Былтыр «Үдемелі индустриялық-инновациялық даму» бағдарламасының алғашқы бесжылдығы аяқталды. Осы уақыт аралығында елімізде бағдарлама аясында табысты реформалар жүргізілді. Бағдарламаны қаржыландырудың жаңа көздері қарастырылды. Осындай шаралардың арқасында елдің ғылыми-инновациялық даму көрсеткіштері түбегейлі жақсарғанын айту керек. Дерекке сүйенсек, 2009 жылмен салыстырғанда инновациялық белсенді кәсіпорындардың көлемі соңғы кезеңде 2 есе өскен. Ал инновациялық өнім көлемі 7 есеге артып, 578,3 миллиард теңгені құраған.
Бұл – республикалық көрсеткіш. Ал облысымызда индустриялық-инновациялық дамудың бірінші бесжылдығында жалпы құны 123,3 миллиард теңгені құрайтын 33 жоба іске қосылды. Осы кезеңде жаңадан ашылған кәсіпорындар 143 миллиард теңгенің өнімін өндірді. 5 мыңға жуық жаңа жұмыс орындары ашылып, жамбылдықтар жұмыспен қамтылды. Облыста бағдарлама аясында іске қосылған индустриялық-инновациялық жобалардың қатарында «Vista International» ЖШС-ның жел электр стансасы да бар. Аталған жобаның құны 6,4 миллиард теңгені құрайды. «Мыңарал Таскомпани» ЖШС-ның Мыңарал цемент зауыты да аталмыш бағдарлама аясында іске қосылған нысанның бірі. Өңірдегі өндіріс көлемін арттырып қана қоймай, жаңалығын қатар алып келетін жобалардың бәрін тізіп шығу мүмкін емес. Дегенмен, жалпы, қай салаға басымдық берілгенін айтуға болады. Мамандардың саралауынша, индустриялық–инновациялық жобалар ішінде жоғары үлесті химия саласы алып отыр. Нақтырақ айтсақ, химия индустриясы 37 пайызды құрайды. Химиялық минералдық тыңайтқыштар өндіру көрсеткіші де төмен емес. Одан кейінгі сатыда құрылыс материалдарын өндіру, фармацевтика және ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу салалары тұр. Инновациялық жобалардың іске қосылуы арқылы еңбек нарығында технолог, кәсіптік білімі бар мамандар тапшы екені айқын сезіле бастады. Бірақ, есесіне инновациялық өнімдерді өндіретін шағын бизнес субъектілері қарқынды дами бастады. Жаңа даму бағытын ұстанған кәсіпорындар саны артты. Биылдың өзінде индустрияландыру картасына енгізілген 30,4 миллиард теңгенің 6 жобасы іске қосылып, 435 жаңа жұмыс орны құрылды. Осы бесжылдықта құны 551 миллиард теңгені құрайтын 21 жоба жүзеге асырылмақшы. Соның арқасында 5 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Біздің өңір нарығында ауыл шаруашылығы өнімдері және тұтыну тауарлары бойынша, тұрмысқа қажетті химиялық өнімдер бойынша шетелдік тауарларға тәуелділік байқалады. Алдағы уақытта импортқа тәуелділікті азайту әрі отандық өнімдердің әлеуетін арттыру үшін осы салаларда өнім өндіретін кәсіпорындар ашуға басымдық берілсе, нұр үстіне нұр болар еді. Қалай десек те тұрғындар «Үдемелі индустриялық-инновациялық даму» бағдарламасының екінші бесжылдығынан үлкен үміт күтеді.
Ардақ Үсейінова, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- 21 қараша, 2024
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді