«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Бағасы арзан, сапасы жоғары

Бағасы арзан, сапасы жоғары
ашық дереккөз
Бағасы арзан, сапасы жоғары

Хантау цемент зауытының өнімін осылай бағалауға болады

Цемент – құрылысқа аса қажетті материалдардың бірі. Оны өндіруге негізінен әктас пен тақтатас қолданылады. Мойынқұм ауданының аумағында олардың орасан мол қоры шоғырланған әрі темір жол тартылған. Көзі ашық, көкірегі ояу азаматтар осы өңірде зауыт салу өнімнің өзіндік құнын төмендететіні туралы ұзақ уақыттан бері айтып келе жатқан болатын. Соның сәті еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін, екі мыңыншы жыл­дардың басында түсті. 2007 жылы Хантау темір жол стансасынан бес шақырым қашықтықтағы 30 гектар алқапта жылына 500 мың тонна цемент өнді­ретін ірі зауыттың құрылысы қолға алынды.

Жоба облысымыздың Индустрияландыру картасына енгізілген, құны – 8 миллиард теңге. Зауытта заманауи үлгідегі қытайлық цементті құрғақ әдіспен өндіретін құрал-жабдықтар орнатылды. «Жомарттың қолын жоқ байлайды» демекші, алғашқы инвестордың қаржылық әлеуетінің төмендігіне байланысты алып құрылыс ұзақ уақытқа созылып, тоқтап қалды. Облыс басшыларының араласуымен жобаны жүзеге асыруды 2013 жылы «Юг Цемент Строй» ЖШС жалғастырды. Жаңа инвестор бір жылдың ішінде орасан жұмыс атқарды. Осы мерзімде өндіріс орнына инфрақұрылым жүргізіліп, темір жол тұйығы және вахталық қалашық салынды. Бір мезгілде 6 мың тонна өнім сақтайтын қойма іске қосылды. Кәсіпорын өткен жылдың қараша айында іске кірісті. 

Олар көптеген қиындықтарға қарамастан үстіміздегі жылдың 9 айының қорытындысында 150 мың тонна бағасы қолжетімді, сапасы жоғары М400 және М500 маркалы портландцемент шығарды. Цемент өндіру үшін әктас, тақтатаспен қатар темір кені, гипс және шлак қолданылады. Хантау цемент зауыты темір кенін – Жәйремнен, гипс пен шлакты Тараздан жеткізеді. Жалпы, мұнда қазақстандық үлес 100 пайызды құрайды. Мұның өзі тауардың құны қолжетімді, өзіндік құны төмен болуына игі әсерін тигізуде. Зауытта өндірілетін әр тонна цементтің құны маркасына қарай 13,5-14,5 мың теңгені құрайды. Нарықта олардың бағасы 17-18 мың теңге. Өнім негізінен Астана, Алматы, Тараз қалалары мен облыс аумағына өткеріледі. Оған деген сұраныстың жоғары болуына байланысты тауардың қоймада үйіліп қалатын кездері сирек. Хантау цемент зауытында 302 маман вахталық әдіспен жұмыс істейді. Олардың 70 пайызы – жергілікті тұрғындар. Орташа жалақы – 80 мың теңге. Вахталық қалашықта жұмысшылардың өнімді жұмыс істеп, алаңсыз демалуына барлық жағдай жасалған. Әр бөлмеде теледидар, тоңазытқыш, кондиционер және душ бар. Күнделікті үш мезгіл ыстық тамақпен қамтамасыз етілген. – Зауыт өзінің толық қуатына үш жылдан кейін жетеді. Осы мерзімде құрал-жабдықтар толық сынақтан өткізіледі. Биыл жыл соңына дейін 210 мың тонна цемент өндіріледі. Әлемдік қаржы дағдарысы бізді де айналып өтпейтіні белгілі. Сондықтан да өнім өткеретін нарықты кеңейте түсуге күш салудамыз. Бұл мақсатта тауар сапасын жақсарта түсу үшін әлі де елеулі шаралар қолға алынады. Қолда бар мүмкіндіктерді кеңінен пайдаланып, бірде-бір жұмысшыны қысқартпаудың жолдарын қарастырудамыз. Жұмыс ырғағын бәсеңдетпеу үшін жеке тұлғалармен де келісімшарт жасаудамыз, – дейді «Хантау цемент зауыты» ЖШС директоры Василий Заярный.

Ақылжан МАМЫТ, «Ақ жол».

Мойынқұм ауданы.

Ұқсас жаңалықтар