«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Есірткінің кесапаты

Есірткінің  кесапаты
ашық дереккөз
Есірткінің кесапаты

Нашақорлық – тұңғиықтың түбі, адамды жұтатын айдаһардың бір басы. Себебі, нашақорлық дертіне шалдыққан жан онсыз өмір сүре алмайтындай күйге түседі. Өзінің денсаулығын, өмірін құртып қана қоймай, жақындарының, қоршаған адамдардың өміріне де қауіп туғызады. Күн өткен сайын елімізде нашақорлыққа байланысты жасалатын қылмыстың саны күрт өсіп отырғаны жасырын емес. Әрбір ата-ана баласына бұл өмірдегі үлгі көрсететін ең қымбат жандар емес пе? Өкінішке қарай, жаман әдеттерге салынып, өз ғұмырының жалғасы болатын ұрпағына көңіл бөлмей, бұл әрекеттерімен ұрпағын аздырып отырған ата-аналар да бар. Соның бірі, үш баланың әкесі, Тараз қаласының тұрғыны 1962 жылы туылған Ю. деген азамат. Жиырма жылдан бері есірткі заттарын қолданып, нашақорлықпен ауыратын жан ретінде өзі қолдану мақсатында жеті мың теңгеге аса ірі мөлшерде героин сатып алып, алтыншы мөлтек аудандағы өз үйінде оны заңсыз сақтаған. Ю. героиннің бір бөлігінен ерітінді жасап, тамырына жіберсе, аса ірі мөлшердегі қалған бөлігін кейін пайдалану үшін сақтап қойған. Кейін көршілес Қырғыз Республикасы-ның территориясына бару ниеті туындап, Жамбыл ауданы Гродиково ауылында орналасқан «Айша-бибі» кеден бекетінен 1,840 грамм героинды тік ішегіне жасырып, заңсыз алып өтпек болған кезінде кеден қызметкерлеріне ұсталады. Облыс бойынша қылмыстық істер жөніндегі маман-дандырылған ауданаралық сотының үкімімен ол сегіз жылға бас бостандығынан айырылып, жазасын түзеу колониясының қатаң режимінде өтеу белгіленді. Қандай қылмыс болсын, заңға сәйкес жасаған қылмысына қарай жазасын алады. Адам денсаулығына зиян, есіл-дертін бір нәрсеге тәуелді етіп қоятын ғасыр дерті – есірткі әрбір отбасының үйінің маңын торуылдап жүр. Сол себепті одан аулақ болайық, жақындарымыздың, балаларымыздың болашағына балта шаппайық, ағайын.

Райхан РАТОВА, облыс бойынша қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының бас маманы.

Ұқсас жаңалықтар