Елімізде капиталға рақымшылық жариялау мерзімі белгілі болды. Биыл қыркүйектің бірінен бастап келер жылдың желтоқсан айына дейін көлеңкелі меншік пен табысты заңдастыруға мүмкіндік беріледі. Бұл туралы Үкімет мүшелері мәлімдеді. Жауапты министрлер бір жырым жылға ұласатын науқан шарттарын түсіндірді. Біріншіден, заңдастырылған қаражат үшін екінші деңгейлі банктерде арнайы есеп-шот ашылады. Оған салық салынбайды. Керісінше қатардағы депозит ретінде пайыздық өсім қосылады. Бастысы бес жыл бойына қаражат банкте айналуы тиіс. Немесе отандық құнды қағаздарды сатып алуға жұмсалады.
"Ақшаны мерзімінен бұрын пайдаланғысы келсе, мемлекеттік құнды қағаздар мен айпио шеңберінде, басқа да фонд биржаларының құнды қағаздарын сатып алу арқылы инвестиция жасауға болады. Ал егер заңдастырушы банктегі қаржыны бес жылға жеткізбей, жеке қажеттілік үшін қолға қайтарса, жалпы сомадан 10 пайыз комиссия ұсталады. Бұл қолдағы ақшаны экономикаға тарту мақсатында жасалатын әрекет", - дейді Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов.
Науқан аясында жылжымайтын мүлікті де заң жүзінде меншіктеуге мүмкіндік беріледі. Бұған шет елдегі қымбат апартаменттер де кіреді. 2017 жылдан бастап жалпы жұрт декларция тапсыратын кезде мұндай тасада қалған артық ақша мен мүлікке бола қылмыстық жауапқа тартуы мүмкін. Үкімет мүшелері бүгінгі заңдастыру осының алдын алу үшін істеліп жатқан әрекет екенін атап өтті. Министрдің айтуынша, алдыңғы заңдастыру науқаны бір жылға созылды, ол кезде 7 миллиард доллар табыс түсті. Бұл жолы 10-12 миллиард доллар табыс түседі деп күтілуде.
Дереккөз: Астана телеарнасы
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді