- Advertisement -

Жолдауды қолдау – жобаларды орындау

85

- Advertisement -

 Масат БЕРІК, 

«Нұр Отан»
партиясы
облыстық
филиалы
төрағасының
бірінші
орынбасары.

 Биылғы жылдың басты оқиғаларының бірі Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы болды. «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» деп аталатын бұл Жолдауда мемлекет басшысы: «Қазақстан халқына Жолдауымдағы барлық міндеттерді жүзеге асыруда мен «Нұр Отан» партиясына ерекше орын беремін. Жолдау барлық партия мүшесі үшін іс-қимыл негізі және таяудағы жылдарға арналған бағдарлама болуы тиіс. Кең көлемді түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, адамдарды жұмылдыру, қойылған барлық міндеттерді орындауда біріктіру керек. Партиядан сайланған депутаттар дағдарысқа қарсы және құрылымдық қайта жаңғыруларды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз етулері тиіс. Мен барлық саяси партияларды, қоғамдық бірлестіктерді, барлық азаматтарды Отанымыздың игілігі жолындағы ортақ іске бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара отырып жұмылып, аталған Жолдауды жүзеге асыруға белсене қатысуға шақырамын» деген болатын. Елбасы қойған осы міндеттерді орындау мақсатында «Нұр Отан» партиясы нақты істерге бел буып кірісіп те кетті. Соның бірі партия бастамасымен қолға алынғалы отырған жаңа бағдарлама.

«Нұр Отан» партиясының бастамасымен ауыл тұрғындары үшін айрықша жоба жүзеге асқалы жатыр. Екі жыл бойына Оңтүстік Қазақстан облысында пилоттық жоба ретінде жүргізілген ауыл тұрғындарына төмен пайызбен несие беру ісі Елбасының «100 нақты қадам» жоспарымен тікелей үндесіп отыр. Енді жоғары нәтиже көрсеткен ерекше бастама партияның қолдауымен 2016 жылы 5 облыста іске асырылмақшы. Бұл жөнінде Астанада «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Асқар Мырзахметов пен Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова бірлескен түрде «Ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту» деп аталатын жобаны іске асыру жөніндегі меморандумға қол қойды.
Аталған меморандумды жүзеге асыру аясындағы ынтымақтастықтың басты мақсаты – тұрақты жұмыс орындарын ашу, шағын кәсіпкерлікті дамыту. Сондай-ақ, жеке қосалқы шаруашылық негізінде ұсақ тауарлық өндіріске «Жұмыспен қамту – 2020 жол картасы» бағдарламасының шеңберінде жеңілдікпен шағын несие беру болып табылады. Партия төрағасының бірінші орынбасары жаңа бастаманың сәтті түрде жүзеге асып, ауыл тұрғындарын қуантатындығына сенімді. Өйткені, 2014 жылы оны Оңтүстік Қазақстан аймағына енгізгенде қысқа мерзім аралығында өте тиімді түрде орындалғанын тәжірибе көрсетіп отыр.
Бағдарламаның табысты тұстары көп. Біріншіден, қазақстандықтардың 43 пайызы ауылда қоныстанғандықтан, оларды жұмыспен қамту қиындық тудырып тұрғаны рас. Ал Президент Нұрсұлтан Назарбаев ұзаққа созылатын дағдарыс тұсында халықты жұмыссыз және табыссыз қалдырмауды қадап тапсырып отыр. Демек, 6 миллиондық шағын несие елді мекендерде кез-келген жанға отбасылық кәсіп қалыптастыруға молынан жетеді. Рас, Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты қаржылық ұйымдар да арзандатылған несие ұсынады. Бірақ, олардың қатаңдатылған талабын ауылдағы қарапайым тұрғындардың орындай алуы – екіталай. Оның үстіне, «шаруашылықта бордақыланатын мал 25 бастан кем болмауы керек» деген секілді де төменгі шектеулер енгізілген. Себебі, бұл бағдарлама тауарлық өндірісті ірілендіруді мақсат етеді. Ол да дұрыс. Бірақ, ауылдағы қарапайым шаруалар үшін оңай емес. Ал партия ұсынған «Ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту» жобасында ондай кедергілер жоқ, керісінше жалпыға бірдей қолжетімді. Екіншіден, қазіргі қаржы ұйымдары шаруашылық ашып, ет, сүт өнімдерін өндірумен айналысатындардан қасапхана, тауардың сапасын анықтайтын зертхана, тоңазытқыш, өнімдерді тасымалдайтын жабдықталған көлік, жемшөп дайындайтын цех және өзге де керекті техниканың болуын талап етеді. Ал нұротандықтардың бастамасына сәйкес шағын несиенің аясында ауылдық тұтыну кооперативін ашып, аталған қажетті техниканың барлығын бір жерге рәсімдеуге болады. Ашығын айтсақ, жекелеген әрбір шаруа әлгіндей керекті дүниені өмірінде түгендей алмайтындығы анық. Ал кооперативке орталықтандырып алынса, оны тұтас ауыл тұрғындары пайдалана бермек. Одан да «Ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту» жобасы арқасында арзан несие алған шаруа адамы дайындаған өнімін жарақтандырылған әрі үйінің іргесіндегі кооперативке өткізіп, келесі малын алып, семіртуге кірісе береді. Сонда бір жоба аясында ауыл шаруашылығы кооперативінің де, жұмыссыздықтың да мәселесін шешудің жолы көзге көрініп тұр.
Бұл жобаға әзірге 11 миллиард теңгеге дейін қаржы бөлініп отыр. Шағын несиенің басты бағыты ретінде шағын мал бордақылауды ұйымдастыру және кеңейту тармақтары белгіленген. Ұсынылмақ несиеде тұтынушылық мақсаттар, алдыңғы қарыздарды жабу немесе жылжымайтын мүлік иелену, сондай-ақ бұл жобаны жүзеге асыруға ешқандай қатысы жоқ сауда-саттық жүргізу тұрғылары қарастырылмаған.
Жалпы несиені таратушы оператор ретінде «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» таңдалды. Несие ставкасы 6 пайыздан аспайды. Алғашқы айларда жеңілдетілген төлеу тәртібі де бар. Негізгі мәселені жер-жерлерде құрылған комиссия қарап анықтайды. Қызығушылық танытқан тұрғындар әкімдіктің тиісті бөлімінен барып білулері керек.
Қазіргідей қаржылық қысылтаяң тұста облыс және аудан әкімдері үшін жұмыссыздықпен күрес басты мәселеге айналып тұр. Осы орайда «Нұр Отан» керемет мүмкіндік туғызғандықтан, жергілікті атқарушы билік жетекшілері ұтымды сәтті қалт жібермей, кәдеге асырғаны жөн. Сонда ғана дағдарыстан дамуға қарай жүрудің жолы ашылары анық.
Осылайша, Жолдау жүктеген міндеттер сатылап жүзеге асырыла бермек.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support