«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Айдарынан жел ескен «Айдар» қожалығы

Айдарынан жел ескен «Айдар» қожалығы
ашық дереккөз
Айдарынан жел ескен «Айдар» қожалығы

1992 жыл. Бұрынғы Луговой ауданындағы «Қорағаты» совхозының бас агрономы Аманкелді Қабылханов агроқұрылым тарауына байланысты жұмыссыз қалды. Бұл кезде жұмыссыз қалған жұрттың көбі сауда-саттыққа кетіп жатқан. Алғашқы кезде отбасын асырау үшін Аманкелді де осындай ойда болған. Әйтсе де, «Сауда түбі – борыш, шаруа түбі – кеніш» деген қанатты сөзді қаперіне ұстаған ол шаруа қожалығын құруға бекінді. Егін және мал өсірумен шұғылданатын қожалықтың атын «Айдар» деп қойды. Агроқұрылымның үлесіне Т.Рысқұлов ауданының аумағындағы Қарақыстақ ауылының қасынан 150 гектар тәлімі егістік және 2000 гектар жайылымдық тиді. Аманкелді Қабылханов ұлдары Айдар және Нұрметпен бірге қолда бар азын-аулақ қой-ешкі, жылқы және ірі қараны өз төлі есебінен өсіруге күш салды. Қарамағындағы 150 гектар алқапқа дәнді дақыл өсіріп, өнімнің бір бөлігін мал азығына қалдырды, қалғанын сатты. Түскен табысқа мал және техника сатып алды. Алғашқы жылдары егін және мал өсіруде үлкен қиындықтарды бастан кешірді. Әйтсе де, олар оған мойымады. Кедергілерді табанды еңбектерімен жеңді. 

Бүгінде агроқұрылымның қарамағында 1,5 мың қой, 140 жылқы, 150 ірі қара және 40 түйе бар. Қожалық қажетті техникамен қамтамасыз етілген. Осындағы жаңа 4 доңғалақты трактор, жүк көліктері мен шөп шабатын, жинайтын бірнеше техника олардың қолын ұзартып, науқандық жұмыстарды қысқа мерзімде атқаруға игі ықпалын тигізуде. Егін және мал өсірумен тұрақты 15 адам айналысады. Жаз айларында олардың саны екі есеге өседі. А.Қабылханов қожалық мүшелеріне еңбекке қатысуына қарай ай сайын 80 мың теңге жалақы төлейді. Оларға қосымша мал өнімдерін беріп тұрады. Соңғы он жылдан бері мал тұқымын асылдандыруды қолға алған. Былтыр бір мезгілде 400 бас қой, 100 ірі қара және осы мөлшерде жылқы бордақылайтын алаң салған. Қазір мұнда 400 бас қой, 40 ірі қара және 50 жылқы бордақылануда. Семірген мал сойылып, Тараз және Алматы базарларына жөнелтіледі. Мал бордақылау алаңының қасындағы арнайы қасапханада сойылады. Қожалықтың Таразда мал өнімдерін өткеретін шағын дүкені бар. Агроқұрылым кейінгі кезде жылына орта есеппен 40 миллион теңгенің өнімін өндіріп, өткеруде. «Айдар» шаруа қожалығы біраз уақыттан бері қымыз және шұбат өндіруді қолға алды. Қарақыстақ ауылында қымызханасы бар. Жазда – 200, қыста 50 литрге дейін қымыз және шұбат өндіреді. Ауылда осынау шипалы сусындарға сұраныс көп емес. Олар тоңазытылмаса, тез бүлінеді. Алысқа апару үшін көлік керек әрі жол шығыны бар. Аманкелді Қабылханов өндірілген өнімді Құландағы 2 туберкулез ауруханасына және Меркідегі шипажайға өткергісі келеді. Ол үшін құзыретті мекемелерден патент керек. Қожалық басшысы осы мәселені аудан және облыстағы алқалы жиындарда жиі көтеріп келеді. Әйтсе де, бұған ешкім басын ауыртқысы келмейді. А.Қабылханов құзыретті мекемелердің қойған қандай талабын болса да орындауға әзір. Қымыз бен шұбатты арнайы ыдыстарға құйып, сату үшін қанша қаржы болса да жұмсамақ. Тек оған рұқсат керек. Істің адамы бұған кедергі келтіріп отырған шенеуніктердің аты-жөндерін атағысы келмеді. Аманкелді ағаның алдына қойған мақсат-жоспары көп. Мал басын тағы да еселеп көбейткісі келеді. Бордақылау алаңының қасынан қымыз бен шұбатты емге ішетіндер үшін барлық жағдайы жасалған үлкен сауықтыру орнын салып жатыр. Биыл қолда бар малды қыстан шығынсыз, қоңды алып шығу үшін 30 мың түк пішен және 90 тонна жем әзірлеген. Келешекте дәнді дақыл өсіретін егіс алқабы мен жайылымдықтың көлемін ұлғайтуды көздеуде. Ет-сүт өңдейтін шағын кәсіпорындар салу да ойында бар.

Ақылжан МАМЫТ, «Ақ жол».

Т.Рысқұлов ауданы.

Ұқсас жаңалықтар