облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев медицина саласы басшыларының алдына нақты міндеттер қойды
Биылғы облыс әкімдігінің соңғы мәжілісінде 19 мәселе қаралса, біріншісі денсаулық сақтау саласын дамытуға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының өңірде орындалу барысына арналды. Мәжіліс басталмас бұрын бірқатар азаматтар елдің әлеуметтік-экономикалық саласына қосқан үлесі үшін мемлекеттік наградалармен және мерекелік медальдармен марапатталды. Атап айтқанда, «Ерен еңбегі үшін» медалімен Мойынқұм ауданы әкімінің орынбасары М.Естаев, «Қазфосфат» ЖШС «Темір жол-көлік кешені» филиалының директоры М.Оңласынов, «ҚР Конституциясына – 20 жыл» мерекелік медалімен мемлекеттік қызметшілерді қайта даярлау және біліктілігін арттыру орталығының директоры Д.Әбдірайымов, еңбек ардагерлері К.Әбдікешова, О.Есіркепов, Ж.Тәжібаев, облыс бойынша қазынашылық департаментінің басшысы Р.Мыңбаев, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаменті басшысының орынбасары-Тәртіптік кеңестің төрағасы Ғ.Тұрсынбаев, сондай-ақ «Қазақ хандығына – 550 жыл» мерекелік медалімен облыс бойынша Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің басшысы Н.Кәрібжанов, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары М.Берік, «Қазақстан темір жолы» АҚ «Жамбыл жол» бөлімшесінің директоры Д.Есімбеков марапатталды.
Марапаттау рәсімінен соң облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ерлан Масалимов баяндама жасады. – Биыл денсаулық сақтау жүйесіне 40,9 миллиард теңге бөлінді. Соның ішінде, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін қамтамасыз ету үшін 30,5 миллиард теңге бөлінді. Осы жылдың 11 айында 36,6 миллиард теңге игерілді. Соның ішінде, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін қамтамасыз етуге 26,6 миллиард теңге жұмсалды. Бүгінгі күні республикалық және жергілікті бюджеттер есебінен Тараз қаласында 300 төсекке арналған көп бейінді қалалық аурухана, Меркі және Талас аудандарында 250 келушіге арналған аудандық емханалар құрылыстары жүргізіліп жатыр. 2016 жылы аталған нысандар пайдалануға берілмек. Биыл 3 денсаулық сақтау нысаны: 200 төсекке арналған облыстық перинаталдық орталық және Жамбыл ауданы, Жалпақтөбе ауылында 100 келушіге арналған ауылдық емхана ашылып, Байзақ ауданында 60 төсекке арналған туберкулезге қарсы аурухана іске қосылды, – деген басқарма басшысы баяндамасында мұнан өзге де көптеген мәліметтерді келтірді.
Баяндамадан соң облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев бірқатар сұрақтар қойып, басқарма жұмысын сын тезіне алды. «Биыл халықтың өмір сүру көрсеткішін орташа есеппен 71 жасқа жеткізу жоспарланған болатын. Алайда, ол көрсеткіш 69,99 жасты құрап отыр. Ал осы көрсеткіш аудандар бойынша салыстырмалы түрде жүргізіледі ме?» деген әкімнің сұрағына басқарма басшысы нақты жауап бере алмады. Ал облыстағы дәрігер мамандардың жетіспеушілігі мен қызметке келген жас мамандардың жұмысқа орналастыру көрсеткіші басқарма басшысының есебінде басқаша, ауданның бас дәрігерлері берген мәліметте басқаша болып шықты. Мысалы, Е.Масалимов Меркі ауданына бес маман қажет деген мәлімет берсе, жиынға қатысқан ауданның бас дәрігері төрт маманның керек екенін айтты. Кәрім Нәсбекұлы денсаулық сақтау саласына қатысты мұнан өзге де зерделенбеген көптеген мәселені тізіп шықты. Мемлекеттен бөлінген миллиардтаған қаржыны тиімді пайдаланып, халықтың көңілінен шығатындай еңбек етуді тапсырды. Олай болмаған жағдайда әкім өзі жеке емханаларды аралап, тиісті шаралар қолданатынын ескертті.
«Саламатты Қазақстан» бағдарламасының аудандарда орындалу барысын баяндау үшін сөз алған Жамбыл ауданының әкімі Мәден Мұсаевтан өңір басшысы биыл аталған ауданда орын алған конго-қырым қанды безгегінен қайтыс болған адамдарды мысалға келтіріп, аталған мәселеге байланысты қандай жұмыстар атқарылып жатқанын сұрады. Аудан басшысы бұл мәселенің алдын алу үшін 6 миллион 200 мың теңге қаржы бөлініп, көктем шыға салысымен залалсыздандыру жұмысы жедел қолға алынатынын айтты. Ал Т.Рысқұлов ауданы бойынша баяндама жасаған аудан әкімі Жарылқасын Айтақов бірқатар мәліметтерді нақтылы баяндамағаны үшін облыс әкімінен сын естіді. Әкімдік мәжілісінің қарауына шығарылған басқа да мәселелер алдын ала жасалған жоба негізінде ұсынылып, толық қолдау тапты.
Маржан РАҚАЙ, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- 21 қараша, 2024
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді