Алты Алаштың ақтаңгер ақыны, елдің мұңын мұңдап, жоғын түгендеген, құлан аяң Құлмамбетпен, Тоқтоғұлмен сөз таластырып, ұрпағына ұлы мұра қалдырып кеткен ХХ ғасырдың Гомері Жамбыл Жабаевтың туғанына биыл 170 жыл толып отыр. Жүз жасаған абыздың айтулы мерейтойына орай, еліміздің түкпір-түкпірінде сан алуан іс-шаралар өтетіні мәлім. «Жамбыл – менің жәй атым, халық – менің шын атым» деп жырлаған алаштың алдаспан ақыны Жамбыл Жабаевтың мерейтойы өзі туған Жамбыл жерінде де аталып өтеді.
Жамбыл тауының етегінде дүние есігін ашқан алдаспан ақынның құрметіне ағымдағы жылдың 25 ақпаны күні ақын атымен аттас Жамбыл ауданында республикалық жыршы-термешілер байқауы өткізілетін болды. Бұл туралы облыс әкімдігі мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасына қарасты «Халық шығармашылығы» орталығының директоры Ғани Садырбаевқа хабарласқанымызда хабардар болдық. – Қазақ жұртының мақтанышына айналған ұлы абыз Жамбыл Жабаевтың 170 жылдығы еліміз бойынша және облыс аумағында кеңінен аталып өтілмек. Жамбыл ауданында ұлттық өнердің бұлағынан сусындаған кіл мықты өнерпаздар аталмыш өнер аламанында бақ сынайтын болады. Байқауға елімізге танымал өнерпаздар мен ірі тұлғалар келеді деп күтілуде. ХХ ғасыр Гомеріне деген құрмет мұнымен толастамақ емес. Облысымыздың әр қиырында Жамбыл Жабаевтың 170 жылдық мерейтойы аясында көптеген мәдени шаралар ұйымдастырылатын болады. Мұның бәрі ұлт руханиятына, абыз рухына деген құрмет, – дейді орталық басшысы өз ойымен бөлісіп. Иә, атадан балаға мирас болып қалған айтыс өнерінің саңлағы, ұлттық поэзиядан нәр алған Жамбылдың тойы өзі туған жерінде қалай тойланса да құба-құп. Ендеше, абыз рухына арналған шаралар елдің де рухын көтереріне біз сенімдіміз.
Табиғат Абаилдаев, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді