Автоматты жүйенің артықшылығы көп
Нұрмұхамед Рахмет, «Жамбыл электр жүйесі» ЖШС орталық қосалқы стансалар қызметінің басшысы. Еліміздің экономикасы қарыштап дамуына байланысты электр қуатына сұраныс уақыт өткен сайын артып келеді. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» Жолдауында «Қазақстан жаһандық энергетикалық қауіпсіздіктің басты элементтерінің бірі болып саналады» деп ерекше атап өтті. Елбасы жуырдағы Жолдауында еліміз экономикасының инновациялық әлеуетін арттыру және жасыл технологияларға негізделген жаңа энергетиканы белсенді дамытуға тапсырма берді. Бұл бағытта «Жамбыл электр жүйесі» ЖШС-да елеулі шаралар қолға алынып, жүзеге асырылуда. Кәсіпорын облыс аумағындағы тұтынушыларға электр қуатын жеткізеді және таратады. Электр жүйелері мен трансформаторлық қосалқы стансаларды пайдаланумен және жаңартумен шұғылданады. Кәсіпорын 12 аудандық электр тарату жүйесі, Тараз қалалық электр жүйесі және 8 орталық қызметті біріктіреді. Мекеме 146,445 мың шаршы шақырым аумаққа қызмет көрсетеді.
«Жамбыл электр жүйесі» қайта жарақтандыру жұмысын 2007 жылы бастап, жүйелі жүргізіп келеді. Серіктестіктің электр жүйесін дамытудағы 2015-2020 жылдарға арналған инвестициялық бағдарламасы бар. Мұның өзі облыстың электр қуатымен қамтамасыз етілуін арттыруда. Ескі құрал-жабдықтарды ауыстыруға, жаңартуға жыл сайын 600 миллион теңгеге жуық қаражат жұмсалуда. Сондай-ақ, республикада алғашқылардың бірі болып энергияны бақылау және есепке алудың автоматтық жүйесін енгізу электр энергиясы шығындарын едәуір азайтуға мүмкіндік беруде. Мұның өзі жоспардан тыс шығынның және қуат ұрлаудың жолын кесті. Бүгінде энергияны бақылау және есепке алудың автоматтық жүйесі облысымыздың аудандарына кеңінен енгізілуде. Облысымыздың тәжірибесі еліміздің басқа өңірлеріне таратылуда. Бұл бағыттағы жұмыс келешекте де жүйелі жалғастырылады.
Кәсіпорында үстіміздегі жылдың 11 айында ауыз толтырып айтарлықтай игілікті істер атқарылды. Биыл кернеу көрсеткіштері әртүрлі, ұзындығы 1814,5 шақырым электр желісі мен жалпы қуаты 108,5 мегаваттық 308 трансформаторлық қосалқы стансаларды – күрделі, 7628,85 шақырым электр жеткізу желілерін және жалпы қуаты 1569,2 мегаваттық 1264 трансформаторлық қосалқы стансаларды ағымдық жөндеуден өткізу жоспарланған болатын. Қазірге дейін күрделі жөндеу бойынша жоспар – 101, ағымдағы жөндеу 102 пайызға орындалды. Үстіміздегі жылға жөндеу жұмыстарына 173,3 миллион теңге қарастырылған болатын. Іс жүзінде осы мерзімде 413,2 миллион теңгенің жөндеу жұмысы жүргізілді. Серіктестік 2015-2016 жылдардағы күзгі-қысқы әзірлік жұмыстарын белгіленген мерзімде бітірді. Жоспарда көрсетілген әуе желілерінің фарфор оқшаулағыштары шыны оқшаулағыштарымен ауыстырылды.
Осы мерзімде Шу–Қияқты, Қызыларық–Ақтөбе электр желілерінде фарфорлық оқшаулағыштар шыны оқшаулағыштармен алмастырылды. Мойынқұм ауданында Берег-Жасұлан әуе желісіне қайта жарақтандыру жүргізіліп, 15,6 шақырым ағаш бағандар темір-бетонға ауыстырылды. Осы аумақта 75 баған жаңартылды. Электр қуаты шығынын азайту мақсатында Талас және Сарысу аудандарындағы Ақсай және Жаңатас қосалқы стансаларындағы жабдықтар жаңартылды. Тұрғындарды тұрақты электр қуатымен қамтамасыз ету үшін Т.Рысқұлов ауданында «Әбдезім» қосалқы стансасында АТ-2 220 кВ автотрансформатор орнатылды. Меркі ауданында екінші резервтік қуат көзін құру үшін қосалқы стансаға 110 киловольттық күшейткіш трансформатор қойылды. Жамбыл ауданында Аса ауылын электр қуатымен қамтамасыз етілетін 10 киловольттық әуе желісіне түсетін «салмақты» азайту үшін «Орынбасар» қосалқы стансасында 10 киловольттық әуе желісінің құрылысы аяқталды. Оның ұзындығы – 2,6 шақырым. Т.Рысқұлов ауданындағы «Әбдезім» және Сарысу ауданының электр тарату базасындағы өндірістік ғимараттар газға көшірілді.
Биыл жөндеу жұмыстарына қоса, «ЖЭЖ» серіктестігі жалпы құны 745 миллион теңгенің инвестициялық бағдарламасын жүзеге асыруды қолға алды. Осы мерзімде «Южная» қосалқы стансасында ескірген екі күшейткіш трансформатор жаңасымен алмастырылды. Таразда 6 трансформаторлық қосалқы стансаларды қайта жарақтандыру аяқталып келеді. Мекеме электр қуатының шығындарын азайтуға күш салуда. Үстіміздегі жылы энергияны бақылау және есепке алудың автоматтық жүйесі бойынша 14300 тұтынушыға көп қызметті есептегіштер орнатылады. Бұл жұмыс еңсеріліп келеді. Мойынқұм және Шу аудандарында темір-бетон бағандардың іргетасын нығайту жұмысы жүргізілді. Ақаулы бағандар мен оқшаулағыштарды ауыстыру тұрақты жалғасын табады.
Барлық бөлімшелерде апатты жағдай орын алғанда оларды шұғыл аттанатын бригадалар бар. Олар ауа райының аса қолайсыз кезінде ақауларды уақытпен санаспай жөндеп, іске қосады. Соның нәтижесінде кейінгі кезде тұтынушыларға электр қуатын жеткізуде үзіліске жол берілмеуде. Облыс орталығы шекарасының кеңеюі, жаңа алқаптардың игеріліп, әлеуметтік инфрақұрылым салынуы бізге жаңа міндеттер жүктеуде. Бүгінде Тараздағы Сабалақов көшесінің солтүстік жағында Автобекет пен Талас өзендерінің арасындағы және маңайындағы елді мекендерді тұрақты қуатпен жабдықтау үшін қосалқы стансалардың жобалары жасалуда.
Облысымыз табиғат көздерінен алынатын баламалы энергия өндіруде, яғни су, жел және күн стансаларының құрылысын жүргізуде республикада жақсы нәтижеге қол жеткізуде. Қордай асуында орналасқан жел қондырғылары қуатын арттырып келеді. Жуалы ауданындағы 50 мегаваттық күн электр стансасы іске қосылды. Осындай баламалы энергия өндіретін стансалар облысымыздың басқа аудандарында да салынатын болады. Мұның өзі көмір, газ және мазут сияқты ресурстарды үнемдеумен қатар, арзан әрі экологиялық таза қуат өндіруге мүмкіндік береді. Жоғарыдағы инвестициялық жобалар толық жүзеге асырылса, келешекте жамбылдықтарды жазда – 80, қыста 40 пайыз жел, су және электр стансаларынан алынған қуатпен қамтамасыз етуге болады.
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- 21 қараша, 2024
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді