Қаржы жеткілікті, құрылыс та қарқынды

Қаржы жеткілікті, құрылыс та қарқынды
ашық дереккөз
Қаржы жеткілікті, құрылыс та қарқынды

Облыс әкімдігі құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы былтыр бөлінген 28,4 миллиард теңгенің 99,73 пайызын игерген. Жалпы, облыс бойынша 64 нысанның құрылысын жүргізуге 23 миллиард теңге бөлінсе, білім саласы бойынша 30 нысанның құрылысына бөлінген 7,1 миллиард теңге толығымен игеріліп, 20 нысан пайдалануға берілген. Денсаулық сақтау саласында 4 емдеу мекемесі тұрғындар игілігіне ұсынылса, 2 нысан құрылысы биыл аяқталмақ. «Ақбұлақ» бағдарламасы аясында 8 нысан құрылысына бөлінген қаражаттың 99,5 пайызы игерілді. Аяқталмай қалған 2 нысан осы жылы іске қосылады деп күтілуде. Тұрғын үй құрылысы бойынша 292 мың шаршы метр тұрғын үй берілген. «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында 450 пәтерлі 4 тұрғын үй салынып, оның 3-еуінде қоныс тойлар тойланды. Сондай-ақ, мәдениет, спорт, автомобиль жолдары, жолаушылар тасымалы, мемлекеттік сатып алулар бойынша да тиісті жұмыстар өз деңгейінде атқарылған. Есеп беру жиынында облыстық құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Рахманқұл Байтелиев жыл бойы атқарылған жұмыстардың жайына кеңінен тоқталды. Жыл ішінде қол жеткізген табыстар да бар. Дегенмен, құрылыс, жол, жолаушы тасымалдау мәселелері бойынша кездесетін проблемалар да аз емес. Соның бірі – мердігер мекемелер құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізу барысында жобалау-сметалық құжаттама сапасына байланысты кездесетін кедергілер. Атап айтқанда, жобалық шешімдердің мемлекеттік нормативтік талаптармен сәйкес келмеуі, құзырлы мекемелерден инженерлік жүйелер бойынша берілген техникалық шарттардың сақталмауы, құрылысқа бөлінген жер телімдері шекараларының заңсыздығы секілді кемшіліктер жиі орын алады екен. Басқарма басшысының айтуынша, сапасыз жұмыс атқарған мердігер компаниялар қатарында «Астана-АвтоСтрой», «UDC Cоrporation», «Компания Ли-Тас», «АКБ-5», «Казремжилпроект», «НЦ Құрылысконсалтинг», «Абсолют Импульс-4», «ПКФ Дайана», «СКР Фирмасы», «МД Құрылыс» серіктестіктері бар. Жиында Рахманқұл Тұрсынқұлұлы ауыр жүк көліктерінің саны артып, көктемдегі қатты ылғал мен жаз мезгіліндегі күннің шамадан тыс ысуы кезеңдерінде жолға түскен артық салмақ салдарынан тас жолдың тез тозатынын, жолдар жақсы әрі қанағаттанарлық деңгейде болу үшін бюджетті қарағанда әр ауданға қаржыны біркелкі емес, қажеттілігіне қарай бөлінуі, қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жол белгілерінің қажетті көлемде орнатылуы қажет екенін айтты. Тараз қаласындағы Сельпо, Жансая, Қайқармет, Қ.Сәтбаев көшесіндегі РТС май құю бекеті маңында Алматы, Бішкек, Шымкент, Жаңатас қалаларына қатынайтын заңсыз такси иелері мен тұрақтар шаһардағы шешімін таппай келе жатқан мәселелердің бірі екенін алға тартқан Р.Байтелиев: «Аталған бағыттарда көліктер заңсыз, рұқсат құжатынсыз, халық қазынасына қаржы құймай, медициналық куәландыратын қағазсыз және техникалық байқаудан өтпей, жолаушылар тасымалдап, адам өміріне қауіп төндіруде. Жеке көлігімен адам тасымалдаушылар арнайы автотұрақтар арқылы қызмет көрсетуі тиіс. Осыған құзырлы органдармен бірлесе отырып, тексеріс жүргізіп, заңсыз іс-әрекеттерге шектеу қою қажет», – деді. Есепті жиында облыстық мемлекеттік мекемелер және банк қызметкерлері кәсіподағының төрағасы Оңласын Есіркепов қоғамдық көліктердің ескіруіне байланысты оны жаңа автобустармен алмастыру туралы мәселе көтеріп, облыс орталығына ең болмаса бір кинотеатр салу қажет деген ұсынысын жеткізді. Қала тұрғыны, зейнеткер Берікшал Имашев бұрынғы №12 бағыттағы қоғамдық көлік Ә.Әйтиев көшесімен қайта жүргізілсе, сондай-ақ «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автодәлізінің салыну барысындағы пайдаланылған карьерлер, жол жиектері қайтадан тегістелсе деп өтініш айтты. Бұл жөніндегі сауалдарға Рахманқұл Байтелиев дәйекті жауаптар қайтарды. Жиында сөз сөйлеген Бекболат Орынбеков басқарма басшысына нақты тапсырмалар берді.

Нұрым Сырғабаев, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар