«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ұйымдастыра білген ұтады

Ұйымдастыра  білген  ұтады
ашық дереккөз
Ұйымдастыра білген ұтады

Облыс әкімінің орынбасары Абдалы Нұралиев Меркі ауданының бірнеше ауылдық округінде ауыл шаруашылығы құрылымдарының өкілдерімен, ауыл тұрғындарымен кездесулер өткізді. Жиын барысында мал шаруашылығын дамытуға арналған бағдарламалар, көктемгі егіс жұмыстарына дайындық, жылыжай шаруашылығын дамыту мен қант қызылшасын өсіру мәселелеріне қатысты жайттар пысықталды. Сондай-ақ, Абдалы Тоқбергенұлы биылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енгізілген ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру жөніндегі Заңның орындалу барысын да күн тәртібіне қойды.

Алғашқы жиын Сарымолдаев ауылдық округінде өтті. Сарымолдаев ауылдық округінің әкімі Жұмахан Абдуллаев атқарған жұмыстары жөнінде баяндады. Өткен жылы қой баққан қазаққа құтты жыл болғанынан бастаған ауыл әкімі өз округіндегі мал шаруашылығын дамытуға арналған бағдарламалардың орындалу жайын да жіпке тізіп шықты. Көктемгі егіс жұмыстарына дайындықтары мен қант қызылшасын өсіруге әрекет жасап жатқандарын жеткізді. Алайда, облыс әкімі орынбасарының жылыжай шаруашылығы мен «Ырыс» бағдарламасының орындалуы жайындағы сауалына мардымды жауап бере алмады. Абдалы Тоқбергенұлы «Жылыжай шаруашылығы жолға қойылмаған, «Ырыс» бағдарламасы орындалмаған. Бұл кемшіліктің барлығы ұйымдастыру ісіндегі оралымсыздықтан болып отыр», – деп округ әкімін сынға алды. Облыс әкімінің орынбасары өз кезегінде техниканы жаңарту облыс бойынша 3 пайызды ғана құрап отырғанын айтып, бұлай жалғаса берсе 10 жылда жер жыртатын техника қалмайтынына тоқталды. Сондықтан, Үкімет те жаңа техника сатып алғандарға барынша қолдау білдіріп отырғанын, тіпті несиеге алған жағдайда алғашқы жарнасын субсидия есебінде мемлекет төлеп беретінін жеткізді. Ал облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұржан Нұржігітов қант қызылшасына байланысты біздің облысқа республикалық қазынадан 420 миллион теңге бөлініп отырғанын айтты. Оның 220 миллион теңгесі сапалы тұқым алуға жұмсалса, 200 миллион теңгесіне жаңа техника алу жоспарланыпты. Басқосуда Кеңес ауылынан келген кәсіпкер Нұрбала Рысқұлова сөз алып, «15 бас сиыр, 40 ешкі сауып отырмын. 50 бас ірі қараға арналған қора-жай соқтық. Шаруашылығымыздағы мал басын көбейту үшін ел сияқты мемлекеттік бағдарламаларға қатысып, несие алсам деймін», – деді. Бұған аудан әкімінің орынбасары Мейірхан Өмірбеков жауап беріп, мәселе оң шешілуіне көмек көрсетілетінін жеткізді.

Нұрболат Әлдибеков,  «Ақ жол».

Меркі ауданы.

Суретті түсірген Виктор БАРБАШ.

Ұқсас жаңалықтар