Жаңа қонысқа көшіп келушінің қай-қайсысы да «Көршілерім қандай болар екен?» деп ойлайды. «Үй таңдама, көрші таңда» деген де бар. Біз де пәтерден жер үйге ауысқанбыз. Көршілеріміз жақсы адамдар болып шықты. Әсіресе, көшенің қарсы бетінде тұратын аласа бойлы, арықша келген, жалғызілікті кейуана Евдокия Матвеевна апай. Ол көшіп келген күні-ақ елден бұрын келіп танысып, «Қоныстарыңыз жайлы болсын!» деп тілектестігін білдіріп кетті. Жасы бізден едәуір үлкен болғандықтан, оны «Дуся апай» дейтінбіз. Әке-шешесінен ерте айырылған екен. Балалар үйінде тәрбиеленіпті. Бойжеткен соң өзі сияқты тұлдыр жетім Николай деген азаматқа тұрмысқа шыққан. Екеуінің де жанашыр туысы жоқ еді. Күйеуі ертеректе өмірден озыпты. Дуся апай жасы егде тартқанмен, ширақ, тың болатын. Бал арасы секілді күні бойы тыным таппай жұмыс істеп, ауласына, үй-ішіне кіршік жуытпай, тап-тұйнақтай етіп таза ұстайтын. Он шақты тауық асырап, көкөністің, жеміс ағашының алуан түрін өсіріп, жиып алған өнімі бір өзіне жетіп артылып жатты. Үй маңындағы бау-бақшамызды қарап шығып, бізге де ақыл-кеңесін беріп тұрды. Ішкі дүниесі алай-дүлей болып жатса да, сырт көзге әрқашан көңілді болып көрінуге тырысушы еді. Алайда, көзінен бір мұң кетпейтін. Ол жалғыздықтың мұңы еді. Мұны далада ойнап жүрген балаларға ұзақ уақыт телміре, қызыға қарап, сырт айнала бере көзінің жасын сығып алатынынан да байқайтынбыз. Біле білген кісіге жанашыр туыстың, артыңда қалар ұрпақтың жоқтығы нағыз өзекті өртер қайғы-қасірет қой! Бір-біріне әлімсақтан жау ит пен мысықтың достасқанын, бір ыдыстан ас ішіп, бір бөстекте қойындасып ұйықтайтынын осы үйден көріп, таңғалғанбыз. Сөйлей алмайды демесеңіз, иті иесінің айтқан сөзінің бәрін түсінетін секілді. «Жат» десе, жатып, «тұр» десе, тұрады. Кейбір жағымсыз қылығы үшін ұрыс естісе, құйрығын бұлғаңдатып, кешірім сұрағандай, иесінің аяғына жығылады жазған. Үй шаруасынан босай қалса, бар ермегі осы сабалақ жүнді, кішкентай мәстек иті мен борсықтай семіз сары мысығы еді кемпірдің. Олар аздап болса да жалғыздығын ұмыттыратын сияқты. Кәрілік өз дегеніне көндірмей қойсын ба? Жылдар жылжып өткен сайын ол кісінің денсаулығы сыр беріп, жүріп-тұруы қиындап, бұрынғыдай болмай қалды. Қатты сырқаттанып, төсекке таңылды. Кейде таңға көз ілмей қиналып шығады. Сондайда «Жанымды алсаң, еш қинамай алшы!» деп Жаратқанға жалбарынушы еді. Көршілері, бірге араласып жүрген замандас құрбылары кезектесіп үй шаруасына көмектесіп, жағдайын жеңілдетуге тырыстық. Апай бірде «Сіздерді әурелей бермейін, өзіммен бірге тұрып, жағдайымды жасап, күтетін жалғыз басты әйел болса, іздестіріңдерші» деп өтініш айтты. Ондай күтуші келіншек те табылды. Дегенмен, оның да еш көмегі болмай, апайдың жағдайы күннен-күнге төмендей берді. Сол тұста апайдың иті өлді. Итінің өлгенін естігенде көз жасы көл болып, жастығын құшақтап, «Құдай-ау, осы кішкентай сабалағымды да маған көп көргенің бе?» деп, ұзақ уақыт егіле жылағаны бар. Ол аздай, ұзамай мысығы ажал құшты. Бұл да оған оңай тимеді. Осы оқиғадан кейін үйіне көңілін сұрай кіргенімізде: «Ендігі кезек маған келді-ау, түнде түсімде күйеуімді көрдім. Мені күтіп жүрген сияқты...Итім мен мысығымның өліп қалғаны да дұрыс болды. Мен жоқта олардың күні не болмақ?! Жеткен жерім осы болар, сірә. Бәріңе ризамын. Аман болыңдар! Менің тағдырымды Құдай ешкімнің басына бермесін!» – деді таусыла сөйлеп. Апай өзінің де көпке ұзамасын алдын ала сезіпті. Сол күннің ертеңіне демі үзілді. Сөйтіп, бір отбасының шаңырағы құлап, жарығы сөнді. Туысының жоқтығын білдірмей, көршілер, араласып жүрген құрбылары және бұрынғы жұмыс істеген ұжымының қызметкерлері бірігіп, апайдың аманатын орындап, күйеуі жатқан зиратқа арулап жерледік. Кейуананы соңғы сапарға шығарып салғанда күн ызғарлы, суық болды. Марқұмның асын берген соң барлық дүние-мүлкіне күтуші әйел ие болып, іле-шала үйін сатып, өз жайына кетті. Дуся апай көзі тірі кезінде біздің гүл өсіргенді ұнататынымызды байқап: «Менен ескерткіш болсын, қуратып алып жүрмеңдер», – деп, бақшалығынан раушан гүлінің бірнеше көшетін өз қолымен қазып берген-ді. Сол раушандар жылда көздің жауын алып, әртүрлі түске бөленіп, гүл ашқан сайын о дүниелік болған көршіміздің аяулы бейнесі көз алдымызға келеді. Кейуананың өмірі осы гүлдер арқылы жалғасын тауып жатқандай көрінеді.
Сейітқасым ТӘЖБЕНОВ, дәрігер.
Тараз қаласы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді