«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Аймақта ауқымды жұмыстар атқарылды

Аймақта ауқымды жұмыстар атқарылды
ашық дереккөз
Аймақта ауқымды жұмыстар атқарылды

Аграрлы аймақтардың бірі –Жамбыл өңірінің әлеуеті жыл өткен сайын артып келеді. Бұл туралы Астана қаласындағы орталық коммуникациялар қызметінде дәстүрге сай өткізілген брифингте облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев баяндады. Өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму барысын республикалық БАҚ өкілдеріне кеңінен әңгімелеген аймақ басшысы әр саладағы қол жеткізген жетістіктерге тоқталды.

Құрметті журналистер! Өздеріңізбен бір жыл бұрын жүздескен болатынбыз. Бүгін де сіздермен кездесудің сәті түсіп тұр. Жамбыл облысы Елбасы белгілеп берген Стратегиялық міндеттерді, «Нұрлы жол» бағдарламасын орындауда экономикалық өсу қарқынына қол жеткізіп отыр. Жалпы өңірлік өнім бірінші жартыжылдықта 453 миллиард теңгені құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 0,9 пайызға өсіп отыр. Жыл соңына болжам 101,6 пайыз болмақ. 11 айдың қорытындысы бойынша өнеркәсіпте 242,6 миллиард теңгенің өнімі өндірілді. Ауыл шаруашылығының өнім көлемі 161 миллиард теңге болды, немесе 104,7 пайыз. Тұрғын үйлер құрылысы 21,3 пайызға артты. Негізгі капиталға салынған инвестиция 10 пайызға артып, 197,4 миллиард теңгені құрады. Инфляция деңгейі республикалық орташа көрсеткіш деңгейінде қалыптасты (112,7%). Жергілікті бюджетке түсім 36,0 миллиард теңгені, 108 пайызды құрады. 4 Без-имени-1Алайда, кейбір көрсеткіштер бойынша төмендеу бар. Кен өндіру өнеркәсібі және карьерлерді қазуда – 20 пайызға, өңдеу өнеркәсібінде – 12 пайызға. Басты себеп химия өнімдеріне әлемдік нарықтағы сұраныстың төмендеуі болып отыр (негізгі тұтынушылар – Украина, Ресейдегі дағдарысқа байланысты). Қадірменді қауым! Өздеріңіз білесіздер, Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында әлемдік экономикалық ахуал талабына сай әрекет етудің жолдарын көрсетті. Еліміздің үдемелі және сенімді дамуын қамтамасыз етудің міндеттерін айқындап берді. Жолдауда көрсетілген 5 негізгі басымдық шеңберінде жаңа құрылымдық экономиканы қалыптастыру үшін облыста барлық мүмкіншіліктер бар. Бүгінгі күні нақты шаралар белгіленді. Қазіргі қалыптасқан күрделі экономикалық ахуалға қарамастан, өңіріміз жылды табысты аяқтап отыр. Көптеген салаларда серпінді даму байқалады. Біз Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Жолдаудағы тапсырмаларына сай кәсіпкерлікті қолдауда инвестициялар тарту және ішкі резервтер бойынша қолдау көрсетуді жалғастыра беретін боламыз. Облыста шетелдік инвесторларды тарту арқылы (Қытай Халық Республикасы, Жапония, Нидерланды тағы басқа елдер) жалпы құны 3,2 миллиард долларды құрайтын 15 меморандум мен келісімдер жасалды. Энергетика, химия, агроөнеркәсіп кешені, құрылыс индустриясы бойынша 26 инвестициялық жобаны жүзеге асыру бойынша келіссөздер жүргізілуде. Бүгінде жалпы құны 3,1 миллиард АҚШ долларын құрайтын 14 инвестициялық жоба іске қосылуға дайын. Соның бірі – құны 2,0 миллиард доллар болатын минералды тыңайтқыштар өндіретін, 2000 жаңа жұмыс орны ашылатын «Еурохим Тыңайтқыш» зауытының құрылысы. Екінші ірі жоба – Мемлекет басшысының тапсырмасымен қолға алынған, «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорының қолдауымен жүзеге асырылатын «Тараз химиялық паркі». Қазірдің өзінде онда жалпы инвестиция көлемі 128 миллиард теңгеге жететін 5 инвестициялық жоба (каустикалық сода мен хлор, үш хлорлы фосфор, глифосат, пестицидтерді, метанол өндірісі) жүзеге асырылуда. Онда 1000 жаңа жұмыс орны ашылады. Бүгінде экономикалық аймақтың ішкі инфрақұрылымдық жүйесінің құрылысы аяқталуда. Сіздер химия өндірісі өңір экономикасының негізгі күші екенін білесіздер. Бір ғана «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі облыстағы өндіріс өнімдерінің 27 пайызын, республикадағы химия өнімдерінің 40 пайызын өндіреді. «Қазфосфат» «Индустрияландыру картасы» аясындағы және басқа да жаңа инвестициялық жобаларды жоспарлауда. «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша компания құны 7 миллиард теңгені құрайтын экстрациялық фосфор қышқылы жобасын жүзеге асыруда. Жақында Пекинде өткен іскерлік кеңесте Премьер-Министр Кәрім Мәсімов қытай компанияларымен Жамбыл және Павлодар өңірлерінде салынатын, құны 2,3 миллиард долларды құрайтын титан-магний кенін өндіретін тау-кен өндіру кешені және зауытының құрылысы бойынша 4 жақты меморандумға қол қойды. Құрылыстың алғашқы кезеңіне 900 миллион доллар инвестиция тартылмақшы. Осындай ірі жобалардың шеңберінде облыста жүздеген кәсіпкерлік нысандар жұмыс істейтін индустриялық аймақтардың құрылатынын айта кеткеніміз жөн. Жалпы, біз Қытай, Батыс Еуропа, АҚШ, Оңтүстік Корея, Біріккен Араб Әмірлігі және Түркияның, Ресейдің 150-ден астам әлеуетті инвесторына ұсыныс жібердік. Енді «Индустриялық-инновациялық даму» бағдарламасына келсек. Өңірде бағдарлама бойынша 60 жоба жүзеге асырылуы тиіс. Алғашқы бесжылдықта 123,3 миллиард теңгені құрайтын 33 жоба іске қосылды. Осы кәсіпорындар 143 миллиард теңгенің өнімін өндіріп, 5 мыңға жуық жаңа жұмыс орындары ашылды. Биылдың өзінде 30,4 миллиард теңгенің 6 жобасы іске қосылып, 435 жаңа жұмыс орны құрылды. Алдағы 5 жылда құны 551 миллиард теңгені құрайтын 21 жоба жүзеге асырылады. Соның арқасында 5 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылмақ. Жамбыл облысы «Жасыл экономика» бойынша көшбасшы өңірлердің бірі саналады. Бүгінде жаңартылмалы энергия көздерінен жалпы қуаты 78 МВт энергия өндіретін 8 жоба іске қосылған. Бұл жобалардың барлығы отандық және Ресей, Франция, Қытай, Нидерланды, Ұлыбритания елдерінен келген шетелдік инвесторлардың қатысуымен жүзеге асырылуда. Үш жылда жалпы қуаты 200 МВт энергия өндіретін станса салуды жоспарлап отырмыз. Бүгінгі таңда облыста 75 мың шағын және орта бизнес субъектісі бар. Экономикалық тұрғыда белсенді халықтың 23 пайызы осы салада жұмыс істейді. Бұл сала 119 миллиард теңгенің өнімін шығарды. Ағымдағы жылы «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында 155 кәсіпкердің жалпы құны 7,2 миллиард теңгені құрайтын жобалары қолдауға ие болды. Туризм – кәсіпкерлікті дамытуға серпін беретін сала. Облысымыздағы тарихи нысандар Ұлы Жібек жолындағы тарихи ескерткіштерді жаңғыртудың мемлекеттік бағдарламасына енгізілген. Ұлы Жібек жолының «Сайрам – Тараз – Ақшолақ – Ақыртөбе – Құлан – Меркі – Шу – Аспара – Қордай» бағытында өңірімізде көптеген тарихи-мәдени ескерткіштер орналасқан. Оның бесеуі 2014 жылдың тамызында ЮНЕСКО-ның тізіміне енгізілді. Биыл ашық аспан астындағы «Көне Тараз» археологиялық паркі және музейі ашылды. «ЭКСПО – 2017» көрмесі бағдарламасына осы нысандарды енгізе отырып, облысқа көбірек шетелдік туристерді тартуды жоспарлап отырмыз. Бұл өңірдегі кәсіпкерлікті дамытуға ерекше серпін береді. Туризмдi дамыту үшін алдымен инфрақұрылымды дамыту қажет. Бұл тұрғыда бiзде Тараз қаласындағы әуежайдың құрылысы толық аяқталды, магистральді темiр жол желiсi жұмыс iстеп тұр. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автожолының 495 шақырымының құрылысы аяқталды. Осы жолдың бойында жанар-жағармай құю стансалары мен қонақ үйлердi қамтитын 8 қызмет көрсету кешенiн салуды жоспарлап отырмыз. Жамбыл – аграрлы облыстардың бірі. Үстіміздегі жылы агроөнеркәсіп кешенін қолдауға барлық көздерден 7,8 миллиард теңге бөлінді. Ауыл шаруашылық бағытында жалпы көлемі 16,3 миллиард теңгені құрайтын инвестициялық жобалар жүзеге асырылды. Биылғы жыл – біздің дихандарымыз үшін жаман болған жоқ. Ауа райының қолайлы болуы егін шаруашылығының өнімдерін өсіруге, масақты дәнді дақыл­дардың түсімділігін өткен жылмен салыстырғанда екі есеге арттыруға мүмкіндік берді.

Әр гектардан орташа өнім 16 центнерден айналып, 386 мың тонна астық бастырылды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 89 пайызға артық (183 мың тонна).

Өңірде тамшылатып суару, суармалы жерлерді ұлғайту жұмыстары жүргізілуде. Мемлекеттік қолдаудың арқасында 7 шаруашылықта, атап айтқанда, «Шохай Жеміс», «Агро kz», «Совет», «Ниет» шаруа қожалықтары, «Алтын Алма», «Ақарал» кооперативтері және «Сады востока» серіктестігінде алғаш рет жалпы 143 гектарға үдемелі бақтар отырғызылды. Алдағы жылдары құны 14,8 миллиард теңгені құрайтын 4 кіші су қоймасын соғу, тамшылатып және жаңбырлатып суғару технологияларын 5,6 есеге ұлғайту (25,6 мың гектар жеткізу) жұмыстары қолға алынады. Бұл, өз кезегінде, өңірдегі су тапшылығын шешетін болады. Мал шаруашылығы өнімдері көлемінің артуы асыл тұқымды мал басын көбейту және бордақылау алаңдарын салу арқылы қамтамасыз етілді. Үстіміздегі жылы мүйізді ірі қара саны 1,1 пайызға артып, 317,9 мың басты құрады, қой – 1,7, жылқы – 2,1, түйе –3,4, шошқа 10,4 пайызға көбейді. Облыста «Сыбаға» бағдарламасы (3831 бас мүйізді ірі қара мал), «Алтын асық» (23 мың 323 бас қой), «Құлан» (2051 бас жылқы) табысты іске асырылуда. Малайзиялық және жаңазеландиялық кәсіпкерлермен бірге Меркі ауданында «Агростан» ЖШС бордақылау кешенінің құрылысын бастады, алдағы уақытта 3 мың басқа дейін мал әкелу жоспарлануда. Алдағы екі жылда 350 миллион АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартылмақ. Бұдан басқа, «Мойынқұм Агро» ЖШС 5 мың басқа бордақылау кешенін, 5 мың басқа арналған репродуктор құрылысын жүргізуде. Бүгіннің өзінде Ресейден 600 бас асыл тұқымды мүйізді ірі қара мал, 1200 жылқы әкелінді. Бұған 5 миллиард теңге инвестиция тартылды. «Ырыс» бағдарламасы бойынша облыста 12 сүт тауарлы фермасын құру жұмыстары жүргізілуде. Келер жылы Меркі ауданында сүт кластерін дамыту бойынша ірі жоба іске асырылмақ. Ол үшін 16 шаруашылық біріккен өндірістік кооперативі құрылуда. Осы шаруашылықтардың әрқайсында 200-ге дейін асыл тұқымды мүйізді ірі қара мал өсірілетін болады. Келесі бағыт – бұл Елбасы тапсырмасына сәйкес «Нұрлы жол» бағдарламасын орындау.Аталған бағдарлама аясында облысқа Ұлттық қордан 25 жобаға 4,3 миллиард теңге бөлініп, бүгінге оның 91 пайызы игерілді. Құрылыс саласында биыл 270 мың шаршы метр тұрғын үй немесе 712 пәтер пайдалануға берілді. Оның ішінде, 29,5 мың шаршы метр – кезекте тұрған азаматтарға және жас отбасыларға, 6,4 мың шаршы метр – несие тұрғын үй пайдалануға берілсе, 226,8 мың шаршы метр тұрғындар қаржысы есебінен соғылды. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты қайта жаңғырту мәселесін айтсақ: облыста 1574 көп пәтерлі тұрғын үйдің 194-і жөндеуден өтті, ол 31,8 пайызды құрайды. Газдандырудың аймақтық схемасы бойынша 377 елді мекеннің 150-і немесе 40 пайызы газдандырылған. Облыс тұрғындарының 65 пайызы «көгілдір отынмен» қамтамасыз етілген. «Ақбұлақ» бағдарламасымен 8 ауылдық елді мекен қамтылып, 1,8 миллиард теңге жұмсалды (республикалық бюджеттен – 1,5 миллиард теңге, жергілікті бюджеттен – 0,3 миллиард теңге). Бүгінгі күнге 6 нысан пайдалануға берілді, ал үшеуі – келесі жылға өтпелі. Ағымдағы жылы облыс қалаларында ауыз сумен қамту және су бұру жүйелерін дамыту бойынша 3,3 миллиард теңге бөлініп, 7 жоба іске асырылды. Нәтижесінде, ауыз сумен қамтылған ауыл тұрғындарының саны 77,2 пайызға жетті (504,9 мың адам). Осылайша, Елбасының 2020 жылға дейін ауыз сумен қамтамсыз ету көрсеткішін 80 пайызға жеткізу туралы тапсырмасы орындалуға жақын. Жергілікті автожолдарды жөндеу мен күтіп ұстау тұрақты назарда. Биыл оған бюджеттен 7,2 миллиард теңге бөлінді. 5 шақырым автожолға күрделі, 316 шақырым автожол орташа, 7 жасанды ғимарат орташа жөндеуден өтті. Бүгінгі күні жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы автожолдар үлесі 74 пайызға жетті (2010 жылы 54,6% болған). Облыста 495 шақырым «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автожолы құрылысы толығымен аяқталды. Бұл жолдың іске қосылғалы бері жүк айналымы 1,3 есеге артты (1023 мың.т.км). Әлеуметтік салаға тоқталсам: Халықтың әл-ауқатын жақсартудың негізгі жолы – жұмыспен қамту. Биылғы 11 айда 25 мыңға жуық адамға мемлекеттік қолдау көрсетілді. Оның ішінде, 17,4 мың адам немесе 70 пайызы тұрақты және уақытша жұмыспен қамтылды. «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасымен 6683 адам қамтылды. Аталған бағдарлама бойынша әлеуметтік сала және инженерлік инфрақұрылым нысандарын жөндеу бойынша 107 жоба іске асырылды. 312 жобаны іске асыруға 722,6 миллион теңге шағын несие берілді. Ағымдағы жылдың 3-тоқсанында жұмыссыздық деңгейі 4,9 пайызды құрады (2014 жылдың 3 тоқсанында – 4,9%). 15-28 жас арасындағы жұмыссыздық деңгейі 6,9 пайыздан 4,1 пайызға төмендеді. Кедейшілік деңгейінен төмен тұрып жатқан халық саны 4034 адамды құрап, өткен жылдан 34,4 пайызға қысқарды. Білім беру және денсаулық сақтау желілерін дамыту бойынша үлкен жұмыс жүргізілуде. Тозығы жеткен және үш ауысымды мектептердің мәселесін шешу үшін ағымдағы жылы 9 мектеп пайдалануға берілді, 6 мектептің құрылысы жүргізілуде. Мектепке дейінгі тәрбиемен қамтудың үлесін арттыру бағытында 9 балабақша құрылысы аяқталды, 4 балабақша құрылысы жалғасуда. Бүгінде балабақшамен қамтылғандар үлесі 75,0 пайызды құрап, өткен жылғы мерзімнен 4,3 пайызға жоғары болды. Облыста 37 жекеменшік мектепке дейінгі білім беру мекемесі жұмыс істейді. Алдағы жылы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде 11 балабақша ашу жоспарлануда. Денсаулықты дамытуға қатысты «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының басты көрсеткіштері бойынша ана өлімін 79 пайызға төмендетуге қол жеткізілді (2015 жылдың 11 айында 4,1, 2014 жылдың 10 айында – 19,7). Жалпы өлім деңгейі 3,9 пайызға төмендеді. Облыста 3 денсаулық сақтау нысаны пайдалануға берілді (перинаталдық орталық, туберкулезге қарсы аурухана және бастапқы медициналық-санитарлық көмек пункті). 300 орындық қалалық көп салалы аурухана құрылысы аяқталуда, келер жылы 2 емхана іске қосылатын болады. Құрметті журналистер! Мен жыл ішінде атқарылған негізгі жұмыстарды қысқаша баяндадым. Елбасының Жолдаудағы тапсырмаларын, 5 институционалдық реформаны іске асырудың «100 нақты қадамы» – Ұлт жоспарын орындау үшін барлық шаралар қабылданатын болады. Назарларыңызға рахмет. Сұрақтарыңыз болса, жауап беруге дайынмын.

Облыс әкімінің аймақ экономикасының даму динамикасын толыққанды қамтыған баяндамасынан кейін кезек БАҚ өкілдеріне тиді. Өздерін қызықтырған, көкейлерінде жүрген сауалдарын тілшілер қауымы өңір басшысына кезекпен қоя бастады.

Алғашқы сұрақты еліміздің бас басылымы «Егемен Қазақстан» газетінің тілшісі қойды. Нұрбай Елмұратов, республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің тілшісі: – Қазіргі экономикалық дағдарыс жағдайында облыстың әлеуметтік-экономикалық ахуалын тұрақтандыру үшін негізінен қай салаларды дамытуға басымдық бермекшісіздер? – Сауалыңыз өте орынды. Менің көзқарасымда бірінші кезекте ауыл шаруашылығы саласына баса назар аударуымыз керек деп есептеймін. Өйткені, Жамбыл өңірі – аграрлы аймақ. Екіншіден, жаңа ғана баяндамамда сөз еткенімдей, химия саласының өрісін өркендетуге бейілміз. Айталық, «Еурохим», «Талас инвест компани», «Тараз химия паркі», «Қазфосфат» секілді өңір экономикасына серпін беретін серіктестіктер мен компаниялардың жақсылап жұмыс істеуіне сеп болсақ, одан ұтылмаймыз. Таяуда ғана Пекинге барып, тиісті келіссөздерге қол қойып келдік. Осы шараларды жүзеге асыру арқылы индустриялық аймақты ашатын болсақ, жүздеген шағын кәсіпкерлік субъектілеріне жағдай жасалып, жұмыс орындарын ашамыз деп отырмыз, – деп жауап берді бас газеттің тілшісі қойған сауалға Кәрім Нәсбекұлы. Бұдан кейінгі сауал кезегі «Қазақ» радиосының тілшісіне тиді. Азамат Жомартұлы, «Қазақ» радиосының тілшісі: – Қазіргі кезде орын алып отырған дағдарысқа байланысты көптеген өңірлерде жұмысшыларды қысқарту байқалып отыр. Сіздер бұл мәселенің түйінін қалай тарқатып жатырсыздар? – Орынды сауал қойдыңыз, рахмет! Әлбетте, жұмыссыздықтың алдын алу, қызметкерлерді жұмыстан қысқартпау біздің басты назарымызда болады. Бұл бағытта едәуір жұмыс атқарылды. Нақтылап айтсам, жыл басынан бері біз 497 меморандумға қол қойып, өңірдегі іргелі өндіріс, өнеркәсіп орындарымен бірлесе отырып ортақ шешімге келудің арқасында қазіргі таңда бірде-бір жұмыс орны қысқартылған жоқ. Тек қана Тараз металлургия зауыты өз қызметкерлерін ішінара ақысыз демалысқа жіберді. Алайда, әзірге қандай да бір жұмыс орны қысқарды деуге ешқандай негіз жоқ деп айта аламын. Мешін жылында да біз осындай келіссөздер жүргізіп, меморандумдар жасап, ортақ келісімге келу арқылы дағдарыс жылдарын да оңай еңсереміз деген ойдамын, – деп өз ойын қорытты Кәрім Көкірекбаев. Сондай-ақ, облыс әкімі өңірдегі атқарылып жатқан өзге де игі істерді сөз етіп, аймақта әр деңгейдегі жолдарға жөндеу жұмыстарын жүргізуге қазынадан жыл сайын 7 миллиардқа жуық қаржы қарастырылып келе жатқанын, бұл мәселе алдағы уақытта да жалғасатынын айтып өтті. Сонымен қатар, өңірде жиі орын алып жатқан жол-көлік оқиғасына қатысты өңір басшысы өз ойын білдіре келіп, бүгінгі күні аймақта көлік санының екі жарым есеге артқанына тоқталды. Алдағы уақытта бұл өзекті мәселемен күрес қарқынды түрде жүретінін сөз етті. Облыстың экономикалық тұрғыдан дамуы да журналистерді бейжай қалдырмады. Жанар Сердалина, «Bestnews» республикалық ақпарат агенттігінің өкілі: – Өз баяндамаңызда өңірге инвестиция тарту мәселесінде облыста жұмыстар белсенді түрде жүргізіліп жатқанын айттыңыз. Сөзіңізден бұл ретте шетелдік компаниялардың үлес салмағы басым екенін бағамдадық. Дегенмен, отандық инвесторлардың бесенділігі қандай, сол туралы айтып өтсеңіз. Одан бөлек, Қытай және өзге мемлекеттермен меморандумдарға қол қойылғаны туралы тіліңізге тиек еттіңіз, енді бізді сол жобалармен нақты таныстыра аласыз ба, шетелдік инвесторлар сіз басқаратын өңірде қандай жобамен айналыспақшы? – Отандық жобалар баршылық. Мәселен, «Мойынқұм Агро» компаниясы – өз еліміздің өкілдері. Бүгінгі таңда олар бес мың мүйізді ірі қараны Ресейден әкеліп жерсіндірмек. Бұл – бір, екіншісі, Таразда таяуда ғана радиатор зауыты ашылды. Бұлар отандық өнімді арттыра түспек, одан бөлек, бізде полиэтиленді де өндіретін, қажетке жарататын мүмкіндігіміз бар екені мәлім. Ал Пекиндегі сапар туралы айтар болсам, Қытай елінің астанасында біз жобалық құны 2,3 миллиард долларды құрайтын төрт жақты меморандумға қол қойдық. Соның аясында Қордай ауданында титан-магний зауыты бой көтеріп одан бөлек, «Еурохим Тыңайтқыш» ЖШС, «Тараз химиялық паркінде» де қытайлық инвесторлардың үлесі бар. Бұған қоса, малайзиялық инвестор компания ауыл шаруашылығын қолдау, мүйізді ірі қараның санын арттыру үшін 350 миллион доллар шамасында инвестиция құйып отыр, – деді өңірге тартылған инвестиция туралы сөз қозғаған облыс басшысы. Ақпарат агенттігінен кейінгі кезек «Қазақстан» ұлттық арнасына тиді. Ғабит Бөкенбай, «Қазақстан» ұлттық арнасының редакторы: – Өткен жылы Жамбыл облысы өндіріс, өнеркәсіп салалары бойынша жылдық көрсеткішті бірінші орында аяқтаған болатын. Алайда, ағымдағы жылдың алғашқы он айында сол көрсеткіш он пайызға кері кетіп отыр. Оның себебі неде, әкімдік бұл мәселеге қатысты қандай шара қолданбақшы? – Дұрыс айтасыз, жылқы жылы өндіріс, өнеркәсіп салалары бойынша біздің облыс 105,7 пайыздық көрсеткішпен республика бойынша бірінші орынға шыққан болатын. Ағымдағы жылы аталған көрсеткіштің он пайызға төмендеп кетуінің себебі – өңірдегі ең тегеурінді кәсіпорын – «Қазфосфат» ЖШС-ның өндіріп отырған фосфоры ғаламда орын алып жатқан дағдарысқа байланысты төмендеп кетті. Көрсеткіштің құлдырауының жалқы себебі – осы. «Жамбыл цемент» және өзге зауыттар мен серіктестіктер өздеріне тиесілі өнім көлемін жүз пайыздан артық орындауда. Шынын айту керек, Жамбыл облысының экономикасы үшін «Қазфосфат» ЖШС өндіретін фосфордың салмағы зор. Әкімдік бұл мәселеге келгенде қол қусырып отырған жоқ. Осындай өңір экономикасының локомотиві саналатын Тараз металлургиялық зауыты мен «Қазфосфатқа», «Талас инвест компаниге» Үкімет арқылы электр тарифін жеңілдетіп беріп отырмыз. Одан бөлек, «Қазақстан темір жолы» арқылы жүк тасымалдау пойызына он пайызға дейін төмендетілген тариф қойылды. Біз осы мәселелерге барынша қолдау білдіріп, Үкіметке шығып, қолдан келген көмекті аяп жатқанымыз жоқ, – деген Кәрім Нәсбекұлы бұл шараның әрмен қарай да жалғасын табатынына тоқталды. Евгений Федотов, «Казинформ» агенттігінің тілшісі: – Тамыз айында Қырғыз Республикасы Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болғаны мәлім. Нәтижесінде шекара ашылғаны аян. Осының салдарынан арзан тауарлар еркін айналымға жөнелтілуде. Бұл облыс экономикасына қаншалықты әсер етуде, жергілікті тауар өндірушілер дәстүрлі арзан тауарлары бар қырғыз ағайындармен бәсекелесе ала ма? – Иә, дұрыс мәселе көтеріп отырсыз. Қырғыз Республикасы Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болып енгелі қос ел арасындағы шекарада кеден саласының мамандарынан гөрі шекарашылар қызметінің құрамы жүр. Дегенмен, бірден айта кетейін, біз бұдан ұтпасақ, ұтылып жатқанымыз жоқ. Қайта қазір республикалық бюжеттік түсімдерден гөрі облыстық бюджеттік түсімдер кәдімгідей арта түсті. Жергілікті тауар өндірушілерге қаймығатын дәнеңе жоқ. Шаруа қожалық иелері жаңа дәуір талабына сай жаңа технологияны мықтап меңгеру үстінде. Соның жемісін біздің облыс та көріп отыр. Айталық, тамшылатып суару технологиясының тиімді екенін ауыл шаруашылық саласында жүрген азаматтар жете түсінді. Соның арқасында бұл технологияны меркілік, қордайлық, шулық, жуалылық, сарысулық, байзақтық ауыл шаруашылық мамандары баршаға түсіндіріп, тиімділігін түсіндіріп таратуда. Ең бастысы жұмыс нәтижелі жүргізілуде. Осы жылдың өзінде сол технологияның арқасында Ресейдің өзіне біз 1334 тонна пияз жөнелттік. Бұл жағынан келгенде, бізге өзіміздің азық-түлігіміз молынан жететінін, Қырғыз еліне шабылудың қажеті жоқ екенін ашық айта аламын, – деген облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев бар саланың қалыпты ырғақпен алдағы уақытта да дами беретінін сөз етті. Бек Төлеуов, «БАҚ.KZ» ақпараттық порталының тілшісі: – Көптеген мемлекеттен қаржыландырылатын кәсіпорындар жекеменшікке өткені аян. Олардың қатарында «Тараз» футбол клубы да бар ма? «Тараз» футбол клубының келер маусымда алдыға қоятын мақсаты қандай? Біздің білетініміз – бас бапкері қызметінен кеткені ғана. – «Тараз» футбол клубы туралы айтатын болсам, оныңыз рас, команданың тізгінін ұстаған Евгений Яровенко қызметінен кетті. Біз олармен келісімшартқа қол қойғанда, көзделген мақсат болған. Алайда, бапкер өзі уәде еткен орыннан «Таразды» көрсете алмады. Нәтижесінде «Тараз» футбол клубы бар болғаны тоғызыншы орыннан көрінді. Біз мынадай қиын-қыстау кезеңде бюджет қаржысын үнемдеп, легионерлерге көп қызығушылық танытып отырған жоқпыз. Қазіргі кезде арнайы қаржы қарастырылып, аудандардан талантты жас футболшылар тартылып, бүгінде он төрт өрен арнайы клубта футболмен шұғылданып жатыр. Біз шетелдің футболшысын алып келеміз, ол кәдімгі жанып тұрған жарық секілді. Жанды, өшті. Бір сөзбен айтқанда, ойнады, жалақысын алды, кетті. Футбол клубының ертеңгі болашағы қандай, оған бәрібір. Ал біз өзімізің өлкеміздегі жастарды кәсіпқой футболшы болуға баулысақ, нұр үстіне нұр. Бразилияда жүрген үш өрен кейін елге келеді. Қызмет етеді. Бұдан ұтпасақ, ұтылмаймыз, – деп өз ойын білдірді өңір басшысы. Брифинг барысында өңірге қатысты сан алуан сұрақтар қойылып, оларға облыс әкімі тарапынан тиісті жауаптар қайтарылды. Сонымен қатар, брифингте ғаламтор арқылы жолданған сұрақтар Кәрім Нәсбекұлына тапсырылды. Өз кезегінде облыс әкімі ол сұрақтардың бәрі зерделеуден өтіп, нақты жауаптар болатынына сенім білдірді.

Ұқсас жаңалықтар