«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жолдау: жаңа белестер бастауы

Жолдау: жаңа белестер бастауы
ашық дереккөз
Жолдау: жаңа белестер бастауы

Уақыт  талабына  сай  бағдарлама

Президенттің кезекті Жолдауында мемлекетімізді дамытудың барлық бағыттары айқындалып, маңызды міндеттер белгіленді. Жолдау жарыққа шыққалы бері халықтың оны жылы қабылдап, толықтай қолдайтындығы айқын аңғарылып отыр. Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында негізінен экономикалық мәселелерге баса назар аударуы – Көшбасшымыздың көрегенділігін көрсетеді. Себебі, дәл қазіргі таңда әлемдік саясат пен экономикада орын алып отырған жағдайлар біздің елімізді де сырт айналып өтпесі анық. Мұндай жағдайда Қазақстан экономикасы қай бағытта дамуы қажет? Бұған дейін де талай сыннан сүрінбей өткен қазақ елінің ендігі ұстанар бағыты мен жүрер жолы Елбасының «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Жолдауында жан-жақты көрсетілді. Президент әрқашанда кәсіпкерлік саласының кең қанат жаюына баса назар аударып келеді. Кәсіпкерлерге деген үміті мен сенімі де орасан. Ал еліміздегі кәсіпкерлікті дамыту бағытында жұмыс істеп жатқан бірден-бір ұйым – кәсіпкерлер палатасы. Облысымызда кәсіпкерлер палатасының құрылып жұмыс істеп жатқанына да екі жылдың жүзі болды. Қысқа мерзімде өңірлік палатаның құрылымы қалыптасып, бірқатар жұмыс атқарылды. Ең алдымен, кәсіпкерлер палатасында құрамына облысымызға танымал 25 кәсіпкер кіретін өңірлік кеңес құрылғанын айта кетуіміз керек. Бүгінде облысымыздағы жалпы бизнес субъектілерінің саны 75453-ті құрайды. Оның 99,3 пайызы – шағын, 0,5 пайызы – орта, 0,1 пайызы – ірі бизнес субъектілері. Есепті мерзімде осы облыс кәсіпкерлерінен палатаға 4925 өтініш түсті. Оның 240-ы кәсіпкерлер құқын қорғауға қатысты болса, 4553-і – экономикалық, 132-сі әлеуметтік мәселелер бойынша. Ал бұл өтініштердің 4733-і – шағын, 180-і – орта, 12-і ірі бизнес субъектілеріне тиесілі. Яғни, кәсіпкерлер палатасының көмегіне көбіне шағын бизнес өкілдері жүгінген. Палата қызметін пайдаланушылардың 62 пайызы облыс орталығынан болса, 38 пайызы – аудандағы кәсіпкерлер. Палата қызметінің негізгі басым бағыттарының бірі – кәсіпкерлер құқын қорғау. Бұл бағыттағы келіп түскен арыз-шағымдардың 80 пайызы – шағын, ал 20 пайызы орта бизнеске тиесілі. Өздеріңіз көріп отырғандай, ірі кәсіпкерлік субъектілері өздерінде білікті заңгерлер мен бухгалтерлерді ұстауға мүмкіндіктері болғандықтан, кәсіпкерлер құқын қорғау мәселесі бойынша палата көмегіне жүгіне бермейді. Яғни, қаржы-экономикалық жағдайы қалыптасқан ірі бизнес өз проблемасын өзі шешуге қауқарлы. Құқықтық мәселелер бойынша палатаға келіп түскен 240 арыз-шағымның 59-ы кәсіпкерлер құқын қорғау жүйесі бойынша болса, оның 28-і оңтайлы шешімін тапты. Келіп түскен арыз-шағымдардың 48 пайызы – жер мәселесіне, 21 пайызы – салық, 18 пайызы – мемлекеттік сатып алулар ал 19 пайызы басқа да салаларға қатысты. Кәсіпкерлік көкжиегінің кеңейе түсуіне әкімшілік кедергілер де көп әсерін тигізеді. Бұл тұрғыда кәсіпкерлер палатасы облысымызда шағын және орта бизнестің дамуына тежеу болып отырған 27 әкімшілік кедергіні анықтады. Оның ішінде республика деңгейіндегі 24 әкімшілік кедергінің 3-еуі жойылып, 21-і «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының қарауына жіберілді. Ал жергілікті деңгейдегі 3 әкімшілік кедергінің біреуі жойылды. 75 пайызы шағын, ал 25 пайызы орта кәсіпкерліктің дамуына тежеу болып отырған әкімшілік кедергілер табиғи монополия, тариф, сатып алулар, жер қатынастары, медицина және фармацевтикалық өндіріс, салық төлемдері, рұқсаттама рәсімі, ауыл шаруашылығы, сәулет және құрылыс, кедендік реттеу, сауда қызметі, көлік, логистика және байланыс салаларында орын алған. Кәсіпкерлік субъектілерінің мүддесіне қатысты заңнамалық немесе нормативтік-құқықтық актілер қабылданар кезде оған сараптамалық қорытынды беру – кәсіпкерлер палатасының бір міндеті. Есепті мерзімде 174 нормативтік-құқықтық акті жобасы қаралып, оның 147-сі бойынша сараптамалық қорытынды берілсе, 27-сі толықтыруларды қажет ететіндіктен кері қайтарылды. Бүгінде кәсіпкерлер палатасы «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында іс жүзіндегі бизнеске бағытталған сервистік қолдау көрсету жұмыстарын жүзеге асыруда. Яғни, кәсіпкерлер палатасы мемлекеттік бағдарлама аясында қаржылық және бухгалтерлік, кедендік және сыртқы экономикалық қызмет, менеджмент жүйелерін енгізу, заңгерлік кеңестер беру, маркетинг, IT-технологиялар, мемлекеттік сатып алулар, менеджментті жүргізу бойынша тегін қызметтер көрсетуде. Жоспар бойынша 1508 кәсіпкерге сервистік қызмет көрсету қажет болса, бүгінге дейін 1938 кәсіпкер осы қызметті пайдаланды. Бұл жоспарланған меженің 94 пайызын құрап отыр. Бұл бағыттағы жұмыстар жыл аяғына дейін жүргізілетін болғандықтан, алға қойылған міндеттер өз деңгейінде орындалатын болады. Жыл басында облысымыздың барлық ауданында кәсіпкерлікті қолдау орталықтары ашылған болатын. Есепті мерзімде осы орталықтарға 4036 адам келіп, оларға 14603 кеңес беру қызметтері көрсетілген. Оның ішінде 304 жоба орталық менеджерлерінің сүйемелдеуіне алынып, нақтылы кезеңде 162-сі мақұлданды. 71 кәсіпкерге тегін бизнес-жоба жазып берілді. Облыста кәсіпкерлік қызметпен айналысуға ниет білдірген 1000 адам бизнесті бастау мен жүргізу, табысты тірліктің тетігін табуға баулитын «Бизнес-кеңесші», «Жобалық оқыту», «Бизнес-өсу» оқу-курстарынан өтіп, кәсіпкерліктің қыр-сырын үйренді. Кәсіпкерлер палатасы есепті мерзімде Өңірдің даму картасын жасауды қолға алды. Өңірлік карта – аймақтың ресурстық және экономикалық мүмкіндіктерін, кәсіпкерлікті дамытудағы кедергілерін, бәсекелестік қабілетін көрсететін өңір әлеуетінің сипаттамасы болып табылады. Өңірдің даму картасын жасау арқылы облыстағы кәсіпкерліктің ағымдағы ахуалын бағалау, кәсіпкерлік ортаға сыртқы және ішкі факторлардың тиімділігін, кәсіпкерлікті дамытуға тежеу болып отырған негізгі кедергілерді және өңірдің бәсекеге қабілетті салаларын анықтау, кәсіпкерлік субъектілерін түгендеу және кәсіпкерлер тізілімін жасау мүмкін болмақ. Палата облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін беретін жобаларды сүйемелдеу ісінде де сүбелі жұмыстар атқаруда. Нақтылы кезеңде жалпы сомасы 41,7 миллиард теңгені құрайтын 103 жоба палатаның сүйемелдеуіне алынған. Ауыл шаруашылығы саласын және әйелдер кәсіпкерлігін қаржыландыру ісі бүгінде өте өзекті болып отырғаны жасырын емес. Бұл істің шешімін табу үшін палата жанынан келер жылы шағын қаржы ұйымы ашылып, жұмыс істейтін болады. Қаржылық ұйым жұмысы қаражатқа мұқтаж кәсіпкерлік нысандарын несиелендіру ісін жеңілдетеді деген сенімдеміз. Кәсіпкерлерге қолдау көрсетудің ең басты жолы қаржыландыру екендігі айтпаса да түсінікті. Отандық бизнесмендердің алдында тұрған басты проблема да осы қаражаттың қолжетімсіздігі болып отыр. Шағын және орта бизнес өкілдері үшін екінші деңгейлі банктерден несие алу немесе мемлекеттік бағдарламалар арқылы жеңілдетілген қаржы көздеріне қол жеткізу оңай шаруа емес. Себебі, көбіне олардың талабына шағын және орта бизнестің мүмкіндігі сай келе бермейді. Мұндай проблемаға, әсіресе, шалғай ауылдағы кәсіпкерлер жиі кездеседі. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында кәсіпкерлер палатасы облыстық әкімдікпен бірлесіп, шағын несие ұйымын ашуды жоспарлап отыр. Яғни, 250 миллион теңге кәсіпкерлер палатасының және 250 миллион теңге облыс әкімдігінің қаражаты негізінде жалпы қоры 500 миллион теңгені құрайтын ұйым негізінен шағын және орта бизнесті қаржыландыратын болады. Басымдықты негізінен ауыл шаруаларына беруді жоспарлап отырмыз. Алдын ала болжам бойынша бірлескен Шағын несие ұйымы арқылы жылына 4000 кәсіпкер жеңілдетілген несиеге қол жеткізеді деп көзделуде. Бұл Елбасы айтқан Жаңа инвестициялық саясаттың негіздерін жүзеге асыруға үлкен септігін тигізеді деп білемін. Мемлекет басшысы Жолдауында: «Мен 2017 жылдан бастап жаңа жоба – «Баршаға арналған тегін кәсіби-техникалық білім» бағдарламасы басталатынын жариялаймын. Үкіметке оны жасауға кірісуді тапсырамын», – деді. Бұл жоба кәсіпкерлік саласының дамуына тың серпін беретіні сөзсіз. Себебі, бүгінгі таңда өңірімізде кәсіптік-техникалық мамандарға деген тапшылық қатты сезілуде. Бүгінгі таңда облысымыздың кәсіптік-техникалық колледждерінде 27 701 оқушы білім алып жатса, оның 44 пайызы яғни, 12143-і мемлекеттік білім тапсырысы негізінде тегін білім алуда. Ендігі жерде облыс оқушылары Елбасы тапсырмасына сәйкес «Баршаға арналған тегін кәсіби-техникалық білім» бағдарламасы аясында тегін оқитын болады. Жұмысшы мамандар даярлау, кәсіптік-техникалық білімді жетілдіру, дуальдық оқу жүйесін енгізу де кәсіпкерлер палатасы атқаратын ауқымды жұмыстардың бір бағыты болғандықтан, Мемлекет басшысының қойып отырған бұл міндетін жүзеге асыруға біз де белсене ат салысатын боламыз.

Қарлығаш Аралбекова, облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры.

Ұқсас жаңалықтар