сауалдарға мемлекеттік органдармен бірлесіп жауап беруге ұйытқы болып отырған жайымыз бар. Саладағы түйткілді мәселелердің түйіні осындай жиындар ұдайы өтіп тұрса, шешімін табатыны сөзсіз.
Амангелді ӘБІЛ, Фариза ӘБДІКЕРІМОВА, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Өңір өндірісі еселеп артқан жылдар
- 16 желтоқсан, 2024
Тұрғын үй бағасы тиімді ме?
- 12 желтоқсан, 2024
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді