«Прага көктемінің» салқын желі

«Прага көктемінің» салқын желі
ашық дереккөз
«Прага көктемінің» салқын желі

73 жыл бойы қызыл империяны қалауынша билеп-төстеген коммунистердiң жеке тұлғаларға ғана емес, жалпы адамзатқа қарсы жасаған қылмыстық әрекеттерi аз емес. Бiрақ, 1968 жылдың тамызында II дүниежүзiлiк соғыстан кейiн мәңгi достық туралы келiсiмшартқа қол қойған, одақтас славян мемлекетiнiң астанасы – Прага және басқа да қалаларға бақайшығына дейiн мұздай қаруланған сансыз әскердің бiр түнде күшпен басып кiруi ешкiм күтпеген жағдай едi. Осы бір қозғалысқа КСРО құрамында болған елімізден де көптеген сарбаздар аттанған еді. Солардың қатарында біздің Әулиеата өңірі өкілдерінің саны басым болыпты. 

«Ауған соғысынан соң интернационалшылар деген ұғым пайда болды. Дегенмен, ең алғашқы интернационалшылар бізбіз. Бізді Варшава келісіміне сәйкес, Чехословакияға аттандырды. Біз сонда екі жыл бойы қызмет еттік», – дейді сол қозғалыстың қатысушысы Владимир Максименко. Олар 1968 жылғы 10 мамыр күні облыстық әскери комиссариаттан таңғы сағат 6-да алты автобуспен темір жол вокзалына жеткізіледі. Мұнда сарбаздар әрі қарай отарбамен Беларуссияға аттандырылады. Гродно қаласында оларды бөлім-бөлімге бөліп, бірер аптадан соң, оқыту бөлімінде тексереді. Ал, 5 маусымның түнінде ұрыс дабылымен батысқа жол тартады. – Дивизиямыз танктермен және жаяу әскермен Украинаның Ужгород және Чоп станцияларына жетті. Сонда біз бұйрық күттік. Бізден басқа онда варшавалық келісімдегі өзге елдердің әскери бөлімшелері де болды. Бізге мұнда әскери дайындық жүріп жатыр деп хабарлады. Бірақ, 21 тамыз күні түнде бізді КСРО шекарасына алып келді. Чехословакияның бас қаласы Кошицаға таң ата жеттік. Онда көптеген жастар жиналып, «Сендерді ешкім шақырған жоқ!» деген сынды жалаулы ұрандармен сес көрсетіп тұрып алды. Бірінші күннен-ақ бізге тас лақтырып, қарсылық көрсетті. Осы жағдайда мен басымнан ауыр соққы алдым, – деп еске алады сол күндердің куәгері Борис Керімқұлов. Чехословакияға кеңес әскері бастаған Варшава келісіміне мүше социалистік мемлекеттердің Қарулы Күштерінің басып кіруіне сол елде болып жатқан өзгерістер себеп болды. 1968 жылдың басында Чехословакия басшылығына жаңа тұлғалар келген соң, қоғамда саяси және экономикалық реформалар жүргізуге талпыныс жасалған еді. Чехословакия қоғамындағы бұл өзгерістер Кремль бастаған шығыс еуропалық мемлекеттер тарапынан қатты сынға ұшырады. Бұл жағдайды социалистік блоктағы өзге елдерге төнген қауіп-қатер деп қабылдаған олар Чехословакия басшылығымен бірнеше мәрте кездесіп, «антикоммунистік пиғылды» түп-тамырымен жою туралы талаптар қойды. Тұтқиылдан келген басқыншылардан, әсіресе, бейбіт тұрғындар көп зардап шекті. Тосыннан кіріп мемлекет басшыларын тұтқынға алған басқыншыларға қарсылық танытқан жиын-шараларда жергілікті тұрғындардан ондаған адам қаза болды. Алайда, халық өзінің бостандығы үшін күресті тоқтатпады. 1969 жылы Прагадағы Вацлав алаңында жатжұрттық басқыншыларға наразылық ретінде өзін-өзі өртеп жіберген 20 жасар чех студенті Ян Палахтың есімі бүгінгі тәуелсіз ел тарихында азаттық үшін жанын пида еткен қаһарман ретінде жазылған. Палахтың ерлігін арада тура бір ай өткенде, дәл сол алаң маңында 18 жасар Ян Заийц және одан кейін де өзгелер қайталады. Кеңестер Одағы қарулы басқыншылығымен Чехословакия басшылығын өз дегеніне көндірді: елде басталып келе жатқан саяси-экономикалық реформалар тежелді, мемлекет басшылығына Мәскеудің ыңғайына бағынатын адамдар келді. Кейіннен, 90-шы жылдары Кеңес үкіметінің саяси басшылары бұл әрекеттері үшін чех халқынан кешірім де сұрады. Дегенмен, сол қозғалысқа қатысқан сарбаздардың саясат құрбандары болғаны анық. Олар сол шақта аштықты да, суықты да бастан кешірді. Жазым болып, елге қайтпағандары қаншама. Бүгінде елге оралғандары өздерінде ауған соғысының ардагерлері секілді жеңілдік те жоқ екенін айтады. Олар тек «Қазақстан Республикасының ерекше тәуекелді солдаттары» лауазымын алған. Интернационалшылар ұйымы облыстық филиалының төрағасы С. Мырзабаевтың айтуынша қазіргі уақытта қозғалысқа қатысқан ардагерлер саны облыста жиырмаға жуық екені анықталып отыр. Енді олар өздеріне жан-жақты жеңілдік қарастырылуын қалайды.

Наурызбек САРША, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар