Елімізді бәсекеге барынша қабілетті 30 елдің қатарына қосуда көлік саласын әлемдік жүйеге кіріктірудің маңызы орасан. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бүгінде сала алдына тасымал мен оны басқаруды кезең-кезеңімен нарық негізіне көшіру арқылы еліміздегі темір жол желісін жаңарту, қозғалыс қауіпсіздігі, жеткізу мен қызмет көрсету шапшаңдығы жағынан әлемдік стандарттар талабына сәйкестендіру міндетін қойып отыр. Бұл бағытта «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамында ауыз толтырып айтарлықтай шаралар қолға алынып, жүзеге асырылуда. Акционерлік қоғамда темір жол машина жасау саласы құрылып, ең соңғы үлгідегі тепловоздар, электровоздар, жүк және жолаушылар таситын вагондар шығарылуда. Болат жолға ұзындығы 800 метр «мамық» рельстер төселуде. Мұның өзі пойыздардың қозғалыс қауіпсіздігін және жылдамдығын арттырып, шығындар мен шуды азайтуға мүмкіндік беруде. Ортақ іске «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ филиалы – Луговой рельс дәнекерлеу кәсіпорны да қомақты үлесін қосуда.
Луговой рельс дәнекерлеу зауыты сырттан жеткізілетін әртүрлі ұзындықтағы рельстерді түйістіріп, дәнекерлеп, 800 метр «мамық» рельс жасайды. Бұл жұмыс Украина және Ресейден әкелінген соңғы үлгідегі 7 қондырғыда жүзеге асырылады. Әрбір жасалған тауар қатаң тексеруден өткізіледі. Мамандар сынақтан өткізілген өнімді тапсырыс берушілерге арнайы көлікпен жеткізіп береді. Зауыт жылына 300 шақырым рельс дәнекерлеуі тиіс. Тапсырма жыл сайын артығымен орындалып келеді. Луговой рельс дәнекерлеу кәсіпорнында өткен жылдың қорытындысында тауар айналымы 1 миллиард 100 миллион теңгені құраған. Бұл жоспардағыдан 154 миллион теңгеге артық. Мұның өзі облыс аумағындағы болат жолдың 80 пайызына ұзындығы 800 метрлік рельс төсеуге мүмкіндік берген. Жаңартудың нәтижесінде өндірістік шығындар да едәуір азайған. Бұрын кәсіпорын дәнекерлеу үшін шикізатты Ресейден әкелетін. Өткен жылы Ақтөбеде ұзындығы 120 метр рельс шығаратын зауыт іске қосылды. Зауыт былтырдан бері оны осы жерден жеткізуде. Мұның өзі уақытты үнемдеп, жол шығынын едәуір қысқартуға мүмкіндік беруде. Қазір мұнда қазақстандық үлес 100 пайызды құрайды. Белгіленген тапсырманы асыра орындау жаңа жұмыс орындарын құруға игі ықпалын тигізуде. Зауытта соңғы екі жылда 50 жаңа жұмыс орны құрылған. Жұмысшылардың орташа айлық жалақысы – 120 мың теңге. Кәсіпорында 298 адам жұмыс істейді. Білікті мамандар әрдайым өз істеріне жауапкершілікпен қарап, ақауға жол бермеуге күш салады. Олардың арасында бас механик Жанатбек Беспаев, шебер Меркібек Ақылов және машинист Ораз Қораласбаевтың есімдерін ерекше атап өткен жөн. – Әлемдік қаржы дағдарысы бізге де кері әсерін тигізбей жатқан жоқ. Соған қармастан, қолда бар резервтеріміз бен мүмкіндіктерімізді сарқа пайдаланып, бірде-бір маманымызды қысқартпауға, белгіленген тапсырманы асыра орындауға күш салудамыз. Өндірістік шығындарымызды қысқарту үшін бірнеше инновациялық жобаларды жүзеге асыру көзделуде, – дейді Құрметті теміржолшы, облыстық мәслихаттың депутаты, Т.Рысқұлов ауданының Құрметті азаматы, Луговой рельс дәнекерлеу кәсіпорнының директоры Қайрат Терлікбаев.
Ақылжан МАМЫТ, «Ақ жол».
Т.Рысқұлов ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- 21 қараша, 2024
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді