«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Бабында тұрған брендтің бағы байланбасын

Бабында тұрған брендтің  бағы байланбасын
ашық дереккөз
Бабында тұрған брендтің бағы байланбасын
Суы мол, топырағы құнарлы, шөбі шүйгін жерге жан бітіру кез-келген диқанның арманы. Көкөніс, астық, бау-бақша өнімдерін өсіруді жылдан-жылға жандандырып, жер-ананың ырзығын молынан пайдаланып жүрген шулық егіншілердің айы оңынан туып тұр. Ал 2011 жылы инвестициялық жоба негізінде іске қосылған «Kaz-Ir-Agro» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ауданның аграрлық саласының жаңа тынысын ашқандай болды. Бұрын-соңды жергілікті кәсіпкерлер көзін таба қоймаған майлы дақыл – мақсарыны Иран елінің азаматы Алинагиян Хамедреза Забихоллах отандық брендке айналдырып, Бірлік ауылында аталмыш дақылдан май өндіретін зауыт ашқан. «Бабын тапсаң – байлық жерде» деген осы.  Шетелдік бизнесменнің кәсіпорынды Шу өңірінен ашуы бекер емес. Себебі, аудан аумағындағы жер мақсары егістігіне өте қолайлы. Бұл жобаның құны 5,7 миллион АҚШ долларын құрайды. Негізінен кәсіпорын басшылығы 2006 жылдан бері осы бастаманы қолға алады. Серіктестік иелігінде еліміздің солтүстік өңірінде де жері болғанмен, басымдықтарын сараптай келіп, таңдау Шу ауданына түскен. Кәсіпорын толықтай соңғы үлгідегі германиялық сапалы құрылғылармен жабдықталған. Талапқа сай зауыт тәулік бойы тоқтаусыз жұмыс істеп тұруы тиіс. Қыркүйек айында шикізат толық жиналып алынғаннан кейін ғана жүрегі соғатын алып техниканың жылына 3 мәрте ғана кідіруге мүмкіндігі бар. Ал жоспарсыз үзіліс кәсіпорынды орасан шығынға батыратын көрінеді. Құрылтайшы Марина Фетисованың айтуынша, ондай келеңсіздіктер жарықтың ойламаған жерден сөніп қалуына байланысты бірнеше мәрте орын алған екен. Жел тұрса болғаны, ауыл аумағындағы тозығы жеткен электр желілері жұмысынан жаңылады деседі. Бұл жайттың алдын алу үшін қуаты 3 сағатқа жететін қосымша генераторларын іске қосқанмен, жарықты кейде тәуліктеп күтуге тура келетін сәттер де болған көрінеді. – Мұндайда тонналап өндіріліп жатқан шикізат есепсіз кетіп, міндетті түрде әрқайсысы қыруар қаражатты талап ететін қондырғыларды ауыстыруға тура келеді. Оның үстіне, қажетті бөлшектерді Германиядан тапсырыспен алдыру да уақыттан ұтылуға мәжбүрлейді, – деп мұңын шақты кәсіпорын құрылтайшысы. Еңсесін енді ғана көтеріп келе жатқан кәсіпорынды жарық мәселесі есеңгіретіп тастаған сыңайлы.

Алайда, келешегінен зор үміт күттіретін өндірістің бас қатыратын басты проблемасы бұл емес. Мәселенің мәйегі – зауыттың көзделген қуаттылыққа шыға алмауында. Яғни, меже бойынша айына 120 мың литр майды экспорттау жоспарланса, бүгінде тек 40 мың литрді місе тұтуға тура келіп отыр. Мұның себебі – шикізаттың тапшылығынан. Серіктестіктің еншісінде осы уақытқа дейін 2,5 мың гектар жер қолданыста болған. Соңғы науқанда бар-жоғы 800 гектарды іске жаратыпты. Себебі, мақсарыны жыл сайын бір жерге еге берсең, ол жердің құнары кемиді. Сондықтан, ол жерді 2-3 жыл демалту керек. Мақсарыдан кейін алқапты олар күздік бидай мен арпамен алмастырып отырады. Осылайша, зауыт толық күшімен жұмыс істеу үшін 7000 тонна шикізат қажет болса, өткен жылғы түсім көлемі шамамен 2400 тоннаны ғана құраған. Бұл тығырықтан шығудың бір жолы – жергілікті мақсары өсірумен айналысатын шаруа қожалықтардың шикізатын тұтыну. Мақсары өсіру кәнігі дихан үшін машақатты шаруа емес. Себебі, оның тұқымы тез жерсінеді және көп күтіп-баптауды талап етпейтін өсімдік. Сондықтан, жылдан-жылға шулық егіншілердің бұған қызығушылығы артып келеді. Бүгінде кәсіпорын жергілікті 2-3 шаруа қожалықтан тұрақты түрде мақсары дақылын сатып алып отырады. «Алайда, шикізат тапшылығын түбегейлі жою үшін ол көлем де жеткіліксіз. Мәселені толықтай шешу мақсатында тұтынушылық базаны кеңейтуге де болар еді. Әйткенмен, мақсары бағасы науқанда аукциондағыдай көрініс алады», – дейді құрылтайшылар. Себебі, шикізатқа Қытайдан да сұраныс көп. Сұраныс артқан сайын сәйкесінше баға да көтеріле түсетін сыңайлы. – Бұл бәсекеде қытайлықтардан қалтамыз қалың емес, өйткені біз көп уақыт бойы майдың бағасын бірқалыпты ұстап келдік және табысқа жұмыс істей алмадық. Осы орайда, біздің тілегіміз егін жинау науқаны кезінде мақсары экспортына уақытша тыйым салынса дегенге саяды. Бұл туралы тиісті басшылықтарға хат та жаздық. Оңды шешімінен үміттіміз, – дейді Марина Фетисова. «Kaz-Ir-Agro» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің «Safloria» сауда белгісімен шығарылатын арнайы стандартқа сай 0,5 л, 0,75 л, 1 л, 5 л құтыларға құйылған дайын өнімдерін Алматы қаласындағы 30 шақты ірі сауда орталықтарының сөрелерінен кездестіруге болады. 1литр «Safloria» майының бағасы – 675 теңге. Бұл отандық өнім әзірге елімізде кеңінен таныла қойған жоқ. Кәсіпорынның 90 пайыз тауарының тұрақты тұтынушысы – қытайлық компаниялар. Онда бұл майдың бағасы біздің еліміздегіге қарағанда екі есе қымбат тұрса да, сұраныс жоғары. Кәсіпорын алғаш жұмыс бастаған жылдары майды экспортқа арнайы құтысыз, бөшкелеп жіберіп отырған. Әрине, мақсары майын өндіретін зауыттар Қытайда жетіп артылады. Алайда, табиғи, таза, құнарлы әрі сапалы тауардың ара-жігін ажырата алатын аспан асты елінің адамдары «Safloria» майын сатып алғанды жөн көреді екен. Зауыт басшыларының айтуынша, әлгінде бұл өндірісті экспорттан бұрын қазақстандық айналымға арнап бастапты. Әуелден күнделікті тұрмыста мақта мен күнбағыс майын пайдаланатын біздегі көпшілік тұтынушыларға мақсары өнімі таңсық дүние екені жасырын емес. Оның үстіне, елімізде бұл майлы дақылды өңдеу түгілі, өсірудің өзі аса белең ала қоймаған. Алайда, мамандардың айтуынша, мақсары майының сапасы, адам ағзасына тигізер пайдасы, дәмі өзгелерге дес бермейді. Мәселен, артық салмақтан арылуға, жүрек соғысын жақсартуға, қан тамырларын тазартуға және шаш пен бет терісінің күтіміне көмектеседі екен. Мақсары майы көне қытай медицинасында кеңінен пайдаланылған деседі. Оның құрамындағы «Е» дәрумені тыныс алуды, қан айналым мен иммундық жүйенің жұмысын жақсартып, қатерлі ісік, қант диабеті, жүйке жүйелері, жүрек ауруларын емдеуге септігін тигізетін көрінеді. Сондықтан, қытайлар үшін күні бүгінге дейін дәрі-дәрмек пен косметикалардың сан алуан түрін жасауда мақсары таптырмайтын қоспа саналады. Бұл өсімдіктің қалдығының өзін көптеген елдер кәдеге асырады екен. Айталық, Иранда одан халуа жасалса, Түркияда түрлі сабындар дайындалады. Елімізде әзірге мақсарының күнжарасы мұндай мақсаттарда пайдаланылмаса да, мал азығына жарап тұр. Бойында талай қасиеті бар мақсары майының Қазақстанда таныла қоймауының себебін жарнаманың жоқтығымен де түсіндіруге болатын сияқты. Жаппай жарнаманы күшейту қажеттігін ұғынып отырғанымен, әзірге кәсіпорынның қалтасы оны көтермейтін сыңайлы. Бірақ, көш жүре түзеледі. Әзірге, кішігірім жарнама үшін зауыт тауары Алматы, Тараз қалаларында және жергілікті жәрмеңкелерге шығарылады. «Елде болса ерінге, ауылда болса ауызға тиеді» демекші, бүгінде Бірлік ауылының біраз тұрғынын осы зауыт асырап отыр. Мәселен, 32 адамды тұрақты жұмыспен қамтыса, егістік науқандарында жұмысшылар саны 50-ге жетеді. Жалақының орташа көлемі – 80 мың теңге. Серіктестіктің егістік алқабына жұмылдырылатын техника сақадай сай. Бүгінде компания «Kaz-Ir-Agro» ЖШС-ның алдында шешімін күткен бірқатар проблемалар тұрғанымен, шегінуге мүлде мүдделі емес. Тіршілік бар жерде, кедергілердің міндетті түрде орын алатыны заңдылық. Білек сыбана кіріскен істің келешегін кемелдендіру – кәсіпорынның айнымас ұраны. Олар өз тауарларының сапасы кез-келген сынға шыдас беретіндігіне сенімді. Себебі, зауытта мақсары майын өндірудің ең үздік әдісі қолданылады. Яғни, бу арқылы өңделген дақыл суық күйінде сығындалып, алынған май бірнеше рет сүзгіден өтеді. Бұл әдіс майдың құрамында минералдары мен дәрумендерінің сақталуын қамтамасыз етеді. Кәсіпорын майдың құрамында ешқандай химиялық қоспаның жоқтығына кепілдік береді. Кәсіпорынды қанаттандырып, құлшынысын қуаттандырып отырған жайт – сыртқы саудасының күшеюі. Мәселен, компания қытай нарығында нық бекігендігін зор жетістікке балап отыр. Сондай-ақ, олардың өніміне Ресей, Сауд Арабиясы, Түркия мемлекеттері қызығушылық танытқан. 2015 жылы Қытай елінде өткен халықаралық көрмеге қатысып, кәсіпорын екі үлкен келісімшартқа қол жеткізіпті. Енді сұранысқа сай тауар өндіру үшін барын салуға тырысып бақпақ. Аудан аумағынан инвесторларға қосымша 1050 гектар жер беріліп, ол жерге пар айдалған. Осылайша, мақсарыдан былтыр босаған 800 гектардан басқа алқапты биыл түгелдей қамтып, жоспарларын жүзеге асырмақ.

Қарлығаш Есбергенова, «Ақ жол».

Шу ауданы.

Ұқсас жаңалықтар