«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жер байлығы – ел байлығы

Жер байлығы –  ел байлығы
ашық дереккөз
Жер байлығы – ел байлығы

Ербол Райымбеков, облыс әкімдігінің жер қатынастары басқармасы жер есебі бөлімінің басшысы.

Облыстың жер аумағы 14 миллион 426 мың гектардан асады. Бұл Қазақстан аумағының 5 пайызына тең. Ол облыстың әр тұрғынына шаққанда 13,5 гектардан айналады. Жер аумағының 72 пайызы тауарлы ауыл шаруашылығы өндірісін дамытуға қолайлы. Соның ішінде, тікелей ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер 4,5 миллион гектарға жуықтаса, пайдаланылатын егістік жерлер 760 мың гектардан асады. Оның 171 мың гектары – суармалы. Республикалық, облыстық және аудандық деңгейлерде көрсетіліп отырған қаржылық қолдаудың нәтижесінде соңғы 3-4 жыл көлемінде жер қорын пайдаланудың тиімділігін арттыруға бағытталған ауқымды шаралар жүзеге асырылуда. Республикалық бағдарлама аясында 2012-2014 жылдар аралығында облыстың ауыл шаруашылық жерлерін түгендеу жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде, облыс бойынша барлығы 591,2 мың гектар ауыл шаруашылығы жерінің пайдаланусыз жатқандығы анықталды. Бүгінде анықталған жердің 547,4 мың гектары немесе 93 пайызы мемлекет иелігіне қайтарылды. Оның 176 мың гектары егістік жер болып табылады. Мемлекетке қайтарылған жерді экономикалық айналымға тарту бағыттында 440 мың гектар жер ауыл шаруашылығы айналымына қайта қосылып, оның 43 мың гектардан астамы ауыл шаруашылығы саласындағы инвестициялық жобаларды жүзеге асыру үшін берілді. Сонымен қатар, басқарма тарапынан 2013-2015 жылдарға арналған облыстық бағдарлама әзірленіп, жүзеге асырылуда. Бағдарлама аясында көпжылдық екпелер және саяжай алқаптары орналасқан жерлер түгендеуден өткізілді. Облыс бойынша бүлінген жерлердің есебін нақтылау жұмыстары атқарылды. Бұл шаралар өңірімізде 6278 гектар бүлінген ауыл шаруашылық жерінің бар екендігін және бұрын саяжайлар үшін берілген 438 гектар жердің бос жатқандығын көрсетіп отыр. Жер қорын түгендеу аясында аудан және Тараз қаласы әкімдіктері тарапынан құрылған жұмыс топтарының күшімен жеке тұрғын үй құрылысы үшін бөлініп берілген жерлердің жай-күйі зерделенді. Тексеру барысында облыста тұрғын үй бағдарламасы жүзеге асырыла бастаған 2005 жылдан бергі кезеңде үй салу үшін бөлінген 21847 жер учаскесі тексерілді. Нәтижесінде, аумағы 573 гектарды құрайтын 5064 жер учаскесінің нысаналы мақсатында пайдаланылмай жатқандығы анықталды. Оның 2182-сі жұмыс топтарымен мемлекетке қайтарылып, 2882 жер учаскесі бойынша материалдар тиісті шаралар қолдану үшін Жер инспекциясына жолданды. Игерусіз жатқан жерлерді қайта айналымға тарту, сөз жоқ, облыс экономикасын дамытуға септігін тигізетін болады. Жер қатынастарын реттеуді жетілдіру мақсатында өңірде атқарылып жатқан маңызды шараларға қысқаша тоқталар болсақ, өткен жылы елді мекендердегі жерлерді жеке меншікке беру кезінде төленуі тиіс төлемақының базалық ставкаларын нақтылап-белгілеу жұмыстары атқарылды. Сондай-ақ, 2015-2016 жылдары облыстық бюджет есебінен елді мекендер жерлерін бағалау аймақтарына бөлу жұмыстары жүргізілуде. Сол сияқты, 2015-2016 жылдары жергілікті бюджеттен бөлінетін қаржы есебінен ауыл шаруашылығы мақсатындағы босалқы жерлерге түгендеу жүргізу қарастырылған. Биыл бұл жұмыстар Жуалы, Мойынқұм, Сарысу, Шу аудандарында жүргізілуде. Келесі жылы қалған аудандар қамтылатын болады. Тараз қаласының болашақта дамуын қамтамасыз ету, инженерлік және көлік инфрақұрылымын, сондай-ақ, азық-түлік белдеуін қалыптастыру мақсатында қаламаңы аймағы белгіленіп, оған енген жерлерді пайдалану тәртібі Үкіметтің қаулысымен бекітілді. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің толыққанды игерілуіне Салық кодексіне енгізілген өзгерістер де оң нәтиже береді деп күтілуде. Қазіргі уақытта барлық аудандар бойынша жер салығы­ның мөлшерлемелерін жоғарылату туралы өкілетті органның шешімдері қабылданып, әділет департаментінде мемлекеттік тіркеуден өтті. Елбасы өз Жолдауында Қазақстан – ұшқан құстың қанаты талатын ұлан-ғайыр аумақтың иесі екендігін атап өтті. Сондықтан, жер ресурстарын тиімді пайдалану – басты стратегиялық бағыттардың бірі болып табылатындығын ескеруіміз керек.

Ұқсас жаңалықтар