Халқымызда: «Ақыл – жастан, асыл тастан шығады» деген нақыл сөз бар. Оның мәнiне терең үңiлер болсақ, бүгiнгi жас ұрпақтың күні ертең-ақ, елiмiздiң мәртебесiн биiктетiп, мерейiн өсiретiн айтулы азаматтарға айналып шыға келетінін меңзейтіндей. Ал ондай елі мақтан тұтатын, туып-өскен өңірінің атын шығарып жүрген саңлақтар Байзақ ауданының тумалары арасында баршылық-ақ. Солардың санатында «МИГ-31» жойғыш әскери ұшағын тізгіндеп, көксеңгір аспан әлемінде ел тыныштығын қорғап жүрген ұшқыш Саян Көпбосынов та бар. Байзақ ауданының Көлқайнар ауылында дүниеге келген Саян Сазтерек ауылдық округіне қарасты Абай атындағы мектепте білім алған. Әкесі Қалыбек пен анасы Гауһардың айғақтауынша, Саян жастайынан-ақ білімге құштар болып өсіпті. Жас өреннің, әсіресе, әскери авиацияның техникалық мүмкіндіктерін танып-білуге деген құмарлығы айрықша болған көрінеді. Әскери ұшқыш болуды да армандапты. Сол ниет-тілегі оның Ақтөбе қаласындағы ұшқыштар даярлайтын Т.Бигелдинов атындағы әскери институтқа түсуіне себепші болып, Саян Көпбосынов аталған оқу орнын 2011 жылы тәмамдап шығады. Жас офицер көп ұзамай арнайы жолдамамен Қарағанды қаласындағы Н.Әбдіров атындағы әскери авиациялық базаға штурман-ұшқыш болып қабылданады. Тумысынан ізденгіш, еңбексүйгіш байзақтық өрен тез арада-ақ әскери ұшақты біліктілікпен игеріп, достарының сеніміне ие болады, құрметіне бөленеді. Оның суреті әскери авиациялық базаның Құрмет тақтасынан орын алған. Биыл Отан қорғаушылар күні Астана қаласында Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығына арналған әскери шерудің өткендігі белгілі. Оны «Қазақ елі» монументі алаңында Елбасы, еліміздің Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас Қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі тамашалағандығы да мәлім. Әскери шеруге 4778 әскери қызметші, 227 бірлік қару-жарақ пен әскери техника, сондай-ақ әскери авиацияның 70 ұшағы мен тікұшағы қатысқандығын барша қазақстандықтар, солардың қатарында байзақтықтар да жақсы біледі. Әсіресе, аудан жұртшылығының жадында әскери шеруді тамашалаған сан мыңдаған астаналықтың көз алдында көк жүзінде самғап ұшқан әскери ұшақтардың сұлбасы күні кешегідей жатталып қалған. Өйткені, шеру кезінде аспан төрінде алуан түрлі өрнектер салып, Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығының символикалық мәні – «70» санын әуеде өрнектеген «МИГ-31» тосқауыл қоюшы жойғыш 6 ұшақтың (истребитель) ұшқыштарының арасында жерлесіміз Саян Қалыбекұлы да болды. Олар оны орынды мақтан тұтады. «МИГ-31» деп аталатын заманауи тосқауыл қоюшы жойғыш ұшақты ауыздықтап, еліміздің аспанының ашық, азаматтарының ұйқысы тыныш болуын қамтамасыз ету міндетін абыроймен атқарып жүрген Саян Қалыбекұлының алда әлі де талай биіктерді бағындыратынына сенім мол. Олай болса,туған елінің туының тұғырлы болуына үлес қосып, абыройын асқақтатқан Саяндай атпал азаматтар көп болсын демекпіз.
Гүлшаһар Әбдіқұлова, журналист.
Байзақ ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді