Менің білуімше, сонау ықылым заманнан бері қасиетті, киелі саналатын екі кәсіп бар. Бірі – адам тәрбиелеу, екіншісі – адам жанына араша түсу. Бірі – тән саулығының, екіншісі – жан саулығының сақшысы. Сондықтан қай қоғамда да ұстаз бен дәрігердің алар орны бөлек. Ал адамның қоғамнан тыс өмір сүруі мүмкін емес. Сол қоғамның белсенді мүшесі – замандас әріптесім дәрігер-терапевт Сейітқасым Тәжбенов деп білемін. Ол тек тәжірибелі, білгір дәрігер ғана емес, Секең – жүрген ортасында, қоғамда болып жатқан әрбір құбылысқа, тіршілікке, өзгерістерге зер сала жүретін өте сезімтал, аңғарғыш, байқағыш, көреген. Ол ойымыздың дұрыс екенін мына қолыңыздағы кітаппен танысқаннан кейін сөзсіз мойындайсыз. Сейітқасым Тәжбенов өзінің саналы өмірін өзінің сүйікті мамандығы дәрігерлікке, яғни халық денсаулығын сақтау ісіне арнаса да, негізгі қызметтен қолы қалт еткен сәттерде көзбен көрген, естіп-білген, ойға түйген дүниелерін ақ қағазға маржандай тізіп, оларға «жан» бітіріп, әдемі, тартымды, тұшымды хикаялар мен күлкілі сықақтарға, әзіл-қалжыңы мол сауатты бірқақпайларға айналдыратын жазушылық қасиеті мен сөз саптау шеберлігі, көркем тілі кімді болмасын тәнті етеді. Тіпті, оның кейбір шымыр әңгімелері жазушымыз деп күмпиіп жүрген кейбір қалам ұстағандардан асып түспесе, кем емес. Оның мезгіл-мезгіл әртүрлі газет-журналдарда жарияланған қысқа да нұсқа әңгімелері мен әзіл-сықақтарын қызыға оқимыз. Автордың тілі майда һәм өте қарапайым, әр әңгімесінде астарлы юмор, жанды да шынайы өмір тұнып тұр. Қазақстан Журналистер одағының мүшесі С.Тәжбеновтің бұрын да бірнеше («Денім сау болсын десеңіз...», Алматы, 1988; «Айна», Тараз, 2009 және т.б.) кітаптары баспадан шығып, көпшіліктің ықыласын өзіне аударған болатын. Одан бері біраз әзіл-қалжыңдары, ойын мен сықаққа бай мақалалары облыстық, қалалық газеттерде жарияланып үлгерді. Жыл керуені алға жылжыған сайын автордың қаламы ұшталып, ширыға түсіп, пысықталып, көркемдік шеберлігі артып келе жатқанын оның соңғы кездегі әңгімелерінен байқау қиын емес. Биязы мінезді, тіпті, кейде бір қарағанда біртоға, тым момын, бірсыдырғы, асықпай-аптықпай, салмақты сөйлейтін жан ретінде көрінетін әріптесіммен сөйлесе келе, өмірде көргені, көңілге түйгені мол азамат екенін біліп, тынысыңыз кеңейе түсетіні рас. Дәрігер-қаламгер Сейітқасым Тәжбеновтің «Дәрігер жазбалары» деген жаңа кітабы таяуда Тараздағы ЖШС «Формат-Принт» баспасынан (көлемі 428 бет) жарық көрді. Автордың оқырман қауымға ұсынып отырған жаңа кітабы 7 бөлімнен тұрады екен. Назар салып, кітапты зейінмен оқысаңыз, Секеңнің жазушылық қабілетінің жылдар өте өсе түскенін, тілі «ұшталып», оны тәп-тәуір меңгергенін байқайсыз. Қай тақырыпқа қалам сілтемесін олары дәмді, шымыр, тартымды болып шығып, оқушысын бейжай қалдырмайды. Күнде көріп, мың құбылған қызылды-жасылды беймаза өмірде кездесіп жатқан оқиғаларға зер салып, бояуын сіңіртіп, сығымдалған әдемі әзіл-сықаққа айналдырып, оқушысын енжар қалдырмай ой тудырады, терең толғандырады, санасына саңылау құяды. Әр жазушының қолына қалам алып шығармасын жазар алдындағы басты міндет – оқушысына ой-пікір туғызу, адамгершіліктің туын көтеріп, әділдікті қолдап, кімді болмасын жақсылыққа тәрбиелеу. С.Тәжбеновтің әзіл-сықақтарын оқып отырып, оның кейіпкерлерінің басынан өткен қызықты оқиғалар мен хикаяларға еріксіз езу тартып, мынау күнделікті қоғамдық әлеуметтік тіршілікте кездесіп, тіпті, көріп жүрген алуан түрлі дүниелерді басқа қырынан танып, көз алдыңа келтіріп, іштен рахаттана күлесіз. Автордың шығармаларымен таныса келе, ойымызды қорытындылайтын болсақ, Секеңнің әңгімелер жаза отырып, көптің ойын дөп тауып, толғануы, ізденуі, майдалатып сөз сұрыптауы, ой-толғауларының үйлесуі оқушысын тәнті етеді. Байқасаңыз, оның шығармаларының әрқайсысында ғибраттық мәні бар ұтқыр философиялық ой жатыр, характер бар. Кереметтігі – қаламгердің қоғамдық-әлеуметтік тіршілікке жіті үңіле алуы. Біз, әсіресе, осыған риза болдық. Көп жылдар бойы үзеңгілес әріптесім Сейітқасым Тәжбеновтің әрбір жаңа шығармасын қызыға, тұшына оқимын, оның ой мен сезімге құралған әңгімелерінен сындарлы ой түйіп, сабақ аламын. Дәрігер-қаламгердің нанымды, жақсы хикаялары мен әзіл-қалжыңдарының, суреттемелерінің әрқайсысын нұсқап көрсетіп, риза көңіліңді көл-көсір етіп ақтарғың-ақ келеді осы жерде. Бірақ, ондай мүмкіндікті оқушымыздың өзіне қалдырайық.... Шын көңілден «жазар көбейсін, Секе! Көпшілікті жаңа шымыр туындыларыңызбен қуанта беріңіз!» деген жақсы тілекпен сөзімізді аяқтағымыз келеді.
Сағындық ОРДАБЕКОВ, дәрігер-хирург, медицина профессоры, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Қаратау қаласында биыл 17 балалар ойын алаңшасы ел игілігіне берілді
- 6 желтоқсан, 2024
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді