Ерке Шуды тел емген екі елдің қарым-қатынасы көршіден гөрі туыстыққа жақын. «Төскейде малы, төсекте басы қосылған» қазақ-қырғыздың тілі де, түрі де, салты да ұқсас. Бүгінде тәуелсіз ел атанып, дербес шаңырақ көтеріп, араға шекара сымы тартылғанымен, байланыс үзіліп қалған жоқ.
Қырғыз елі Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болғалы екі ел арасындағы қарым-қатынас бұдан әрі нығая түсуде. Одақ аясында алыс-берісі артқан қазақ-қырғыздың барыс-келісін сауда-саттықтан бөлек, рухани тұрғыда нығайта түсу де маңызды. Осыны ескерген Қазақстан халқы Ассамблеясының облыстық хатшылығы Қордай ауданында шекаралас Қырғыз Республикасымен аймақтық қарым-қатынасты дамыту мақсатында «Достықта жоқ шекара» фестивалін өткізді. Оған өңіріміздегі этномәдени бірлестіктерінің мүшелері, Қордай, Шу, Меркі, Т. Рысқұлов аудандарының көркемөнерпаздары қатысты. Шудың арғы бетінен Қырғыз халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Бахтияржан Фаттахов бастап келген қырғызстандық қонақтарды «Қордай» шекара бекетінде Қазақстан халқы Ассамблеясы облыстық хатшылығының меңгерушісі Лариса Лысова, Қордай ауданы әкімінің орынбасары Бейқұт Жаманкөзов, ауданның Құрметті азаматтары мен жастар тобы салтанатпен қарсы алды. Облыстық «Ақ желкен» жастар лигасы мен Қырғыз халқы Ассамблеясы жастары көшбасшыларынан тұратын топ Балжан Бөлтірікова атындағы мектептің жоғары сынып оқушыларымен кездесу өткізіп, ұлттық мемлекеттікті сәйкестендіруді нығайтудағы және патриоттық рухты дамытудағы жастардың рөлін талқылады. Ал «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының ғимаратында екі елдің ғалымдары және этномәдени бірлестіктер басшыларының қатысуымен «Қазақстан халқы Ассамблеясы: Тарих. Тәжірибе. Даму перспективалары» тақырыбында Ассамблея жанындағы ғылыми-сараптама тобының кеңейтілген отырысы өтті. Аудандық кітапхананың оқырмандар залында өткен кездесуде Қырғыз еліндегі қазақтардың түйткілді мәселелері сөз болды. Олардың айтуынша, бұл елде бірде-бір қазақ мектебінің, балабақшаның жоқтығынан және қазақша газет шықпайтындығынан қазақ диаспорасының жас ұрпақты ана тілінде оқытып, ұлттық негізде тәрбиелеуде қиындықтар туындап отыр екен. Сондай-ақ, шекара түскелі оның екі жағында дауыс жетер жердегі бұрыннан аралас-құралас елді мекендер тұрғындарының бір-бірімен қатынасу үшін жүздеген шақырымды айналып жүретіні, соған қарамастан, Қырғыз еліндегі қазақ бауырларымыз бір-бірінен қарым-қатынасын үзбегені, тойларда, мәдени басқосуларда жастардың ұлттық салт-дәстүрлерімізді үйреніп жатқаны айтылды. «Сол үшін бізге Қазақстанмен экономикалық және мәдени байланыстардың барынша дами түскені маңызды. Біздің тілегіміз – осы. Бүгінгі фестиваль сол сұраныстың орнын толтырып отыр», – дейді «Қырғызстандағы қазақтар қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің өкілі Тлеухор Бошумова. Өтеген батыр атындағы аудандық Мәдениет үйінде этномәдени орталықтарының көрмесіне Қазақстанды мекен еткен әр ұлттың қолөнер бұйымдары қойылды. Ал мерекелік концертте әр тілде әндер шырқалып, билер биленді. Облыстық филармонияның жезтаңдай әншісі Маралбек Бабақұлов қонақтардың құрметіне қырғыздың «Сағынам» әнін шырқап берсе, қырғыздың төкме ақыны Амантай Құтманалиев екі елдің достығын жырға қосты. Сондай-ақ, Қырғыз Республикасының еңбек сіңірген әртісі, қомузшы Анара Есенкулова, жамбылдық ұйғыр этномәдени орталығының бишілері, әзірбайжан-түрік вокалдық ансамблі, облыстық филармонияның домбырашылары, қордайлық «Соседушки», «Чунтьян» ансамбльдері мен «Дарын» тобы өнер көрсетті.
Құрманбек Әлімжан, «Ақ жол».
Қордай ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- 21 қараша, 2024
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді