Астанада тұсауы кесілген жаңа концерттік бағдарлама облыс орталығында да табыспен өтті
Халық болмысының шежірелі сазы саналатын ән өнері тұтас елдің сергек үнін сездіретіндей құдіретті. Өзіміз өмір сүріп отырған қоғамның кез-келген құбылысын өн бойына арқау ете білетін осынау қадірлі өнерді ұлықтаған облыстық филармония ұжымы облыс жұртшылығына «Тараз – ғасырлар куәсі» атты жаңа концерттік бағдарламасын ұсынды.
Елбасының Астананы одан әрі көркейтуге, өңірлердің мәдени күндерін өткізуге берген тапсырмасына сәйкес жақында ғана дәл осы концерттік бағдарламамен қазақ елінің қасиетті төрінде өнер көрсеткен тұғырлы мекеннің талантты өнерпаздары бұл күні де тыңдармандарын ерекше әсерге бөлеп, ән мен күйден, жыр мен биден шашу шашты.
Шежіресі шертпе күйдей, талайлы Тараз тарихынан сыр шертілген ғажап кештің шымылдығы «Әулиеата сарыны» деп аталатын жергілікті сазгерлер күйлері бойынша поппуримен ашылды. Ықыластың «Жез киігін», Әбдімомын Желдібаевтың «Ерке сылқымын», Боранқұл Көшмағамбетовтің «Кең жайлауын», Аман Малдыбаевтың «Көне Таразын» топтаған композиция көрермендерді тарих тереңіне бойлатып, халықтың қатпарлы өмір жолындағы сындарлы сәттеріне назар аудартты. Бұл күмбірлі күйлер аймағымыздың ғана емес, күллі қазақ даласының сарынын жеткізіп, ұлт мәдениетінің қайнарын дариядай толқытты. Ал, музыка мен биді тел қозыдай табыстырған «Шаттық» биі мен Нұрғиса Тілендиевтің «Әлқисса» күйі самалдай желпіп өтіп жатты. Оны соңғы кездері республикалық би додаларында жиі көзге түсіп, топ жарып жүрген «Ақ кербез» би ансамблі орындады. Баласағұн орталық концерт залын ән мен күймен тербетіп, думанды кешті қыздыра түскен тараздық өнерпаздар Әбубәкірдің термесі «Жиылған осы ағайынды», халық әндері «Секіртпе», «Ой, көк», «Үкілі кәмшатты» үзілдіре шырқады. Дәстүрлі өнер өрісінде өзіндік өрнектерімен танылған тараздық өнерпаздар тыңдағанның құлақ құрышын қандырды. Қазақ әндерін әуелете шырқап, дәстүрлі әнді дәріптеп жүрген жезтаңдай әнші Сәуле Жанпейісова халық әні «Гәкку» мен «Алқалы жұртым, армысың!» әнін шырқап, дархан даусымен сарайды сазға бөледі. «Тараз топырағы талай өнерпаздың көңіліне ән болып құйылып, жыр болып төгіліп, күй болып шертіліп тұратын қасиетке ие ғой. Біз жаңа бағдарламамызбен Астанаға барған сапарымызда осыған көз жеткізіп, өнерпаздарымыздың ешкімнен кем өнер көрсетпейтінін дәлелдедік. Сөйтіп, елордалықтардың ыстық ықыласына бөленіп келдік. Енді 19 мамыр күні Астананың орталық концерт залында өтетін жеке шығармашылық кешіме өздеріңіздің ақ баталарыңызды алып аттанғалы отырмын» деді. Осы сәтте Семей қаласынан қаламызға арнайы сапармен келген «Айша бибі» қазақ этномәдени орталығының мүшелері сахнаға шығып, қазақтың күміс көмей әншісіне сәттілік тіледі. Көңілді тасытқан кеште негізінен ән мен жырдың дүлдүлі Кенен Әзірбаевтан бастап, Әбдімомын Желдібаев, Боранқұл Қошмағамбетов, Мэльс Өзбеков, Илья Жақанов, Алтынбек Қоразбаев секілді жергілікті сазгерлердің әсем әндері мен тәтті күйлері орындалды. Шәмші ағамыздың «Жаңарған Жамбыл» әні де айтылды. Эстрада жұлдыздары Ғани Мәтебаев, Маралбек Бабақұлов, Мәдина Сағынбекова, Динара Диханбаева бастаған әншілер көрерменін әуен әлдиімен ұйытып, терең ойға батырып, ерекше көңіл-күйге бөледі. Сонымен бірге, көпжылдық тарихы бар «Тараз» үштігі Кенен Әзірбаевтың «Бастауын» нәшіне келтіре әуелетті. Сезімге бөлеп, сан жүректі сыршыл әуенмен тербеген концерт тәуелсіз еліміз тұғырлы болуына тілектестік ниеттегі «Тұғыр» әнімен түйінделді.
Гүлжан Рахман, «Ақ жол».
Суретті түсірген Ақәділ Рысмахан.
Ұқсас жаңалықтар
Көрерменді балалық шағымен қауыштырған классика
- Бүгін, 14:32
Халық театрларының халі мүшкіл
- Бүгін, 13:40
Ақпарат
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді